Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙ: ТОСЫН ОҚИҒАҒА ТОСҚАУЫЛ КЕРЕК

ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙ: ТОСЫН ОҚИҒАҒА ТОСҚАУЫЛ КЕРЕК

2023 жылдың 12 айында аудан аумағында табиғи сипаттағы 14 (2022 жылы 8), техногендік сипаттағы 41 (2022 жылы 37) төтенше жағдай мен оқиғалар тіркелген. Бұл көрсеткішті 2022 жылдың тиісті мерзімімен салыстырғанда тұрақтылық байқалмайды. Салдарынан 1 адам табиғи газға уланса, өрттен қаза болған адам тіркелмеген. Ал өткен жылы өрттен 1 адам көз жұмған. Қолда бар дерек бойынша жалпы шығын 12 миллион 50 мың теңгені құраған.


Өрт қауіпсіздігі саласы бойынша аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің ақпаратты есепке алу кітабына 266 хабарлама келіп түскен. Бұл 2022 жылмен салыстырғанда 32 пайызға көбейген. Оның ішінде: 41 өрт, 149 өртке жатпайтын жану оқиғасы, 76 өзге де жағдай тіркеліпті. Өрт оқиғасы барыс жылымен салыстырар болсақ 9,7 пайызға, өртке жатпайтын жану оқиғасы 32 пайызға артқан. Осы оқиғалар бойынша анықталған 30 кінәлі тұлғаға ҚР ӘҚБтК 410-бабының 1-бөлігіне сәйкес «Ескерту», 3-бөлігіне сай 4 кінәлі тұлғаға 69 000 теңге көлемінде айыппұл шарасы көрілген.
1 АДАМ СУҒА КЕТІП ҚАЗА БОЛДЫ
2023 жылдың жазғы суға шомылу маусымында ауданда 3 оқиға тіркеліп, салдарынан 1 адамның соңғы демі суда үзілген. Сонымен қатар 1 адам ауыр дене жарақатымен жарақаттанса, біреуіне алғашқы көмек көрсетілген.  Аудандағы төтенше жағдайлар бөлімі қысы-жазы қызметін мүлтіксіз атқарып келеді. Әрине, солай болуға тиіс те. Жылу маусымында пешті дұрыс пайдалану, өрт қауіпсіздігін алдын алу туралы түрлі түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, әрбір үйдің есігін қағып тұрып ескерткен сала мамандары енді тыңдар құлақ болса, суға түсудің ережесін айтып әлек. – Шиелі ауданының аумағындағы су айдындарында қыс мезгіліндегі мұздағы қауіпсіздік және суға шомылу маусымында төтенше жағдайлардың алдын алу бағытында Полиция бөлімі Қоғамдық даму бөлімі қызметкерлерімен бірлесіп 155 рейд жүргізілді. Одан бөлек «Суға шомылуға тыйым салынады» белгісімен қауіпті жерлерге 36 дана тақтайша орнатылған болатын. Өз кезегінде үнпарақтар тарату, ашық есік күнін ұйымдастыру, билбордтар ілініп, дауыс зорайтқыш құралдармен хабарлама оқу жұмыстары да үздіксіз жүргізіліп отыр. Сонымен қатар кентте орналасқан «лэд» экрандар арқылы 3 бейнеролик үздіксіз көрсетілді. Шүкір, жыл басталғалы ешқандай апатты оқиға орын алған жоқ. Болмай-ақ қойсын, – дейді аудандық Төтенше жағдайлар бөлімінің бас маманы, азаматтық қорғау аға лейтенанты Әділет Нұрмантаев.

ПИРОТЕХНИКАЛЫҚ ЗАТТАРДЫ ЗАҢСЫЗ САТҚАН


Жаңа жыл уақытында төтенше жағдай қызметкерлерінің жұмысы қызатыны ақиқат. Себебі дәл сол шақта оқыс жағдайға жиі себепкер болатын жарылғыш заттар әдетте жаңа жылдық мереке қарсаңында көбейеді. Осыған сәйкес 2023 жылдың 25 желтоқсаны мен 2024 жылдың 3 қаңтары аралығында «Пиротехника» жедел профилактикалық іс-шарасын жүргізген. Кенттегі адам көп шоғырланатын «Әбдіманап» базарында дауыс зорайтқыш құралдары арқылы 12 хабарлама оқылып, 183 адамға пиротехникалық бұйымдардың зияны турасында әңгімелесу жүргізіліп, 185 үнпарақ таратылған. Бірақ осындай атқарылған жұмыстарға қарамастан отшашу бұйымдарын шашқан 3 жеке тұлға анықталды. Оларға ҚР ӘҚБтК-нің 196-бабына сәйкес 129 мың 375 теңге (адам басына 43 125 теңге) әкімшілік айыппұл шарасы көрілген. Дер кезінде олқылықтың алдын алып, нәтижелі жұмыстың арқасында Жаңа жыл мерекесін тойлау барысында төтенше оқиғалар орын алмаған.

Сұлушаш МАДИЯРОВА 

22 қаңтар 2024 ж. 257 0