Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Өзіміздің өнім өзгеден артық

Өзіміздің өнім өзгеден артық

Кәсіпкерлермен тілдесу арқылы көп нәрсе ұғынамыз. Әрбір кәсіптің артында тек ақша немесе өнім ғана емес, еңбек, талғам, шыдамдылық пен тарих жатыр. Сол үшін біз жақында ерекше кәсіп иесі, ­аудан тұрғыны, шебер Жандәулет Құрманбекұлымен жүздестік.
Қабырғалар бойына тігілген етіктер, мәсілер мен туфли көздің жауын алады, ал былғарының иісі әр бұрышқа еңбектің, шеберліктің жылуын таратады. Ең қызығы жолда ауыр жүк көлігін айдайтын жігіт әкенің ақылымен кәсіп ашып, бүгінде халыққа қызмет көрсетіп келеді.
– Бірде әкем шақырып алып, ішкі ойымен бөлісті. «Балам, менің әкем ұста болған, мен де сол кәсіпті меңгердім. Енді оны өзіммен бірге көрге алып кеткім келмейді. Осы кәсіпті үйрен, қыр-сырына қанық» деп ақылын айтты. Қазақ «Әкеге қарап, ұл өсер» деген ел ғой. Әкемнің бойындағы өнерден титтей де дарыған болса керек, жолда жүк тасымалымен айналысатын қызметімді тоқтатып, осы іске білек сыбана кірістім. Бірінші жұмысым саптама етік болатын. Оны жап-жақсы шығардым. Мұнан кейінгі еңбектің әрбірі тәжірибемен келді. Былғарыны қайта өңдеу, тігер аяқ киімге дайындау, мұның барлығына үйрендік, – дейді ол.
Жандәулет бүгінде балаларға арналған аяқ киімнен бастап, таза былғарыдан мәсі, көкпар етігі, саптама етік және үйішілік аяқ киімдер тігеді. Барлығы табиғи былғарыдан, қолдан жасалған. Бағаны да ол ойына келгенше қоймайды. Материалдың сапасы мен жұмыстың күрделілігін ескере отырып, ­бастысы тұтынушы қалтасына салмақ ­салмауды көздейді.
– Қолдан жасалған дүние міндетті түрде қымбат болуы керек деген түсінік бар. Мен осы ойды өзгерткім келеді. Әрине еңбек бағалануы тиіс. Бірақ халыққа қолжетімді болуы маңызды, – дейді шебер.
Кейіпкеріміз қазір өз кәсібін жандандыруда. Әке аманатын орындап жүрген азамат шамамен жылына 150 шақты өнім шығарады. Оның тіккен аяқ киімі ерлер арасында сұраныста. Сондай-ақ аяқкиім өндірісінде өзіндік қолтаңбасы бар ұстазы Жақсымбек Өмірқұлұлынан да үйренгені көп.
Ұстаздан алған тәлім мен әке аманаты бүгінгі еңбегінің темірқазығына айналған. Әрбір тігілген етіктің тігісінен жауапкершілік, әр қонышынан сабыр мен төзім байқалады.
Бүгінде шебердің қолынан шыққан аяқ киімдер аудан тұрғындары арасында ғана емес, алыс-жақын өңірлерден де тапсырыспен алдыртылады. Себебі тұтынушы үшін ең бастысы – сапа мен ыңғай. Ал табиғи былғарыдан қолдан тігілген аяқ киімнің денсаулыққа да, төзімділікке де пайдалы екені белгілі.
Жандәулет сапасыз, арзан аяқ киімнің әсіресе бала аяғына зиян екенін жасырмай айтады. Өйткені өсіп келе жатқан баланың табанына ыңғайсыз, жасанды материалдан жасалған аяқ киім кері әсерін тигізбей қоймайды. Осыны түсінген шебер әр өнімін үлкен жауапкершілікпен, «өз балам кисе» деген ниетпен тігеді.
Ой түйер болсақ, шеберханада жүріп, біз көп нәрсені ұғындық. Бұл жерде аяқ киім ғана тігілмейді, мұнда еңбекке деген құрмет, шыдам мен жауапкершілік қалыптасады. Былғарының иісі мен балғаның дыбысы әр істің артында маңдай тер, табандылық жатқанын сездіреді.
Жандәулет Құрманбекұлы үшін әрбір тігілген етік – жай ғана өнім емес, ата жолының жалғасы, әке аманатының орындалуы. Осындай шеберханалар көбейсе, дайын дүниеге телмірмей, өз қолымызбен сапалы өнім жасауға болатынын жастар да түсінер еді.

Айнұр ИБРАШЕВА

22 желтоқсан 2025 ж. 19 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№97 (9364)

20 желтоқсан 2025 ж.

№96 (9363)

16 желтоқсан 2025 ж.

№95 (9362)

13 желтоқсан 2025 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
293031