Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » БҰҚАРАЛЫҚ СПОРТ – ҰЛТ САУЛЫҒЫНЫҢ КЕПІЛІ

БҰҚАРАЛЫҚ СПОРТ – ҰЛТ САУЛЫҒЫНЫҢ КЕПІЛІ

Спорт – денсаулық кепілі, ұлт болашағының негізі. Қазақстанда бұқаралық спортты дамыту – ел халқының денсаулығын жақсартуға, жастарды тәрбиелеуге, қоғамда салауатты өмір салтын насихаттауға ықпал ететін маңызды бағыттардың бірі. Бұқаралық спортты дамыту тек денешынықтыруды ғана емес, сонымен қатар әлеуметтік тұрақтылықты, халықтың өмір сүру сапасын жақсартуды да көздейді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде «Балалар үшін спорттық инфрақұрылымның барынша қолжетімді болуын қамтамасыз ету керек. Бұқаралық спортты дамыту – пирамидаға айналуы қажет. Оның басына чемпиондар шықса, оның негізінде біз сау әрі саналы ұрпақты, мықты ұлтты қалыптастырамыз» деген болатын. Осы ретте біз Президент пәрменінің Шиелі ауданында қаншалықты орындалып жатқанын білмекке ауданның дене тәрбиесі, спорт және туризм бөлімінің басшысы Беркінбай Садықұлы Ермағанбетовке бірер сауал жолдаған едік.
– Беркінбай Садықұлы, «Дені саудың – жаны сау» демекші кез келген елдің болашағы халқының денсаулығына байланысты. Ал әрбір елдің басты міндеті – денсаулығы бекем ұлт қалыптастыру. Осы ретте, ­аудан спортының бүгінгі даму қарқыны қалай?
– Әрине салауатты ұрпақ – мемлекет тірегі. Қазақ спортының мәртебесін көтеру және барынша қолдау Президентіміздің басты назарында. Бұл бағытта біз тиісті жұмыстарды жүйелі түрде жүргізудеміз. Қазіргі таңда ауданымыз бойынша дене шынықтыру және спортпен жүйелі түрде шұғылданушылар спорттың 28 түрімен 38111 адам қамтылып, үлесі 44,5 пайызды құрап отыр.
Ауданда 13 олимпиадалық (ауыр атлетика, баскетбол, бокс, волейбол, вело спорт, гандбол, грек-рим, дзюдо, еркін күрес, жеңіл атлетика, таэквандо, үстел теннисі, футбол), 5 ұлттық спорт түрлері (асық ату, қазақ күрес, тоғызқұмалақ, аударыспақ, көкпар), 10 олимпиадалық емес спорт түрлерімен (белбеу күресі, греплинг, дойбы, қол күресі, гір спорты, панкратион, қоян-қолтық ұрыс, футзал, шахмат, кикбоксинг) шұғылданады.
Сондай-ақ аудан көлеміндегі 2 балалар-жасөспiрiмдер спорт мектептерінде барлығы 2312 жастар мен жасөспірімдер қамтылып отыр. Дене шынықтыру және спортты дамыту бағытында ауданда екі спорт мектебі №9 олимпиадалық спорт мектебі, №10 балалармен жасөспірімдер спорт мектебі және Шиелі спорт клубы мемлекеттік мекемелері жұмыс жасаса 1 стадион, 6 спорт кешені, 73 спортзал, 99 жазықтық құрылғылар жұмыс жасайды. Сонымен қатар кент және ауылдық окугтер бойынша 36 жасанды жамылғысы бар спорт алаңдары халыққа қызмет етіп тұр.
Айта кетейік, өңірде спорттық инфрақұрлымды дамыту мақсатында Ақтоған ауылынан Қазақстан халқына қоры арқылы 120 орындық спорт кешенінің құрылысы бітіп, қолданысқа берілді. Шиелі кентінде 2025 жылдың 18 қараша күні аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаевтың қатысуымен ресми балалар-жасөпірімдер дене тәрбиесі даярлығы клубының ашылу салтанаты болды. Қазіргі уақытта спорт кешенінің құжаттары толық рәсімделіп, 2026 жылдың қаңтар айында жұмысын бастайтын болады.
– Жыл аяғына жақындадық. Әр жылды түйіндерде кейінге көз тастап, не бітірдік деп жатамыз. Биыл спорттағы жетістік көрсеткішімен бөліссеңіз...
