Қауіпсіздік – күн тәртібіндегі мәселе
Жыл басынан бері ауданда тіркелген төтенше жағдайлар қоғам қауіпсіздігіне айрықша назар аударуды қажет ететінін көрсетіп отыр. Мәселен, бүгінге дейін 76 өрт оқиғасы тіркеліп, жалпы 42 миллион 30 мың теңгеден аса материалдық шығын келтірілді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда өрт санының 18,4 пайызға артқанын, ал келтірілген шығын көлемінің 40,4 пайызға азайғанын аңғартады.Қазіргі таңда төтенше жағдайлардың алдын алу, адам өмірі мен мүлкінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету – мемлекеттік органдардың ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ міндетіне айналып отыр. Осы бағытта Шиелі ауданында атқарылып жатқан жұмыстар мен орын алған оқиғалар қауіпсіздік мәселесінің өзектілігін айқын көрсетеді.
Өрт салдарынан адам өлімінің тіркелуі алаңдатарлық жағдай болып отыр. Атап айтқанда, 2025 жылдың 13 наурыз күні Бәйгеқұм ауылындағы жеке тұрғын үйде орын алған өрт салдарынан 1954 жылы туған азамат оқиға орнында қаза тапты. Бұл жағдай өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтау әрбір тұрғын үшін өмірлік маңызы бар мәселе екенін дәлелдейді.
Тілсіз жаудың салдарынан болатын оқиғаның басым бөлігі тұрғын үй секторында тіркелген. Мамандардың талдауынша, өрттердің негізгі себептері – зақымдалған электр желілерін пайдалану, жанғыш заттарды мақсатсыз қолдану, тұрмыстық пештер мен ас әзірлеу құралдарын қараусыз қалдыру, сондай-ақ балалардың бақылаусыз қалуы. Бұл факторлар тұрғындардың өрт қауіпсіздігі талаптарына жеткілікті деңгейде мән бермейтінін аңғартады.
Осыған байланысты өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзған тұлғаларға қатысты 102 әкімшілік іс қозғалып, оның ішінде 84 ескерту мен 18 айыппұл салынды. Айыппұлдардың жалпы сомасы 530 мың теңгеден астам болды. Сонымен қатар су айдындарындағы қауіпсіздік ережелерін бұзғаны үшін 9 әкімшілік іс рәсімделіп, тиісті айыппұлдар өтелді.
Аудандағы тағы бір маңызды мәселе – су тасқынының алдын алу. Аудан аумағындағы Сырдария өзенінің ұзындығы 260 шақырымды құрайды. Өзен бойында су басу қаупі бар 5 елді мекен орналасқан. Бұл ауылдарда 7 мыңнан астам тұрғын мен 1 400-ден астам үй бар. Осыған орай, қорғаныс бөгеттерін күшейту, эвакуациялық пункттерді дайындау және материалдық-техникалық қорды жинақтау жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде.
Қазіргі таңда азаматтық қорғау қызметтерінің күштері мен құралдары толық дайындыққа келтірілген. Ауданда 16 азаматтық қорғау қызметі, 3 авариялық-құтқару құрамасы, 54 техника мен 181 адам кез келген төтенше жағдайға жедел әрекет етуге әзір. Сонымен қатар эвакуациялау пункттері белгіленіп, қажетті қорлар дайындалған.
Өрт пен су тасқыны қаупінің алдын алу бағытында аудан көлемінде республикалық деңгейдегі «Көктем», «Өрт», «Қыс» командалық-штабтық оқу-жаттығулары өткізілді. Бұл жаттығулар төтенше жағдай туындаған жағдайда қызметтердің үйлесімді әрекет етуін пысықтауға мүмкіндік берді.
Сондай-ақ егін науқанында орын алған қуаңшылық кезеңінде егістік алқаптарына су жеткізу мақсатында бірнеше өңірден арнайы техника мен мамандар тартылып, ауыл шаруашылығын қолдауға бағытталған нақты жұмыстар жүргізілді.
Аудан көлеміндегі өрт қауіпсіздігін арттыру мақсатында «Ауыл құтқарушылары» бағдарламасы аясында Бәйгеқұм ауылында жаңа өрт сөндіру пунктінің ашылуы – қауіпсіздік саласындағы маңызды қадамдардың бірі. Бұл нысан бірнеше елді мекеннің қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, төтенше жағдайларға жедел әрекет етуге мүмкіндік береді.
Қауіпсіздік – тек құзырлы органдардың ғана емес, әрбір азаматтың ортақ жауапкершілігі. Сондықтан өрт, су тасқыны және өзге де төтенше жағдайлардың алдын алу үшін қауіпсіздік талаптарын сақтау – адам өмірі мен ел тыныштығының басты кепілі.
Гүлхан ЯХИЯ







