ЕЛГЕ ҚЫЗМЕТ - АБЫРОЙЛЫ МІНДЕТ
Аудан әкімі Айтбай Жандарбековтың төрағалығымен өткен актив отырысында Шиелі ауданының прокуроры қызметін абыроймен атқарған Нұрбек Қаратаевты жаңа қызмет орнына салтанатты түрде шығарып салу рәсімі өтті.Нұрбек Келсімұлы прокуратура органдарындағы қызметін 2009 жылы Қызылорда қаласы прокурорының көмекшісі лауазымынан бастаған. Қызметтік жолында бірнеше маңызды әрі жауапты міндеттерді абыроймен атқарды.
Атап айтқанда облыстық прокуратураның басқарма прокуроры, облыс прокурорының аға көмекшісі, облыстық прокуратураның басқарма бастығы, облыс прокурорының көмекшісі, Сырдария ауданы прокурорының орынбасары, 2022 жылдан бүгінгі күнге дейін Шиелі ауданының прокуроры қызметін атқарып, ауданның құқықтық тәртібін қамтамасыз ету бағытында табысты жұмыс істеді.
Осы кезеңде Нұрбек Келсімұлы құқық бұзушылықтың алдын алу, қылмысты болдырмау, қоғамдық тәртіпті сақтау бағытында жүйелі шаралар қабылдады. Тұрғындардың құқықтық сауаттылығын арттыру, жастар арасында құқықбұзушылықтың алдын алу бойынша енгізген тәжірибелері мен жүзеге асырған бастамалары жергілікті қоғамдастық тарапынан жоғары бағасын алған болатын.
Актив отырысында аудан әкімі Айтбай Жандарбеков Нұрбек Келсімұлының қызмет барысында көрсеткен жоғары кәсіби біліктілігі, заңдылық пен әділдік принциптерін берік ұстанғаны үшін облыстың ең жоғары марапаты – «Қызылорда облысының Құрмет Грамотасымен», сондай-ақ облыс әкімі Нұрлыбек Машбекұлы Нәлібаевтың «Алғыс хатымен» марапаттады.
Шара барысында аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Өркен Исмайлов, Шиелі аудандық сотының төрағасы Нұржан Бекетаев, облыстық мәслихат депутаты Дәулет Жұмбеков сөз сөйлеп, Нұрбек Келсімұлына алдағы қызметінде табыс тілеп, ақ ниеттерін жеткізді.
Шиелі ауданы әкімінің баспасөз қызметі






