Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ШАБЫТ ПЕН БІРЛІККЕ ТОЛЫ САЛТАНАТТЫ КЕШ ШИЕЛІ АУДАНЫНДА ЖАЛҒАСЫН ТАПТЫ

ШАБЫТ ПЕН БІРЛІККЕ ТОЛЫ САЛТАНАТТЫ КЕШ ШИЕЛІ АУДАНЫНДА ЖАЛҒАСЫН ТАПТЫ

Аймақ басшысы Нұрлыбек Машбекұлы Нәлібаевтың және ҚР Парламенті Сенаты мен Мәжілісі депутаттарының қатысуымен облыс орталығы Қызылорда қаласында салтанатты шара өтті. Аталған жиынға барлық аудан ZOOM платформасы арқылы онлайн форматта қатысты.
Салтанатты шара барысында облыс әкімі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Қызылорда облысына жасаған сапарының қорытындыларына тоқталып, Президенттің өңірдің даму қарқынына берген жоғары бағасын атап өтті. Сондай-ақ, аймақта атқарылып жатқан жұмыстар мен халықтың бірлігі арқасында қол жеткізілген жетістіктер туралы айтты.
Аймақтық жиыннан кейін Бұдабай Қабылұлы атындағы мәдениет үйінде аудандық салтанатты жиын жалғасын тапты.
Аудандық салтанатты жиында аудан басшысы Айтбай Насриддинұлы Жандарбеков облыс әкімі Нұрлыбек Машбекұлының құттықтау лебізін жеткізіп, облыста және ауданда атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде баяндама жасады.
Шиелі ауданында соңғы жылдары айтарлықтай өзгерістер орын алуда.
Халық игілігіне Руханият орталығы, 200 орындық Оқушылар үйі, 50 орындық Өнер мектебі, Жұқпалы аурулар бөлімі, күрделі жөндеуден өткен мектептер мен дәрігерлік амбулаториялар, спорт кешендері мен жаңа тұрғын үйлер пайдалануға берілді.
Сондай-ақ Бестам ауылындағы 150 орындық клуб үйі мен Шиелі кентіндегі “Балалар-жасөспірімдер дене тәрбиесі даярлығы клубы” жақын күндері пайдалануға берілмек.
Жиын барысында өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі үлес қосқан бірқатар азаматтар Құрмет грамоталарымен, сондай-ақ облыс және аудан әкімдерінің Алғыс хаттарымен марапатталды.
Салтанатты жиын соңы аудан өнерпаздарының концерттік бағдарламасына ұласты. Көрермендерге ерекше әсер мен көтеріңкі көңіл-күй сыйлап, ән мен күйге бөлеген өнерпаздар мерекелік шараның мазмұнын байытып, маңызын айшықтай түсті.

Шиелі ауданы әкімінің баспасөз қызметі
11 қараша 2025 ж. 39 0