Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » АРХИВ ТӨРІНДЕГІ ТЕРЕҢ ТАРИХ

АРХИВ ТӨРІНДЕГІ ТЕРЕҢ ТАРИХ

Жазба тарихының дәйекті дәлелдерін сақтап, келесі кезеңге жалғауда, оны ұрпаққа қаз-қалпында жеткізуде архивтердің үлкен орны бар. Жыл сайын 9 маусым күні еліміз Халықаралық архивтер күнін атап өтуді әдетке айналдырған. Бұл кәсіби мереке аталған саланың рөлі мен бедерін арттырып, тарих тамыры, құнды құжаттардың шын жанашырына айналып жүрген архившілердің мерейін өсірері анық. Адамзаттың білімі мен ғасырлар еншісіндегі тәжірибесін көрсететін шежіре қоймасы бүгінде ел игілігіндегі асыл мұраларды ұтымды пайдалану мен барынша толық зерттеуге бағытталған қызмет шеңберін уақытпен бірге кеңейтіп келеді.
Шынында, архивсіз тарих, тарихсыз мемлекет болмайды. Қазіргі таңда елімізде құжаттарды құнттайтын 200-ден аса архив бар. Олар Қазақстан Республикасының 1998 жылғы 22 желтоқсандағы «Ұлттық архив қоры және архивтер туралы» Заңына сәйкес жұмыс істейді. Ал өз ауданымызда боямасыз тарихты сақтау үшін «Қызылорда облысының мемлекеттік архиві» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің Шиелі аудандық филиалы 1987 жылдан бері қызмет етуде. Бүгінгі санда үлкен жауапкершілік пен қырағылықты көздеп, өткен күннің белгісін бүлдірмей, ақиқатты аманаттауды мақсат еткен аудандық мұрағаттың бедерін баяндамақпыз.
Ұлттық шежіренің шындығын ұлықтап, оны халыққа, келер ұрпаққа жеткізіп отырған мекеме бұған дейін Ы.Алтынсарин атындағы №219 қазақ орта мектебінің жылыжайында мұрағатқа бейімделген ғимаратта жұмыс атқарған. Уақыт өте келе, аудан әкімінің 1998 жылғы 26 тамыздағы №1060 шешімімен бұл орын толығымен мұрағат мекемесінің есебіне берілді. Мұнда 2 қор қоймасы бар әрі құжат қабылдау мен құжат өңдеу бөлмелері және жұмыс кабинеттерімен жабдықталған, толығымен техникалық құралдармен қамтамасыз етілген. Ал архивтің ұлттық игілігі заңға сәйкес мемлекет қорғауында.
Архив – тек терең тарихты ғана емес, әр ұлттың даму жолын, болмысын, даналығы мен даралығын, арманы мен тілегін сақтайтын киелі орын. Аудандық архив қорында 1987 жылдың ақпан айында барлығы 1148 құжат болса, бүгінде 217 қорда 49961 құжат, 284 фото құжат сақталып, ел игілігіне қызмет көрсетіп келеді.
Қазіргі таңда аудан көлеміндегі 88 мемлекеттік және мемлекеттік емес ұйымдармен мұрағат құжаттарының саны артып, оларға ведомстволық архив ісін жүргізу мен ұйымдастыру бойынша әдістемелік көмек көрсетіліп, семинарлар мен дөңгелек үстелдер өткізіліп, жауапты қызметкерлерге кеңестер беріліп тұрады. Атқарылып жатқан бұл жұмыстар архив үшін жыл сайынғы толықтыру көздері болып отыр.
Қордағы құжаттардың сақталуын қамтамасыз етуде архивист мамандардың міндеті зор. Мекемеге 2010 жылдың қазан айынан бастап Ерболат Әбішұлы басшылық етеді. Сондай-ақ мұрағат ішінде қор қоймасының меңгерушісі, 3 архивист пен 1 бағдарламашы, электрик пен кіші техникалық қызметкер еңбек етуде.
Аталған қызметті өз деңгейінде орындау үшін архивистерге білім мен біліктілік қана емес, жұмысына, халық мұрасы мен ел мен жердің тарихына деген адалдық керегі анық. Мекеме қызметкерлері бүгінде бұл міндеттің үдесінен шығып отыр. Олар кәсіби біліктілігін арттыру мақсатында облыстық, қалалық архивтермен оқулар, онлайн сабақтар өткізіп, әдістемелік тәжірибе алмасып отырады.
– Мекемедегі бірде-бір құжат архив қызметкерлерінің назарынан тыс қалмайды. Әрбірін стандартты қораптарға бекітіп, сапалы күйде сақтауға жағдай жасалған.
2021 жылдың 1 қаңтарында құжаттарды қайта тігіп-түптеу, парақтарын қайта жөндеу, мәтіні өшкен парақтарды қалпына келтіру, құжаттардың жай-күйін тексеру бойынша жұмыстар жүргізіліп, қоймадағы жинақтар шаң-тозаңнан тазартылды.
Алда архив ісін жетілдіру, сол арқылы қорды толықтыру бағытындағы жұмыстарды нәтижелі орындау міндеті тұр, – дейді Ерболат Әбішұлы.
Расында, архивтерге мемлекеттік тұрғыдан қолдау жасап, ондағы құжаттарды қорғау, жинақтау және есепке алу, олардың сақталуы мен пайдаланылуын қамтамасыз ету, заман талабына сәйкес аталған саланың ғылыми, әдістемелік бағыттарын жаңғырту – күн тәртібіндегі мәселенің бірі.
Кешегі күннің көрінісін, тарихи оқиғалар мен құбылыстардың нақты дәйек-дерегін жинақтап, сан ғасырдың сырын бүгінге жеткізуші – архив қызметінің қоғамдағы маңызы орасан. Себебі бұл асыл мұра мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық жағдайы, ішкі-сыртқы саясаты мен тарихы, рухани әлемінің басын біріктірген мол дерек қорын қамтып, жәдігерлер жиынтығын жасап отыр. Әрі құнды қор үнемі жаңа дерек, мазмұнды мәліметпен толыға бермек.

Таслима ӘЛІШЕР
11 маусым 2024 ж. 205 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№79 (9243)

07 қазан 2024 ж.

№78 (9242)

01 қазан 2024 ж.

№77 (9241)

28 қыркүйек 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031