Жеңімпаз әкімдер, көрікті кент
Қазақ даналығында «Жақсы сөз – жарым ырыс», «Ынтымақ қайда болса, ырыс сонда барамын депті» деген киелі сөздерді естіп өстік. Біздің алдымызда өмір сүріп кеткен қайран аға, көкелерімізден үлгі алып, соны жалғастыруға ұмтылдық. Көрнекті ақын Мұзафар Әлімбаев:«Мәлім еді қазақтың тектілігі,
Тектіліктің бұл күнде кетті құны» деп неге түңіліп кетті екен? Осы ойға кейінірек тағы оралармыз. Әлемнің данышпаны атанған кемеңгер Әбу-Насыр әл-Фараби өз заманында:
«Қала тұрғындарының ішінде атаққұмарлар басшыға жиі барып, оны өзінің құрмет тұтатынын есіне сала берген сайын, ол өзі де сый-құрметке ие болады. Сөйтіп, бұлар да өзінен төмен тұрғандар тарапынан да, жоғары тұрғындар тарапынан да қадірлі адамға айналады. Ал басшылыққа бағынатын адамдар қайырымды, абзал және бақытты адамдар болады» деп, билікке құрметпен бағынудың маңызын атап өтеді. Сонымен бірге: «Кімде-кім патшалар сарайына әкім бола берсе, ақыры бәлеге ұшырайды» деп ескерту де жасаған.
Мұндағы басшы деп отырғаны – кешегі патшалар, кеңес одағы тұсындағы партия комитетінің хатшылары, ал бүгінгі күнде – әкімдер. Патшалық кезеңді көзбен көрмесек те, коммунистік партияның қылышынан қан тамып тұрған шақта әкелеріміз де, біз де партия хатшыларына бағындық. Бірақ ол бағыну қорқыту мен үркітуден емес, мәдениет пен тәрбие арқылы қалыптасты.
Адамдарды бала кезінен октябрят, пионер, комсомол, коммунист сатыларынан өткізіп, партияның беделін арттырды, отаншылдыққа баулыды. Пионер қатарынан тәртіп бұзғаны немесе сабағы нашарлағаны үшін шығарылса, оқушылар жылап-сықтайтын. Ал коммунист қызметіне салғырт қараса немесе тәртіп бұзса, аудандық партия комитетінің бюросында ісі қаралып, партбилеттен айырылып, өкініш білдіріп жататын. Партбилет – коммунистің ар-ожданы, намысы еді.
Олар өтірік айтпайтын, біреуді балағаттамайтын, сыртынан жамандамайтын, әйелдер өсек-аяңнан аулақ жүретін, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсететін. Қайырымды, мейірімді адамдар болатын. Партия комитетінің хатшыларын пір тұттық, сыйладық, құрмет көрсеттік. Басшы ретінде оларға орасан зор ілтипат білдірілетін еді. Адамдар мен елдімекендердегі, аудан орталығындағы ардагерлердің, қария-қарттарымыздың арасындағы қарым-қатынас, бірлік пен ынтымақта жаман болған жоқ. Аудан ақсақалдары арқылы ақын Асқар Тоқмағамбетовтің өлеңінде айтылған:
«Сен келген жоқсың өмірге,
Тек қана ішіп, жейін деп.
Келмеппең сен де туған еліңе,
Бірнәрсе дейін деп,
Айта алмай кетпе айтып кет,
Айта алмайсың қайтып кеп» принциптерін басшылыққа алғандай. Басшыларға да, халыққа да, ұрпақтарға да айтатындарын та айқайламай, бастықтарға дөп көрсетпей, сыпайы, сардарлы, түсінікті етіп жеткізіп отырды. Арбаны да сындырмай, өгізде де өлтірмей, өкініш білдірмей, ренішін сездірмей, қариялық борыштарын өтеп кетті. Сонда бүгін тектіліктің құны кеткені ме? Өз басым олай дей алмаймын. М.Әлімбаев ақындар арасындағы биік дәрежеде көңілі қалған түйсікті жазып кеткендей. Былайынша өлеңнің де жаны бар сияқты. Тектіліктің құнын кетіретін, елдің берекесін алатын кейбір жеке тұлғалар. Өтірік белсенді болғансып, өзін халыққа көрсеткісі келетін қарияларымыз да бар екені жасырын емес. Басшының аты басшы, әкімнің аты әкім. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев болса, облыс, қала, аудан, кент, ауыл әкімдері Президент әкімдігі аппартаның жер-жерлердегі, Қазақстан Республикасындағы өкілдері, бұқара халыққа басшылық жасап отырған жергілікті атқарушы билік. Біз аудан әкімін заңды сайладық. Сондықтан оған қай жағдайда болмасын құрмет көрсетіп, атқарып жатқан игі істеріне қолдау білдіріп, есеп беру жиналыстарында мәдениетті түрде сұрақ қойып, дөрекелік, әдепсіздікке жол бермеуіміз керек. Аудан әкіміне көргенсіздік жасау – үлкен ұят. Басшыны құрметтемеу, билікті сыйламау – жат қылық. Аудан әкіміне тәкаппарлық жасап менсінбеу, келеке ету – әкелеріміз айтпақшы ақымақтық, оңбағандық болып саналады. Кешегі коммунисттік партияның заңдылығында осындай қылық үшін қылмыстық іс арқалап жүрер еді кім болса да.