– Иә, расыменде қорытынды жасайтын шаққа таядық. Биыл аудан көлемінде атқарылған жұмыстар легі аз емес. Туған жердің атақ-даңқын шығарып, мерейін үстем етіп келе жатқан спортшыларымыз аз емес. Тиісінше жетістікке айтарлықтай жетіп келеміз. Атап айтар болсақ, биыл спортшыларымыз әлем чемпионатынан 2 қола, 1 күміс; Азия чемпионатынан 1 алтын, 2 күміс, 1 қола; республикалық жарыстардан 19 алтын, 16 күміс, 26 қола; облыстық жарыстардан 34 алтын, 54 күміс, 69 қола иеленді.
Сонымен қатар биыл Қызылорда қаласында дәстүрлі түрде өткізіліп келе жатқан «Алтын күз – 2025» ауыл спортшыларының қатысуымен XXXVIII облыстық спартакиадасы өткен болатын. Ол – жай ғана жарыс емес, ауыл спортын айқындайтын, ел рухын көтеретін үлкен мереке. Бір аптаға созылған дүбірлі додада мыңнан астам спортшы бақ сынап, облыстың түкпір-түкпірінен келген командалар спорттың 16 түрінен намыс жалауын көтерді. Шиелі ауданынан барған спортшыларымыз облыс бойынша командалық есепте жеңімпаз атанып, үшінші жыл қатарынан үздік нәтижеге қол жеткізді.
Жеңіс – жай ғана медаль мен кубок емес. Жеңіс – аулдағы әрбір баланың арманына дем беретін, жастарды спортқа жетелейтін ұлы күш. Шиелі спортшыларының табысы – ертеңгі чемпиондардың алғашқы баспалдағы.
– Қазір адамдар спортпен шұғылданудың денсаулыққа да, бала тәрбиесіне де пайдалы екенін жақсы түсінеді. Спортпен айналысатын жасөспірімдер жаман әдеттерден алшақтайды және олардың болашағы зор. Бұқаралық спортты дамыту бағытында қандай жұмыстар атқарылуда?
– Елімізде бұқаралық спортты дамыту – қоғамның денсаулығын нығайту мен өмір сапасын арттырудың маңызды қадамы. Сондай-ақ бұл мемлекетіміздің стратегиялық басым бағыттарының бірі саналатындықтан, Үкімет тарапынан көптеген қолдаулар болуда.
Шиелі ауданында бұқаралық спортты дамыту, дене шынықтыру және спортпен шұғылданушылар санын арттыру мақсатында әлеуметтік тапсырыс арқылы спорт нұсқаушыларын ұстап тұруға аудандық бюджеттен 2025 жылы 21,5 млн теңге бөлінді. Нәтижесінде барлық ауылдық округтерде спорт нұсқаушылары жұмыс істеп, 6144 адам бекітілген спорт нұсқаушылары арқылы спортпен шұғылдануда. Ауыл тұрғындары мен жастары арасында түрлі ­сайыс ұйымдастырылуда.
Ұлттық және бұқаралық спортты дамыту, насихаттау мақсатында жыл басынан 67 аудандық, 4 облыстық, 10 республикалық іс-шаралар өткізілді.
– Беркінбай Садықұлы, Шиелі ауданының спорт саласына басшы болып келгенде алдыңызға қандай мақсат қойдыңыз? Қазір сол мақсатқа жете алдыңыз ба?
– Қазақ даналығында «Мақсатсыз адам – желкенсіз кеме» дейді. Әрине, басшылық қызметке келгелі алдымызға жоспарлар қойып, осыған дейінгі тәжірибемізді жинақтап аудан спортын дамытуды басты қағидамыз етіп бекіттік. Сөзімнің басында айтып өткенімдей, биылғы жетістіктеріміз соның бір дәлелі деп білемін. Дегенмен, алар асуымыз, жетер жетістігім әлі алда деп сенемін. Алда жаңа биіктер, жаңа белестер күтіп тұр. Спортшылардың бүгінгі табысы – ертеңгі ұрпаққа бағдар, аудан халқы үшін мақтаныш.
– Әңгімеңізге рақмет!

Сұқбаттасқан
М.Ибрагимов
22 желтоқсан 2025 ж. 29 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№97 (9364)

20 желтоқсан 2025 ж.

№96 (9363)

16 желтоқсан 2025 ж.

№95 (9362)

13 желтоқсан 2025 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
293031