Қауіпсіздік ережелерін қаперден шығаруға болмайды
Жазғы маусымда азаматтардың суға кету оқиғаларының алдын алу мақсатында облыстық төтенше жағдайлар департаментінің мамандары үздіксіз рейд жұмыстарын жүргізуде. Осы белсенді іс-шаралардың нәтижесінде су айдындарындағы қайғылы оқиғалардың саны былтырғы жылмен салыстырғанда 3,8 пайызға азайған. Дегенмен, сала мамандары суға түсу барысында сақтық шараларын қатаң сақтау керектігін ескертеді.
– Облыстағы су айдындарында тұрғындардың белгіленбеген аумақта суға түсуі салдарынан қайғылы оқиғалар жиі тіркеледі. Дегенмен, өткен жылмен салыстырғанда суға кету оқиғалары 3,8 пайызға азайып отыр. Жалпы судағы оқыс оқиғаларының негізгі себебі – қауіпсіздік ережелерін өрескел бұзуынан болып отыр. Атап айтқанда, өзен немесе каналдардың кез келген жерлеріне суға түсу, спирттік ішімдік ішіп қауіпсіздік ереже сақтамау, балаларды бақылаусыз қалдыру. Қазіргі таңда төтеншеліктердің қатысуымен су айдындарында 517 рейд өткізіліп, 36 мыңнан астам адамға қауіпсіздік ережелері түсіндірілді. Сонымен қатар, су айдындарында 63 қауіпті аймаққа 310 ескерту тақтайшасы мен 68 билборд орнатылды, – деді облыстық ТЖД азаматтық қорғаныс басқармасы бастығының міндетін атқарушы Жандос Жүгінісов.
Қызылорда облысының өңірлік коммуникациялар қызметі