Шиелілік кәсіпкер жылына 200-ге жуық аяқ киім шығарады
Шиелі ауданының тұрғыны, шебер Жандәулет Құрманбекұлы балаларға арналған аяқ киім, таза былғарыдан мәсі, құрым, көкпар, саптама етіктерін, үйішілік аяқкиімдер тігеді. Бағаны материалдың сапасына, жұмыстың күрделілігіне қарай белгілейді.
«Бізде қолдан жасалынған дүние қымбат тұрады деген ой қалыптасқан. Мен сол ойды түбегейлі өзгертуге тырысып жүрмін. Әрине еңбекті бағалаған жөн. Десек те ыңғайға, алатын адамның қалтасына ауырлық салмауға аса мән беремін. Мысалы, саптама етік – 350 мың, ұзын қонышты етік – 50 мың, қысқа қонышты – 30 мың, туфли – 45 мың, мәсі 40 мың теңгеден басталады», – деді ол.
– Бүгінгі таңда сұраныс ер балалардың аяқ киіміне түсуде. Әйелдерге арналған аяқ киімдерді болашақта тігу жоспарда бар. «Не істеуге болады» деп қарап отыратын уақыт емес. Бір нәрсемен айналысу керек. Сондықтан өзімнің қолымнан келетін жұмысты істеуге кірістім. Кәсібім өзіме ұнайды. Көп уақыт кетпейді. Азаннан-кешке дейін бір жұмыста байланып отырмайсың. Өйткені әйелдердің аяғына шақталған қалып әзірге болмай тұр. Ер адамдарға арналған модельдің өзі санаулы ғана, – дейді ол.
Кейіпкеріміз бүгінде өз кәсібін жандандыруда. Жылына 100-200 шақты өнім шығарады. Оның тіккен аяқ киімі ерлер арасында сұраныста. Жас кәсіпкер 4-5 адамды жұмыспен қамтып отыр. «Атамнан қалған қаншама бұйым бар еді. Содан қалғаны өзі жасаған кебіс қана. Арада қанша уақыт өтсе де сыры кетпеген. Фирмалық туфли сияқты. Ағаш шегемен шегеленген. Ол қайыңнан жасалады. Иілгіш. Су тисе, былғарымен бірге ісініп, қайтадан қалпына келеді», – дейді шебер.
Бүгінде жас болсын, кәрі болсын әдемі, осы заманғы сәнге сай аяқ киім киюге тырысады. Бірақ аяқ киім қаншалықты сапалы және ыңғайлы екеніне көбіне аса мән бермейді. Өйткені халық қалтасының қалыңдығына қарай аяқ киім таңдайды. Сондықтан таңдауы сапалы төмен жасанды материалдан жасалған аяқ киімге түседі. Яғни былғары аяқ киім бағасы қалта көтермейді. Дегенмен сапасыз, ыңғайлы емес, биік өкшелі немесе мүлдем өкшесіз, қытайдың «бір реттік» қана аяқ киімі көбіне жаңа дамып келе жатқан бала ағзасына көп зиян келтіреді. Сондықтан да шебер аяқ киім аларда сапасына мән беру керектігін алға тартады.
Мөлдір САБЫРЖАН