Шиелі ауданы – соңғы жылдары айтарлықтай өзгерістер мен жаңалықтарға құшағын айқара ашқандай. Оны облыс әкімі Нұрлыбек Машбекұлының ауданға жиі келіп, оның қатысуымен жүзеге асып отырған ауқымды жобалар мен бастамалар өңірімізге жаңаша серпін берсе, мәдениет, спорт және әлеуметтік салаларда жетістіктерге қол жеткіздік. Ауылдарға газ таратылып, амбулаториялар, мәдени клубтар, денешынықтыру-сауықтыру кешендері көптеп бой көтеруде. Әлеуметтік инфрақұрылым жаңарып, жаңа нысандардың, әсем ғимараттардың ашылуы, инвестициялар тартылып, кәсіпкерлерге, жастарға орасан зор мүмкіндіктердің жасалуы, Шиелі халқының болашағы үшін жасалып жатқан жалпы жаңалықтар. Аймақ басшысының Шиеліге келген әр сапары аудан тұрғындарына қуаныш сыйлап, таңданыс, толғаныс, ізденіс, сүйініш, жауапкершілік тудыратыны көп. Мұндай сәтті іс сапарлардың алдағы уақытта да бола беретініне сеніміміз мол.
Өткен жылы аудан үшін табысты, берекелі, молшылық жылы болғанын желтоқсан айында өткізген аудан әкімі Айтбай Насриддинұлының он айлық есебінен де аңғардық. Ауданның бюджетінен бастап барлық саласында даму байқалады. Өндіріс орындарында да, әсіресе, ауыл шаруашылығында өсім басым. Мамандығы экономист болғандықтан әкім миллиондаған сандарды қағазға қарамай жатқа айтқанда еріксіз сүйсінесіз, таңырқай қарайсыз. Есте сақтау қабілеті басшыларды ерекшелеп тұратыны белгілі. Ауыл тұрғындарымен кездесуде аудан басшысы ештеңеден жаңылысқан жоқ. Әр сұраққа нақты, қысқа, түсінікті жауап беріп, біріншіден халықтың ұсыныстары ескеріліп, тиісті жұмыстар жасалатынын айтып отырды. Қай ауылға бармасын аудан әкімі алдымен тұрғындарды не толғандырады? Содан бастап халықпен етене араласып, әңгіме-дүкен құрып, қарапайым мінез танытып, іскерлік, біліктілік бет-бейнесін таныта білді. Ауыл ақсақалдары аудан әкімі Айтбай Жандарбековтің есебіне ризашылықтарын білдіріп, ақ баталарын беріп жатты. Аудан әкімінің есептері, ондағы айтылған, ашылған жаңа құрылыстар, әр сала бойынша келтірген қаржы сандары аудандық «Өскен өңір» газеті бетінде жарияланып отырғандықтан мен оны қайталамадым.
Аудан әкімінің «Таза Қазақстан» экологиялық жалпыұлттық акциясы» бойынша атқарып жатқан жобаларын айтсақ та жеткілікті. Кенттегі, ауылдардағы тазалық пен көгалдандыру А.Насриддинұлының тынымсыз еңбегінің, туған жеріне деген перзенттік маңдай терінің жемісі деп айта аламыз. Жақсының жақсылығын айту да жақсы іс. Шындықты жеткізу жағымпаздану, мәймөңкелеу емес, осындай жаны жайсаң азаматтарға күш-қайрат, жігер, сенімді серпін беру. 2023 жылдан бастау алып «Егін шаруашылығы» номинациясымен облыста мерейі үстем болған Шиелі ауданы қатарынан үш жыл бойы жеңімпаз атанып келеді. Аудан жетістігі әрқашан оның әкіміне байланысты. Оған қалайша қуанбасқа?!
