Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Тарихты жасайтын – халық, сақтайтын – архив

Тарихты жасайтын – халық, сақтайтын – архив

ӨТКЕНІМІЗДІ КӨЗ АЛДЫМЫЗҒА КЕЛТІРІП, БОЛАШАҚҚА ҚЫЗМЕТ ЕТЕТІН, ЕЛ ТАРИХЫН БАЙЫТАТЫН, МЕМЛЕКЕТІМІЗДІҢ ҚҰНДЫ МҰРАСЫН САҚТАЙТЫН МЕКЕМЕ – АРХИВ.
Қазақстанда архившілер күні 2020 жылы Үкіметтің қаулысымен 22 желтоқсан деп бекітілген. Өйткені 1998 жылы дәл осы күні елімізде тұңғыш рет Ұлттық архив қоры жайлы Заң қабылданған болатын. Осылайша кәсіби мерекенің белгіленуі архивист мамандардың мерейін өсіре түсті. Ал ресейлік архив мамандары мерекені 10 наурызда, беларустар 6 желтоқсанда, қырғыз елінің архившілері 30 тамызда атап өтеді.
Елімізде құжаттарды құнттайтын 200-ден аса архив бар, олар «Ұлттық архив қоры және архивтер туралы» Заңына сай жұмыс істейді. Жалпы архивтік деректер адамзаттың саяси тарихы, экономикалық және әлеуметтік дамуының құжаттарын жинайтын негізгі мекеме саналады. Сондықтан Архивтер күні сала мамандарының кәсіби мерекесі ғана емес, жалпы халықтың назарын аудару үшін белгіленген атаулы дата.
Архив – тарихтың қайнар бұлағы. Ал, архив қызметкерлері – тарихымыздың тамыры, құнды құжаттардың шын жанашырлары. Жүз мыңдаған ақпараттық қазынамен жұмыс істейтін архив мамандары ел мүддесі үшін аянбай еңбек етіп келеді. Ал қазіргі жаһандану заманында мәселе ақпараттың көлеміне емес, онымен жұмыс істей білудің, өңдеудің, сақтаудың жолдарын қарастыруға келіп тіреледі. Сол себепті қазіргі архив қызметкерлеріне жаңа технологияларды меңгеру басты міндет болып отыр.
Қоймадағы ескірген құжаттарды қайта қалпына келтіру, мәтіні өшсе көшіріп жазу, әр деректі шаң-тозаңнан тазалау, оны цифрлық форматқа енгізу, сұраныс келіп түскен құжатты тауып беру – бәрі-бәрі архивист мамандардың қызметі.
Елдегі «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы аясында ғасырлар қойнауынан жеткен баға жетпес архив қорын, тарихи мұраларды, түпнұсқа құжаттарды кейінгі ұрпаққа сыны мен сырын бұзбай жеткізуге зор мүмкіндік туып отыр. Жалпы алғанда, құжаттық дереккөздердің толыққанды кешенін сақтау және оларды жан-жақты пайдалану барысында сандық жүйенің рөлі жоғары. Оның нәтижесінде көптеген сирек қолжазбаларды ұзақ уақыт сақтауға әрі өткен замандардан қазіргі заманға дейінгі кезеңді қамтитын отандық және шетелдік архивтер дүниесіне ілгері зерттеулер жүргізуге есіктер айқара ашылады. Оның үстіне әлемді жайлаған індет кезінде онлайн, цифрлық, электрондық форматтың қаншалықты маңызды екені айқын көрінді. Бүгінгі таңда елімізде электронды архив құрып, соны іске қосу мәселесі оңтайлы шешіліп келе жатыр. Бұл ретте аудандық архив қоры да үздіксіз жұмыс жасап келеді. Мәселен жыл басынан бері мекеме мамандары 69 қордағы 110 мыңнан аса құжатты цифрлы форматқа көшіріп үлгерген. Сондай-ақ қорға 500-ден аса жаңа құжат қабылданып, «электрондық үкімет» веб-порталы арқылы келіп түскен 819 өтінішке тиісті жауап берілген. Архив қызметкерлері қоғамдық шаралардан да қалыс қалмайды.
– «Балалар жылына» арнап «Архив және болашақ ұрпақ» жобасы қабылданған болатын. Соның аясында мектеп оқушыларына ашық есік күндері, экскурсиялар мен көрмелер ұйымдастырылды. Одан бөлек мемлекеттік қызметшілердің қатысуымен «Құжаттарды архив мекемелеріне мемлекеттік сақтауға қабылдау-тапсыру тәртібі» тақырыбында семинар-кеңес, әр мереке қарсаңында түрлі мерекелік кездесулер мен дөңгелек үстелдер өткізіп келеміз. Сондай-ақ жыл басынан бері архивист мамандардың ықпалымен аудандық «Өскен өңір» газетіне онға жуық мақала жарияланып, оқырмандарға жол тартты, – дейді, аудандық архив басшысы Ерболат Дүйсенбаев.
Аудандық архивте еңбек етіп жатқан 6 қызметкер – өңірдің тарихи жадын сақтаушылар. Саналуан ақпараттық байлықпен жұмыс істейтін олар қоғам мүддесі үшін тарихи мұраға қол жеткізуге қызмет етеді. Архивте сақталған құнды құжаттарсыз тарихты зерттеу, ғылымның, мәдениет пен білім беру саласының дамуы мүмкін емес.

Гүлхан ЯХИЯ
21 желтоқсан 2022 ж. 561 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№93 (9257)

23 қараша 2024 ж.

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

№91 (9255)

16 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930