Көлеңкеден күнгейге
Елімізде қабылданған жаңа Салық кодексі экономиканың құрылымын жаңғыртуға бағытталған ауқымды реформалардың бірі ретінде бағаланып отыр. Мемлекет басшысы атап өткендей, бұл өзгерістердің басты мақсаты – салық жүйесін әділ, түсінікті әрі тиімді ету, көлеңкелі экономиканы қысқарту және адал кәсіпкерлікті қолдау. Алайда кез келген реформа сияқты, оның өңірлерге, соның ішінде аграрлық бағыттағы Шиелі ауданына әсері де әрқилы болмақ.Жаңа жылдың алғашқы күнінен бастап күшіне енген Салық кодексі шағын және орта бизнеске қатысты жағдайды біраз өзгертті. Бұған дейін көптеген салықтан босатылып, есептіліктің жеңілдетілген тәртібімен жұмыс істеп келген кәсіпкерлер үшін «қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған» кезең аяқталды деуге болады. Өйткені олар енді қосымша құн салығы секілді бірнеше салық түрін төлеуге міндеттеліп, декларацияның жаңа формаларын тапсырады. Бұл кәсіпкерлікке түсетін салмақты арттыратыны сөзсіз.
Жаңа Салық кодексінде жеке табыс салығы, салықтық қарызды өндіру тәртібі, көлік және мүлік салығына қатысты бірқатар маңызды өзгерістер енгізілген. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Түркістан» газетіне берген сұхбатында бұл мәселеге арнайы тоқталды. Талқылау барысында Үкімет қосымша құн салығын 20 пайызға дейін көтеруді ұсынғанымен, Президент оның шекті мөлшерін төрт сатыға төмендетуді тапсырған. «Жаңа Салық кодексі бақылауды күшейтуді емес, мемлекет пен бизнес арасындағы серіктестікті көздейді. Бұл үдеріске қатысушылардың бәрі – мемлекет те, кәсіпкерлер де, азаматтар да – өз міндетін адал орындауға тиіс», – деді Мемлекет басшысы.
Осылайша ел үшін саяси және экономикалық реформалардың жаңа кезеңі басталды. Бұл жол оңай емес. Алайда тарих көрсеткендей, қиындықтан қашпай, шындыққа тура қараған қоғам ғана өседі. Қазақстан дәл осы жолды таңдады.
Аграрлы аудан үшін реформа не береді?
Шиелі ауданының экономикасы негізінен ауыл шаруашылығына, шағын кәсіпкерлікке және қызмет көрсету саласына тәуелді. Сондықтан жаңа салық саясатының ең алдымен шаруа қожалықтары мен ауылдағы шағын бизнеске ықпалы ерекше маңызды.
Шиелі ауданының экономикасы негізінен ауыл шаруашылығына, шағын кәсіпкерлікке және қызмет көрсету саласына тәуелді. Сондықтан жаңа салық саясатының ең алдымен шаруа қожалықтары мен ауылдағы шағын бизнеске ықпалы ерекше маңызды.
Салық режимдерінің ықшамдалуы мен есептіліктің жеңілдетілуі – ауыл кәсіпкерлері үшін оң қадам. Бұрын күрделі есеп-қисаптың салдарынан ресми тіркелмей, бейресми жұмыс істеуге мәжбүр болған ұсақ кәсіп иелері енді ашық еңбек етуге ынталанады деп күтілуде. Бұл аудан бюджетінің кірісін арттыруға да мүмкіндік береді. Дегенмен ауыл шаруашылығы табиғи құбылыстарға тәуелді сала болғандықтан, салық талаптарының өзгеруі біршама кедергі келтіруі мүмкін.
Сонымен қатар жаңа реформаның цифрландыруға басымдық беруі – бір жағынан уақытты үнемдесе, екінші жағынан цифрлық сауаттылық мәселесін алға шығарады. Ауылдық жерде интернет сапасы мен техникалық мүмкіндіктер әлі де өзекті екенін ескерсек, бұл бағытта қосымша түсіндіру және қолдау шаралары қажет. Әйтпесе, реформа күткен нәтижесін толық бере алмауы мүмкін.
