МҰРАҒАТ ҚОРЫНДАҒЫ МАЙДАНГЕР
Мұрағат дегеніміз – тарихи деректік құжаттар сақталатын алтын қазына. Олар қоғамның тарихи, мәдени және құқықтық жадын сақтау мен қорғаудың маңызды қызметін атқарады. Мұрағатта әр кезеңдегі тарихи оқиғалар, дипломатиялық қарым-қатынастар, қоғамның саяси-әлеуметтік, экономикалық бағыттары жөнінде құнды құжаттар сақталады.Осындай игілікті іспен айналысып келе жатқан Шиелі аудандық мұрағаты, 1987 жылдың 2 ақпанында Шиелі аудандық атқару комитетінің №40 шешімі негізінде аудандық атқару комитеті жанындағы шаруашылық есептегі мұрағат болып ашылды.
1987 жылдан бастап №219 Ы.Алтынсарин атындағы қазақ орта мектебінің жылыжайында мұрағатқа бейімделген ғимаратта жұмыс атқарып, уақыт өте келе аудан әкімінің 1998 жылғы 26 тамыздағы №1060 шешімімен ғимарат толығымен мұрағат мекемесінің есебіне берілген.
2024 жыл – «Руханият жылы» деп жарияланып, мәдени-көпшілік шаралармен қатар ауқымды жобалар да жүзеге асты. Аймақ басшысының бастамасымен 2025 жылдың 4 қаңтарында ауданда неке қию залы, кітапхана, тарихи-өлкетану музейі, мұрағат, жастар орталығы, ардагерлер мен қоғамдық, үкіметтік емес ұйымдары шоғырланған «Руханият орталығы» ашылды. Соның ішінде мұрағат мекемесіне 261,7 ш/м қойма, мұрағат басшысына және қызметкерлеріне арнайы кабинеттер бөлінген.
Бүгінгі таңда аудандық мұрағаттың 218 қорында 51469 құжат, 324 сурет, жеке тектік 252 сақтау бірлігі сақталып, халық игілігі үшін қызмет көрсетуде.
Мұрағат құжаттарының тарихи дерек ретінде Қазақстанның әлеуметтік, экономикалық және саяси дамуына тигізер әсері мол. Өйткені өткен тарихи кезеңдерді зерттеп білу үшін мұрағат құжаттарына сүйенеміз. Мұрағат құжаттарын тиімді пайдалану арқылы Қазақстан тарихының «ақтаңдақ» беттерін ашуға мүмкіндік туады. Тарихи зерттеулер мұрағат құжаттары негізінде жинақталып жазылатындықтан, бұл мәселе қазіргі таңда өзекті болып отыр. Мұрағат құжаттарын мәдени ағарту және насихаттық мақсатта пайдаланудың барысында көрмелер ұйымдастырып, теле және радио хабарлар даярлап, лекция мен экскурсия өткізіп және мерзімді басылымдарда мақалалар жариялап, түрлі құжаттық көрме ұйымдастыру болып табылады. Көрме құжаттарды насихаттау үшін жасалады. Бүгінде аудандағы мұрағат қорында осындай мақсатта көрнекті көрме жасақталған. Көрменің негізгі бөлігінде туған өлкенің төл перзенті, Ұлы Отан соғысының ардагері Ибадулла Әлсүгіровтің өмір тарихынан сыр шертетін құжаттары мен орден-медальдары, марапаттары қойылған.
Енді соғыс ардагерінің өмір жолына назар аударайық. Ибадулла Әлсүгіров – 1922 жылы Қызылорда облысы, Сырдария ауданы, 1-Май ауылдық советінде, шаруа отбасында дүниеге келген.
1942 жылы 20 жасында Сырдария ауданының әскери комиссариатынан қызыл әскер қатарына шақырылып, әрі қарай майдан даласына аттанып кетеді. Түскен полкы №0738 әскери жасақ құрамында болып, соғысқа қатысады. Кескілескен қан майдан даласында жан аямай ерлік көрсетіп, жеңіс күнін жақындатуға өз үлесін қосты.
1943 жылдың қыркүйек айында Харьков қаласының Карлов ауданы, Закуленье селосын неміс басқыншыларынан азат ету барысында жанбасынан оқ тиіп, ауыр жарақат алады. Сол жылы, яғни 1943 жылдың аяғына таман елге, отбасына Ибадулла Әлсүгіровтің қайтыс болғандығы жайлы қаралы хабар келеді. Алайда, көретін жарығы бар жауынгердің бұл қара қағазы сол кездегі әскери қолбасшылардың қателігінен болған еді. Шындығында, алған жарақатынан госпитальда жатып айығып, 1943 жылдың соңында әскери дәрігерлердің майданға жарамсыздығы жайлы арнайы анықтамасымен елге аман-есен оралады.
Елге оралғаннан кейін, 1944-1982 жылдар аралығында табан аудармастан 38 жыл теміржол саласында тер төгіп, құрметті зейнет демалысына шыққан.
Майдан даласында жасаған ерліктері үшін 1945 жылы «ІІ-Дәрежелі Ұлы Отан соғысының Орденімен», 1946 жылы «1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысында Германияны жеңгені үшін» медалімен, 1970 жылдан бастап «Ұлы Отан соғысы Жеңісіне 25, 30,40 жыл», 1978-1988 жылдары «КСРО Қарулы күштеріне 60, 70 жыл» мерейтойлық медалімен, 1985 жылы «1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысы Жеңісіне 40 жыл» мерекелік медалімен және тағы да басқа Құрмет, Алғыс хаттармен марапатталған.
Ардақты ардагер 1994 жылдың желтоқсан айында 72 жасында өмірден өтті. 6 ұл, 4 қыз тәрбиелеп өсірді.
Осындай құнды құжаттарды қорларында қастерлеп сақтап отырған аудандық мұрағат қызметкерлерінің жұмыстарына табыс, отбастарына амандық тілеймін.
Бекболат Темірәліұлы,
Шиелі аудандық тарихи-өлкетану
музейінің ғылыми қызметкері
Шиелі аудандық тарихи-өлкетану
музейінің ғылыми қызметкері








