Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ГАЗ – СӘН, КӨМІР – ӘЛІ МӘН

ГАЗ – СӘН, КӨМІР – ӘЛІ МӘН

Қарашаның қара суығы қыр астында емес, дәл табалдырықтан сығалап тұр. Аспанның түсі суық, желдің демі өткір. Тап осы сәтте жылу мен отынның жайы қайтадан алдыңғы орынға шығады. Ауылдың әр үйінен түтін көтеріліп, адамдар қыстың қамына кірісіп кеткен. Кімнің үйінде газ бар, ол – жылы үйдің иесі. Ал кімде пеш бар, ол – күл шығарудың қамында. Бірақ екеуінің де мақсаты бір – тоңбау, үйін, отбасын жылыту.
Қанша дегенмен, көмір мәселесі – қазақ ауылындағы өмірдің айнымас бөлшегіне айналды. Тіпті жыл сайын қайталанатын «көмір дауы» бүгінде қалыпты көрініске айналды десе болады. Бір жылы көмір жетіспейді, келесі жылы бағасы шарықтап, тұрғындардың қалтасын қағады. Мәселен, осыдан үш жыл бұрын көмірдің бір тоннасы 14 650 теңге болса, өткен жылы ол 18 400 теңгеге дейін көтерілген. Ол кезде халық «қымбаттау ғой» дейтін. Ал биыл баға тағы шарықтап, тоннасы 23 000 теңгеге жетіп отыр. Мұндай өсім, әсіресе, табысы шектеулі ауыл тұрғындары үшін салмақ. Баға көтерілсе, көңіл де суыйды. Бірақ амал нешік, жылусыз отыруға болмайды. Аудан бойынша биыл 16 мың тонна көмірге тапсырыс берілген. Бұл отынды жеткізу мен сатуды «ТОО BEST» компаниясы қолға алған. Бағаның өсуі логистика мен тасымалдау шығындарының артуымен, сондай-ақ нарықтағы жалпы инфляциялық процестермен байланысты болғанымен, нәтижесінде ауыртпалық халық мойнына түсетіні жасырын емес. Аудандық тұрғын үй, коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Ғабит Аманжоловтың айтуынша, биылғы маусымға қажетті қатты отынның жалпы көлемі 21,9 мың тонна болып бекітілген. Оның ішінде жеке тұрғындарға – 18 мың тонна, ал әлеуметтік нысандарға – 4,9 мың тонна. Қатты және сұйық отын жеткізуге қатысты барлық келісімшарт жасалып, жұмыс кестеге сай жүріп жатыр. Әлеуметтік нысандарды көмірмен қамтамасыз ету міндетін «ИП Нұрманов» атқаруда. Қазіргі уақытта бұл кәсіпкерлік нысандар үшін 2520 тонна көмір жеткізген, әр тоннасы 21 300 теңгеден бағалануда. Ал «BEST» ЖШС аудан тұрғындарын көмірмен қамтып отыр – бүгінгі күнге 7700 тонна көмір жеткізілді. Оның әр тоннасы 23 000 теңге тұрады. Аудан бойынша 16 231 тұрғын үй тіркелген болса, соның 12 597-сі көгілдір отынмен қамтылған. Газдандыру қарқынының артуы көмірге деген қажеттіліктің төмендеуіне әсер етуде.
Аудан аумағында жаңа маусымда барлығы 137 нысан жылытылады. Жалпы есеппен алғанда, аудан бойынша 54 нысан қатты отынмен, 51 нысан газбен, 27 нысан сұйық отынмен, ал 5 нысан тоқпен жылытылады. Ғабит Аманжоловтың мәлімдеуінше, қазірдің өзінде отын жеткізу мен жылыту нысандарын дайындау ісі қарқынды жүріп жатыр. – Қысқа дайындық – жауапты кезең. Мақсатымыз – аудан тұрғындары мен әлеуметтік нысандарды үздіксіз жылумен қамтамасыз ету, – деді бөлім басшысы. Газдандыру жұмыстарының белсенді жүргізілуі тек тұрмысты жеңілдетіп қана қоймай, экологиялық ахуалға да оң әсерін тигізуде. Ал көмір мен сұйық отын қорын алдын ала жинақтау – алдағы қыстың қиындықсыз өтуінің кепілі. Кезінде «тезек – кедейдің, көмір – байдың отыны» делінетін. Ал қазір бәрі керісінше. Газға қосылу үшін аз дегенде бірнеше жүз мың теңге қажет. Көгілдір отынның өзіне жету – бүгінгі ауыл тұрғыны үшін байлықтың бір көрінісі. Ал көмірмен отырғандар ше? Олар – еңбектің, төзімнің символы. Таңертең пеш жағып, кешке күл шығарып, әр оттың жалынын күзетіп отырған адамдар. Бірақ сол төзімділіктің артында өмірдің шынайы көрінісі бар. Мәселе тек отында емес, мәселе – теңдікте. Газдың келуі – өркениеттің нышаны. Бірақ ол бәріне бірдей қолжетімді болмаған соң, айырмашылық пайда болады. Бүгінгі таңда көмір – әлі де қажет. Ол кейде қымбат, кейде сапасы төмен, бірақ басқа баламасы жоқ. Қыстың қаһары келген сайын біз бір нәрсені ұмытпауымыз керек. Жылу – бұл жай ғана температура емес, ол өмір сапасы. Көмір мен газдың айырмашылығы – тек техникалық емес, әлеуметтік айырмашылық. Көгілдір отын келген ауыл – ертеңге сенімді қарайды. Ал пештің түбінде отырған ауыл – әлі де үміттің отын маздатып отыр. Сондықтан да бүгінгі басты міндет – әр шаңыраққа бірдей жылу жеткізу. Себебі жылу бар жерде өмір бар, ал өмірдің мәні – бәріне ортақ жылылықта.

Сұлушаш МАДИЯРОВА


08 қараша 2025 ж. 22 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№85 (9352)

10 қараша 2025 ж.

№84 (9351)

04 қараша 2025 ж.

№83 (9350)

01 қараша 2025 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12
3456789
10111213141516
17181920212223
24252627282930