АСЫЛ ОЙДЫҢ АЛЫБЫ – ӘБУ НАСЫР ӘЛ-ФАРАБИ

Міне, сондай ұлы тұлғалар қатарында, қазақ руханияты шыңының бір басында бүкіл адамзатты мойындатқан Әбу Насыр әл-Фараби тұрса, екінші басында өзіндік гуманистік ойларымен тәнті еткен Абай Құнанбайұлы тұр. Әбу Насыр әл-Фараби мен Абай Құнанбайұлы секілді ұлы тұлғалар арқылы қазақ даласында ежелден жазу мен сызудың, өркениеттің, ғылым мен білімнің, музыка, жазба әдебиеттің өркен жайғанын бүкіл әлемге паш ететін боламыз.
Қазақстан халқы 2020 жылы ғалым, философ Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдық және ақын, ағартушы Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойларын мемлекеттік деңгейде атап өтуде.
Ғұлама ғалым Ә.Марғұланның айтқанындай «Абай мен Әл-Фарабидің көздегені адамдардың рухани байлығы, олардың бақытты болуы мен әсемдікке ұмтылуы болып табылады». Қазақтың бағына біткен майталман тұлғалары Абай мен Әл-Фараби әр дәуірде өмір сүргенімен, екеуінің артында қалдырған еңбектері мен жазбаларында айтқан даналық, ғибратты сөздерінің арасында үлкен байланыс жатыр. Біз бұл тұлғаларды, өздері айтқан ғылыми-танымдық ойлары арқылы танып білеміз. Абай мен Әл-Фарабидің ой-толғамдары – халқымыздың үлкен мұрасы.
Әл-Фараби өзінің «Қайырымды қала тұрғындарының көзқарастары» атты философиялық трактатында «Қайрат», «Ақыл» және «Жүрек» сияқты ұғымдарға түсінік бере келіп «Жүрек – басты мүше, мұны тәннің ешқандай басқа мүшесі билемейді. Бұдан кейін ми келеді. Бұл да басты мүше, бірақ мұның үстемдігі бірінші емес» дейді. Әл-Фарабидің «Қайрат», «Ақыл» және «Жүрек» жөніндегі философиялық тұжырымы Абайдың «Он жетінші сөзінде» өзінің логикалық жалғасын тапқан сияқты. Абайдың осы сөзінде «Қайрат», «Ақыл» және «Жүрек» үшеуі әрқайсысы өзін мықты санап, айтысып, таласып, ақыры «ғылымға» келіп жүгінеді. Сонда ғылым «Бұл үшеуіңнің де айтқандарың рас, үшеуің де қажетсің, «Ей, Қайрат, сенсіз ешнәрсенің болмайтұғыны да рас, бірақ қаруыңа қарай қаталдығың да мол, пайдаң да мол, бірақ залалың да мол, кейде жақсылықты берік ұстап, кейде жамандықты берік ұстап кетесің, соның жаман» депті. Бұдан кейін «ғылым» өз шешімін «Ақылға» айтыпты «Жаратқан Тәңіріні де сен танытасың. Жаралған екі дүниенің жайын да сен білесің. Бірақ сонымен тұрмайсың, амал да, айла да – бәрі сенен шығады. Жақсының, жаманның – екеуінің де сүйенгені, сенгені – сен; екеуінің іздегенін тауып беріп жүресің, соның жаман» депті. Бұдан кейін Абай осы үш категория жайында түйін жасап, әл-Фарабидің жоғарыда айтылған пікірін өз оқырманының ұғымына лайықтап жеткізеді. Абай осы үшеуінің басында қос, бәрін де «Жүрекке» билет, – деп ұқтырып айтушының аты «ғылым» екен. – Осы үшеуің бір кісіде менің айтқанымдай табыссаңдар, табанының топырағы көзге сүртерлік қасиетті адам сол. Үшеуің ала болсаң, мен «Жүректі» жақтадым. Құдайшылық сонда, қалпыңды таза сақта, Құдай Тағала қалпыңа әрдайым қарайды деп кітаптың айтқаны осы» депті деген қорытындыға келеді.
Қорыта айтқанда қазақтың маңдайына біткен мың жылда дүниеге бір келер алып даналардың рухани тұтастығының бұзылмас тұғырнамасын жасауымыз қажет. Әл-Фарабидің трактаттарында да, Абайдың қара сөздерінде де – білім, мейірімділік, сұлулық үшеуінің бірлігі басым. Бұл екі ғұламаның гуманистік идеялары әлемге кең тарады. Олар ақыл-ой мен білімнің биік мәнін дәріптеді.
Еліміз егемендікке қол жеткізген алғашқы кезеңдер аяққа тұру мен эканомиканы қайта қалпына келтіру жұмыстарымен есте қалды. Міне, енді экономикалық тұрғыдан әлемнің дамыған елдерімен тең деңгейде иық тіресер сәтте біз өзіміздің рухани байлықтарымыздың әл-Фараби мен Абай секілді жауһарларын әлемге паш ете алуымыз керек деп ойлаймын.
Әйгерім ӘЛМАХАН