Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ЕҢБЕККЕ ҚҰРМЕТТЕН ЦИФРЛЫҚ СЕРПІЛІСКЕ

ЕҢБЕККЕ ҚҰРМЕТТЕН ЦИФРЛЫҚ СЕРПІЛІСКЕ

Өткен жыл Қазақстанда «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп ­жарияланып, еңбекке, кәсіби шеберлікке ерекше назар аударылды. Елде мамандыққа құрмет көрсету, жастарды өндіріс пен қызмет саласына тарту, кәсіби оқытуды дамыту басты міндетке айналды. Бұл бастама әртүрлі салада, соның ішінде құрылыс, металлургия, энергетика, ауыл шаруашылығы мен қызмет көрсету секторында нақты өзгерістерге жол ашты.

Еңбекке құрмет пен мотивация артты
Өткен жылы жұмысшылардың еңбегін бағалау, олардың кәсіби жетістіктерін насихаттау шаралары белсенді жүргізілді. Аймақтарда «Жылдың үздік жұмысшысы» сияқты байқаулар өткізілді. Сол арқылы еңбек адамын қоғамда қадірлейтін мәдениетті қалыптастырды.
Электрик, дәнекерлеуші, аспаз, тігінші, құрылысшы, техник, механик сияқты мамандық иелері күнделікті өмірімізде аса қажет. Олар – көзге көрінбей, үнсіз еңбектенетін, алайда қоғам тіршілігінің негізі саналатын мамандар. Сондықтан да мемлекет тарапынан жұмысшы мамандықтарға қолдау көрсетіліп, олардың мәртебесін көтеру – уақыт талабы.

Жастарға жаңа мүмкіндік
Бір кездері Жұмысшы мамандығының беделі күрт төмендеп кеткен кезеңдер де болды. Қазіргі уақыт талабы басқа. Оны қоғам да түсінді. Бүгінде жоғары сынып оқушылары арасында жұмысшы мамандыққа деген қызығушылық артып отыр. Дегенмен бұл мамандық иелерін дәріптеу әлі де керек. Сондықтан өткен жыл еңбек майталмандарын көбірек насихаттап, жастарды адал еңбек етуге үйреткен жыл болды.
Сонымен қатар жыл жұмысына ­байланысты кәсіби оқыту бағдарламалары кеңейтілді. Мысалы, колледждер мен техникумдарда студенттерге өндірістік тәжірибе өтуге, шеберлік сабақтарына қатысуға мүмкіндік берілді. Бұл жастарға жұмыс дағдыларын меңгеруге және болашақта тұрақты еңбекке орналасуға жол ашты. Техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін реформалау жұмыстары басталып, 772 колледжде 565 мыңнан астам студент оқып жатыр. Мемлекеттік тапсырыс көлемі артты, студенттердің шәкіртақысы екі есеге ұлғайды. Оның ішінде Шиелі индустриалды-аграрлы колледжінде 500-ге жуық студент сапалы біліммен қамтылуда. Жалпы колледжде дәл қазір 20-ға жуық мамандық пен біліктілік курстары бар.
Жыл аясында колледж студенттері, еңбеккерлер, білім беру ұйымдарының өкілдері мен кәсіпорындардың серіктестері шақырылған арнайы іс‑шаралар өткізілді. Онда үздік жұмысшы мамандар мен кәсіби шеберлер марапатталды, олардың еңбегі елде және аудан деңгейінде жоғары бағаланды. Сондай-ақ студенттер мен оқушыларға ақпараттық‑кеңес беру кездесулері үздіксіз өткізді. Олардың арасында кәсіби бағдар беру және еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтарды таныстыру жұмыстары жүргізілді. Бұл шаралар жастардың нақты еңбек жолын таңдауға, техникалық және кәсіптік білім алуға ынтасын арттыруға бағытталған.
Айта кетейік, қазір елімізде жұмысшы мамандығында оқитын студенттер толықтай тегін білім алады. Мәселен, жұмысшы мамандығы жұмыс берушінің сұранысымен даярланып, соған сәйкес мемлекеттен грант бөлінеді. Ондай мамандыққа талапкерлер оқуға емтихансыз қабылданады. Сондай-ақ Оқу-ағарту министрлігі дуалды оқыту бағдарламасы бойынша студент тәжірибесі еңбек өтіліне кіретін өзгеріс енгізді. Осының бәрі – жұмысшы мамандарды даярлауға Үкімет тарапынан жасалып отырған үлкен қолдау.

Қоғамдық санаға ықпалы
Ең бастысы еңбек адамдары тек материалдық тұрғыдан ғана емес, рухани тұрғыдан да қолдау тапты. Жұртшылық, әсіресе жас буын, қарапайым бірақ ең қажетті мамандықтарға қызығушылық таныта бастады.
Жыл аясында ауданда да жұмысшы мамандардың қадірін арттырып, беделін көтеру бағытында нақты жұмыстар жүзеге асты. Түрлі шара мен кездесу ұйымдастырылды. Ал қорытындысында зейнетке шыққан жұмысшы мамандарға құрмет көрсетіліп, аудан тазалығы үшін аянбай еңбек етіп жүрген 5 азаматқа шипажайға жолдама табысталды. Сондай-ақ 30-ға жуық еңбек адамына қаржылай сый жасалды.
Жалпы «Жұмысшы мамандықтар жылы» — еңбек мәдениетін көтеру, кәсіби шеберлік пен жұмысшы мамандарға деген құрметті арттыруға маңызды қадам болды. Ел экономикасы мен әрбір азаматтың дамуы үшін мұндай бастамалар одан әрі жалғаса беруі тиіс.
Цифрлық дәуірге қадам
Алда цифрлы серпіліс кезеңі. Себебі биылғы жылды Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Цифрландыру және жасанды интеллект жылы» деп жариялады. Цифрлық елге айналуды мақсат еткен біз үшін бұл – стратегиялық жоспарды орындауға бастайтын жол. ­Президент «Turkistan» газетіне берген сұхбатында: «Қазақстан цифрлық державаға айналуы керек. Бұл – қазіргі жаңа технология дәуірінде өркениетті ел болып қалудың бірден-бір жолы. Халқымыздың ой-санасы мұндай инновацияларға дайын екеніне сенімдімін. Қазақстан да экономика мен қоғамдық өмірге жасанды интеллектіні енгізуге басымдық беріп жатыр. Еліміздің бұл жұмысқа қатысты бастапқы мүмкіндіктері жаман емес» деді.
Болашақта жүргізушісіз такси, робот курьер, даяшы, аспаз, шекарашы, транспорт, ­логистика, бизнес, үкіметтегі автоматтандырылған қызметтер қалыпты жағдайға айналады. Бір сөзбен айтқанда, барлық салада адам еңбегі азая бермек. Әлбетте, бұл бір күннің не бір жылдың ішінде бола салмайды. Алайда дәл осы жылы еліміз бұл бағытқа ерекше ден қоймақ.

Г.СӘБИТҚЫЗЫ
12 қаңтар 2026 ж. 41 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№2 (9369).

10 қаңтар 2026 ж.

№1 (9368)

06 қаңтар 2026 ж.

№100 (9367)

31 желтоқсан 2025 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қаңтар 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1234
567891011
12131415161718
19202122232425
262728293031