Ақ халатқа артылған аманат
Өткен аптада аудандық көпбейінді орталық ауруханасына арнайы жол түсті. Күнделікті қарбаласқа толы бұл мекеменің ішкі тіршілігі бір қарағанда көзге көріне бермейтін, бірақ әр сәті адам тағдырымен тікелей байланысты күрделі жүйе екенін сол сәтте анық сезінесіз. Қабылдау бөліміндегі тынымсыз қозғалыс, дәрігерлердің шұғыл шешім қабылдауы, мейіргерлердің дәл әрі ұқыпты әрекеті – мұның барлығы үйлесімді ұйымдастырылған үлкен еңбектің көрінісі. Осы сапар барысында аудан медицинасының бүгінгі беталысымен танысып қана қоймай, осы жүйенің алдыңғы шебінде жүрген тәжірибелі дәрігер, білікті маман Бақтыгүл Мұсағалиевамен жолығудың сәті түсті.Бүгінде Шиелі ауданының денсаулық сақтау жүйесі ауқымды құрылымға айналған. Аудан бойынша 1 аудандық аурухана, 2 тәуліктік ауылдық аурухана (Бәйгеқұм, Сұлутөбе), 1 аудандық емхана, Көкшоқы БМСК бөлімі, жалпы тәжірибелік дәрігерлік бөлімі, 19 дәрігерлік амбулатория, 13 медициналық және 3 фельдшерлік-акушерлік бекет халыққа тәулік бойы қызмет көрсетіп отыр. Осындай кең желінің тиімді жұмыс істеуі нақты жоспар мен қатаң бақылауды талап етеді.
Бақтыгүл Сағидоллақызы – медицинаға кездейсоқ келмеген, бұл мамандықты саналы түрде таңдаған жан. Ол 1966 жылы Атырау облысының Қызылқоға ауданында дүниеге келіп, бала кезінен-ақ адам жанына араша болуды армандаған. Гурьев медициналық училищесін үздік дипломмен тәмамдап, кейін Ақтөбе мемлекеттік медицина институтында «Педиатрия» мамандығы бойынша жоғары білім алды. Невропатология саласын таңдауы оның кәсіби жауапкершілігі мен терең ізденісінің нәтижесі еді.
1992 жылы Шиелі аудандық ауруханасына дәрігер-невропатолог болып келген жас маман сол кезден бастап аудан халқының сеніміне ие болды. Ол жылдары ауданда неврология маманы тапшы болып, Б.Сағидоллақызы балалар мен ересектерге бірдей көмек көрсеткен жалғыз невропатолог еді. 1992-2006 жылдар аралығында инсульт, жүйке жүйесінің ауыр патологиялары, туа біткен генетикалық аурулармен күресіп, жүздеген адамның өмір сапасын жақсартуға ықпал етті. Инсультпен ауырған науқастарға көрсетілетін шұғыл және оңалту көмегін кезең-кезеңімен енгізуі аудан медицинасы үшін үлкен жаңалық болды.
2010 жылдан бастап бас дәрігердің емдеу ісі жөніндегі орынбасары қызметіне тағайындалғаннан кейін оның жауапкершілік аясы одан әрі кеңейді. Қазір орталық ауруханада 2025 жылдың 9 айының қорытындысы бойынша 1486 қызметкер еңбек етеді. Оның ішінде 190 дәрігер бар, бұл жалпы персоналдың 12,7 пайызын құрайды. Соңғы үш жылда дәрігерлер үлесі 1,2 пайызға артқан. Орта буын медицина қызметкерлерінің саны 851 адамға жетіп, жалпы үлесі 57,2 пайызды құрап отыр. Бұл деректер кадр сапасын арттыруға бағытталған жүйелі жұмыстың нәтижесін көрсетеді.
Мамандардың кәсіби деңгейі де жыл сайын өсіп келеді. 2025 жылдың 9 айында біліктілік санаты бар дәрігерлердің үлесі 54,2 пайызға жетсе, бұл 2023 жылмен салыстырғанда 8,4 пайызға жоғары. Орта буын медицина қызметкерлерінің 52,9 пайызы да біліктілік санатына ие. Сонымен қатар 30 мейіргер «Мейіргер ісі» бойынша бакалавр дәрежесін алып, дәрігер көмекшісі ретінде жұмыс істеуге дайын. Соңғы екі жылда Германия, Литва және Түркия елдерінде бірнеше дәрігер біліктілігін арттырып келуі – кадр даярлау ісінің халықаралық деңгейге шыққанын аңғартады.
Елімізді әбігерге салған COVID-19 пандемиясы кезінде кейіпкеріміздің қабілеті ерекше көрінді. 2020–2021 жылдары аудан бойынша тіркелген жүздеген ауыр науқастың әрқайсысы қатаң бақылауда болып, стационарлық көмектен бастап оңалтуға дейінгі шаралар жүйелендірілді. Сол бір сын сағатта медицина қызметкерлерін бір мақсатқа жұмылдырып, қорқыныш пен белгісіздікті сабыр мен тәртіпке жеңдіре білді. Нәтижесінде жүздеген шиелілік азамат ажалдан арашаланып, отбасына аман оралды.
Бүгінгі таңда аурухана инфрақұрылымы да айтарлықтай жаңарған. Атап айтсақ, «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 2024 жылы Алмалы, Ә.Тәжібаев, Ортақшыл, Тартоғай, Бестам елді мекендерінде бес жаңа дәрігерлік амбулатория пайдалануға берілді. 2025 жылы құны 2 млрд 323 млн теңге болатын 30 төсектік жұқпалы аурулар бөлімі ашылды. Сондай-ақ қосымша корпус салынып, онда инсульттік бөлімше жұмысын бастады. Жыл соңына дейін құны 650 млн теңгелік МРТ аппараты орнату жоспарлануда.
Бақтыгүл Сағидоллақызының еңбегі мемлекет тарапынан лайықты бағаланды. Ол «Қазақстан Республикасы денсаулық сақтау ісінің үздігі» төсбелгісінің, «Халық алғысы» медалінің иегері, бірнеше мәрте облыстық және республикалық марапаттарға ие болды. Дегенмен, оның айтуынша, ең үлкен марапат – халықтың алғысы мен әріптестерінің сенімі.
Отбасында ол аяулы ана, арқа сүйер жар. Үш ұл тәрбиелеп отыр. Ұлдарының медицина жолын таңдауы – әке мен ананың өмірлік ұстанымының заңды жалғасы іспетті.
Осылайша, Шиелі аудандық көпбейінді орталық ауруханасының тыныс-тіршілігімен танысып, Бақтыгүл Сағидоллақызымен әңгімелесе отырып, бір ақиқатқа көз жеткізесіз: медицина – жай ғана мамандық емес, бұл – адам тағдырына деген үлкен жауапкершілік. Ал сол жауапкершілікті нақты іспен, дәлелді нәтижемен көтеріп келе жатқан білікті дәрігерлер барда аудан медицинасының болашағы берік, халық денсаулығы сенімді қолда екені сөзсіз.
Айнұр ИБРАШЕВА,
сурет Бақытжан БӘЙІМБЕТ
сурет Бақытжан БӘЙІМБЕТ








