Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Нариман Мақұлбеков жаңа қызметке тағайындалды

Нариман Мақұлбеков жаңа қызметке тағайындалды



Қазақстан Республикасының Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі аппараты басшысының бұйрығымен Мақұлбеков Нариман Әскербекұлы Қызылорда облысы бойынша көліктік бақылау инспекциясының басшысы лауазымына тағайындалды.

Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев кадрлық өзгерістерге байланысты актив отырысында Нариман Әскербекұлын құттықтап, жаңа қызметіне сәттілік тіледі.
«Нариман Әскербекұлы Сіздерге жақсы таныс, мемлекеттік қызметтің түрлі сатысынан өтіп, облыс әкімі аппараты басшысының орынбасары, Шиелі ауданының әкімі қызметтерін абыроймен атқарған тәжірибелі және іскер басшы. Әр жылдары прокуратура саласында тергеуші-стажердан бастап, Қармақшы, Қазалы аудандарының прокуроры, облыс прокурорының орынбасары, Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасында басшылық қызмет атқарып, азаматтардың құқықтары мен заң үстемдігін қамтамасыз етуге өз үлесін қосты.
Нариман Әскербекұлы «Байқоңыр» кешенiнде екі ел арасындағы келісімге сәйкес сонда тұратын Қазақстан Республикасы азаматтарының құқықтарын қорғауға байланысты мемлекеттiк саясатты жүзеге асыруға бағытталған жұмыстарды жүргізді. Жаңа қызметте өңірдің транзиттік әлеуетіне сәйкес автомобиль жолдарындағы ірі габаритті және ауыр салмақты көлік құралдары мен теміржол көлігіндегі қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған тиісті жұмыстарды үйлестіреді», – деді аймақ басшысы.
Жиында облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Дүйсенбаев әріптесін құттықтап, ізгі тілектерін арнады.Айта кетейік, Нариман Әскербекұлы осы уақытқа дейін Қазақстан Республикасы Президентінің «Байқоңыр» кешеніндегі арнаулы өкілінің қызметін қамтамасыз ету басқармасының басшысы қызметін атқарып келген.

Қызылорда облысы әкімінің
баспасөз қызметі
28 наурыз 2023 ж. 170 0