Төтеншеліктер тілсіз жаудан сақтандырды
Шиелі ауданында осы жылдың 3 айында өрт және өртке жатпайтын 28 оқиға, 1 суға кету және 1 оқыс жағдай тіркелген. Бұл туралы Төтенше жағдайлар бөлімі бастығының міндетін атқарушы азаматтық қорғау аға лейтенанты Бағлан Әбсаттаров хабарлады.
Өрт оқиғаларының басым көпшілігі техногендік сипаттағы оқиғалар болып отыр. Биылғы жылдың 3 айының өзінде осындай сипаттағы 7 оқиға тіркеліп, 2 адам зардап шеккен. Уланған 2 адам да ауруханаға жатқызылған. Сонымен бірге тұрғын үйде 1 табиғи газ жарылысы орын алып, салдарынан жалпы ауданы 10х8 метр болатын тұрғын үйдің қабырғасы құлаған және қабырғалас көрші үйдің жатын және қонақ бөлмесінің қабырғасына жарық түскен. Осындай сипаттағы өрт оқиғаларының көбеюі себепті төтеншеліктер тұрғындарды өрттен сақтануға, қауіпсіздік шараларын естен шығармауға шақырып отыр.
Жиында айтылған көп мәселенің бұл бір бөлігі ғана. Брифинг барысында наурыз айында елді шулатқан суға кету жағдайының мән-жайы да айтылды. Оқиға былай болған, №13 өрт сөндіру бөлімінің байланыс бекетіне 2021 жылдың 18 наурыз күні 12 сағат 50 минутта Шиелі аудандық жедел-жәрдем бөлімінен Шиелі кенті, Нартай Бекежанов көшесі №112 үйдің 2 тұрғыны суға батып кеткендігі жөнінде хабарлама түскен. Оқиға орнына Шиелі ауданы Төтенше жағдайлар бөлімінің аға инженері азаматттық қорғау лейтенанты Ә.Нұрмантаев пен инженер лейтенант Н.Мұсахан барған. Дегенмен, төтеншеліктер барғанда бір үйдің екі баласы үйінің сыртындағы «Сүйіндік» көліне батып кеткендігі белгілі болған. Олардың мәйіті тұрғындар көмегімен шығарылып алынған. «Оқиға балалардың үлкендердің қарауынсыз қалуынан болған», дейді төтенше жағдайлар бөлімі мамандары. Расында, бұл оқиғадан өзге осыған ұқсас қайғылы жағдайлар кездеседі.
Мәселен, биылғы жылдың 31 наурыз күні, Көкшоқы мөлтек ауданында орналасқан көпқабатты пәтердің 3-ші қабатынан екі жарым жасар бала құлап кеткен. Абырой болғанда дәрігерлердің көмегімен бүлдіршін аман қалып, жансақтау бөліміне жатқызылған. Осындай жағдайлар қайталанбас үшін бәлкім көпқабатты үйдің терезесіне темір тор орнату керек шығар деген ұсыныс болды біздің тараптан. «Терезе – өрт жағдайлары орын алғанда, жалғыз эвакуация нүктесі болғандықтан, біз темір қоршауға рұқсат бермейміз», деп жауап берді бұл сауалға мамандар. Ендеше үйдегі баланың қауіпсіз болуының жалғыз жолы оны қараусыз қалдырмау ғана секілді. Сондықтан, баланы терезеден алшақ ұстап, оның маңайына үй жиҺаздарын қоймаған дұрыс.
Рамазан Әнәпия