Ауданда істеліп жатқан бар тірлік аудан әкімінің басшылығымен басталып, соның қолдауымен бітіп жатады. Екі-үш жыл қатарынан облыс чемпионы болу – қай әкімнің маңдайына жазылып еді?
Жуырда Шиелі кентінің әкімі Амангелді Өмірәлі «Арман» мәдениет үйінде кент тұрғындары алдында есеп берді. Бір топ ардагерлер қатыстық. Көпшілік те мол жиналыпты. Әкімнің баяндамасы да қызықты болды. А.Өмірәлі 2022 жылдың қыркүйек айынан осы кезге дейін кент аумағында атқарылған жұмыстарды сөзге тиек етті.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл әкімдерінің диалог-платформасында сөйлеген сөзінде «Әкімнің ең басты міндеті – тұрғындардың тұрмыс сапасын арттыру» деген болатын. Оған кент әкімі де қатысқан еді.
Аудан орталығында 2022-2025 жылдар аралығында ауқымды жобалар жүзеге асырылып, халық игілігіне пайдалануға берілуде. Айтар болсақ, кент бюджетінің кірістері жылдан жылдан ұлғаюда.
2022 жылы жалпы кірістер 1 млрд 172 млн 245 мың теңгені құраса, 2023 жылы 2 млрд 730 млн 530 мың теңге болып, 2024 жылы 3 млрд 33 млн 285, 4 мың теңге, 2025 жылы 2 млрд 808 млн 207 мың теңгеге нақтыланды деп бастаған Амангелді Шерәліұлы көркейту-көгалдандыру жұмыстары бойынша, елді мекенді абаттандыру жайлы, көше жарықтарын орнату, күтіп ұстау туралы, жолдарды жөңдеу жұмыстары ретінде, аяқсу бойынша, шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту жайлы, Шиелі кентінің дамуына демеушілер тарапынан жүргізілген жұмыстар туралы жеке-жеке тоқталып, жүздеген көшелерді атап, миллиондаған, миллиардтаған қаражаттың қайда жұмсалғандығын баяндап шықты. Ол сандардың көпшілігі аудан әкімінің есебінде айтылуы мүмкін деген оймен, соңғы демеушілерге және санитариялық жұмыстарға ғана тоқталғанды жөн көрдім. Шамасы бар мекемелер мен байлығы өріс алған жеке кәсіпкерлердің демеушілігі кентіміздің өркендеуіне ауадай қажет. Мысалы, «Қызылорда жолдары» ЖШС-нің тарапынан 31 мың 850 мың теңгеге «Береке» мөлтек ауданына кіретін 6 көшеге тас төсеу және «Көкшоқы» мөлтек ауданы №25, №26 көпқабатты тұрғын үйлер кіре-берісіне тас төсеу жұмыстары жүргізілген.
«Семізбай-U» ЖШС, «РУ-6» ЖШС, «Каp LOGISTICS» ЖШС «Шиелі-Сұңқар» филиалы, «Волковгеология №23 АҚ, «Гежуба-Цемент» ЖШС-гі, «Казгинур» ЖШС, «Шиелі-Жолшы», «Әлем-құрылыс», «Промстрой Сервис», «Шиелі жарығы» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері есебінен көпқабатты тұрғын үйлердің сыртқы бетін сырлау жұмыстары атқарылған.
«Шиелі-Сұңқар» филиалы тарапынан құны 41 млн 887 мың теңге Жарылқасын Тұрабаев көшесіне ұзындығы 773 метр болатын жүргіншілер жолы, 22 дана жарық бағанасы орнатылып, пайдалануға берілген. Бұл жұмыстар өз жалғасын тауып, 44 млн 720 мың теңгеге ұзындығы 717 метрге тротура мен түнгі жарық бағаналары орнатылуда. Жеке кәсіпкер Б.Қожасовтың демеушілігімен Тәуелсіздік көшесінің бойына 10 млн теңгеге сквер бой көтерді. Шиелі кенті, Д.Смайылов көшесі, №244, «Ы.Жақаев атындағы орта мектеп» ғимараты ауласына «Baikonyr Solar» ЖШС мекемесі балалар ойын алаңы мен шағын жаттығу алаңын салып берген. Жоба құны – 19 млн 260 мың теңге. Шиелі кенті көшелерін абаттандыруға демеушілер есебінен жоба құны 290,5 млн теңгенің 9 жобасына сметалық құжаттамасы әзірленген.