Баға мен тұрмысқа ықпалы
Сарапшылар жаңа салық саясаты нарықтағы қымбатшылықты үдететінін айтады. Бұл әсіресе күнделікті тұтынатын тауарлар мен қызмет бағасына әсер етеді. Табыс деңгейі орташа саналатын Шиелі сияқты аудандарда бағаның кез келген өсуі тұрғындардың әлеуметтік жағдайына тікелей әсер етеді. Сондықтан жергілікті атқарушы органдардың міндеті – реформаның салдарын бақылап, әлеуметтік осал топтарды қорғау тетіктерін дер кезінде іске қосу.
Сарапшылар жаңа салық саясаты нарықтағы қымбатшылықты үдететінін айтады. Бұл әсіресе күнделікті тұтынатын тауарлар мен қызмет бағасына әсер етеді. Табыс деңгейі орташа саналатын Шиелі сияқты аудандарда бағаның кез келген өсуі тұрғындардың әлеуметтік жағдайына тікелей әсер етеді. Сондықтан жергілікті атқарушы органдардың міндеті – реформаның салдарын бақылап, әлеуметтік осал топтарды қорғау тетіктерін дер кезінде іске қосу.
Мүмкіндік пе, сынақ па?
Жаңа Салық кодексі жергілікті бюджеттердің кіріс базасын кеңейтуді де көздейді. Егер реформаның нәтижесінде кәсіпкерлік белсенділік артса, ауданның өз кірісі көбейіп, инфрақұрылым, жол, жарық, әлеуметтік нысандарға бөлінетін қаржы көлемі ұлғаймақ.
Жаңа Салық кодексі жергілікті бюджеттердің кіріс базасын кеңейтуді де көздейді. Егер реформаның нәтижесінде кәсіпкерлік белсенділік артса, ауданның өз кірісі көбейіп, инфрақұрылым, жол, жарық, әлеуметтік нысандарға бөлінетін қаржы көлемі ұлғаймақ.
Алайда басты мәселе – түскен қаражаттың тиімді әрі ашық жұмсалуы. Тұрғындар салықтың нақты қайда бағытталып жатқанын көргенде ғана жаңа жүйенің маңызын түсінеді. Дәл қазір қоғамда «реформа халықтың қалтасын қағуға бағытталған» деген пікірдің бар екенін жоққа шығара алмаймыз.
Жаңа салық кодексін енгізу туралы шешім екі жылдан аса уақыт бұрын қабылданып, бірнеше рет талқылаудан өткенімен, қарапайым халық үшін әлі де түсініксіз. Сондықтан жергілікті басқарушы органдар тарапынан түсіндіру жұмыстары қолға алынса деген ұсыныс бар. Мәселен «Халықтық бухгалтер» республикалық акциясы ауданда кең көлемде жүргізілсе, кәсіпкерлер бухгалтерлік есеп, салықтық есептілік, сондай-ақ ақпараттық жүйелермен жұмыс істеу бойынша мол мағлұмат алады. Әйтпесе қазір жаңа жүйені түсінбей басы қатқан бизнес иелері бірдеңені қате жасап қоямын ба деген оймен ақылы қызмет көрсетушілерге тәуелді болып отыр. Бүгінде есептілік тапсырып беретін жекеменшік «делдалдардың» айлық қызмет ақысы 150 мың теңгеден асып, ал оқыту вебинарлары мен түсіндірме материалдарының құны күрт өсуі – ойлантарлық жағдай.
Жалпы жаңа салық реформасы Шиелі ауданы үшін де, жалпы ел үшін де әрі мүмкіндік, әрі сынақ. Ол кәсіпкерлік мәдениетті қалыптастыруға, бюджет кірісін арттыруға жол ашпақ. Бірақ тиімді жүзеге асуы жергілікті деңгейдегі түсіндіру жұмыстарына, қолдау тетіктеріне және халықпен кері байланыстың сапасына тікелей байланысты.
Ең бастысы, реформа ауылдағы қарапайым шаруа мен кәсіпкердің өмірінде оң өзгеріс ретінде сезілуі тиіс. Сонда ғана көлеңкеден күнгейге бет алған қадам нәтижелі болмақ
Гүлхан ЯХИЯ