Сондай-ақ күрделі жол жөндеу жұмыстарын құжаттандыруға демеушілік есебінен «Димаш Сервис» және «Спецмонтажстрой» ЖШС жоба құны 2 млрд 852 млн теңгенің 4 сметалық құжаттамасы әзірленіп, мемлекеттік сараптамадан өткізілген. Бұл жоба бойынша Тәуелсіздік, Әл-Фараби, Досбол датқа, Дәулеткерей, А.Байтұрсынов, Ы.Жақаев, Абылай, Бұдабай, С.Сейфуллин, Шәкәрім, Д.Смайылов, Қ.Жайлыбаев, Ә.Исмаилов, Ш.Есенов көшелері күрделі жөндеуден өтетін болады. Керемет емес пе?!
Анықтама үшін: Санитарлық тазалық жұмыстарына 2022 жылы 76 млн 278 мың, 2023 жылы 82 млн 821 мың, 2024 жылы 90 млн теңге, 2025 жылы 99 млн 997 мың теңгеге, барлығы 348 млн 997 мың теңгеге қаражат бөлінген. Тазалық жұмыстары 3 аймаққа (Орталық бет, теріскей бет және «Көкшоқы» микро-аудан) бөлініп, санитарлық тазалық жұмыстарын қамтамасыз ету үшін, мердігер мекеме «Формула Безопасности Астана» ЖШС-мен келісім шарт жасалған.
Мердігер мекеме тарапынан қоқыс жәшіктерінен тұрмыстық қатты қалдықтарды шығару, көшелерге су себу, шайынды сулардан тазарту, көшелерді сыпыру, көшелерді қыста күтіп ұстау (тұз араласқан құм себу, қардан тазарту) және қураған ағаштарды кесу жұмыстары атқарылады. Мекеме аудандық мәслихаттың шешімімен бекітілген тарифке сәйкес жеке тұрғындармен, кәсіпкерлік нысандармен, тұрмыстық қатты қалдықтарды шығару бойынша келісімшарт жасалып, қалдықтар шығарылу үстінде. Жәшіктердің ескіруіне байланысты 2022 жылы 120 дана, 2024 жылы 250 дана контейнер мен 10 дана үлкен көлемді жабық контейнер, 2025 жылы 100 дана сатып алынып, көше бойындағы және көпқабатты тұрғын үйлер ауласындағы ескірген контейнерлердің орнына орналастыру жұмыстары жүргізілуде. Кент әкімі айтқан жаңалықтардың бірі – бүгінгі таңда Шиелі кентінің санитариясын қамтамасыз ететін «Шиелі-Тазалық» коммуналдық мемлекеттік қазыналық кәсіпорын құрылып жатыр екен. Кеңестер Одағы кезіндегі колхоз деген мекеме бүкіл тазалыққа жауап беретін тұғын, қандай жақсы болған.
Кент тұрғындары Амангелді Өмірәлі әкімнің есебіне жақсы деген баға беріп, алдағы қызметіне табыс тілеп жатты. Ұлы Абай «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарының тіленбей» деп дұрыс айтқан. Аудан әкімінің нұсқауымен, ақыл-кеңесімен күндіз-түні жүгіріп, тынымсыз еткен еңбегі зая кеткен жоқ.
2023 жылдан бастап ұйымдастырылып келген облыстық «Үлгілі елді мекен» конкурсының нәтижелеріне сай «Үлгілі аудан орталығы» номинациясында кент әкімі А.Шералыұлы жүлделі екінші орынды екі мәрте, бірінші орынды екі рет жеңіп алып, чемпион болып, жеңімпаз атанған. Соның нәтижесінде ауданға су жаңа 17 бірлік тазалық техникасын алып келген. Ғажап емес пе?! Бірлесіп атқарған жұмыстарының арқасында аудан әкімі де, кент әкімі де облыста жеңімпаз атанып, Шиелі ауданының мерейін асқақтатып отыр. Аудан тұрғындары шаттанып шалқуда. Жеңімпаз әкімдерге сәттілік тілей отырып, көрікті кентіміздің гүлдене беруіне тілектеспіз!
Өркен ИСМАИЛ,
ҚР Журналистер Одағының мүшесі,
Шиелі ауданың Құрметті азаматы
ҚР Журналистер Одағының мүшесі,
Шиелі ауданың Құрметті азаматы








