Көмірдің құны қанша?
Бүгін Үкіметтің баспасөз орталығында өткен баспасөз конференциясы барысында ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Индустриялық даму және өнеркәсіп қауіпсіздігі комитетінің төрағасы Қанат Байытов Қазақстанда көмір бағасының қалай түзілетіні туралы айтып берді. Қ. Байытов түсіндіргендей, бүгінде коммуналдық-тұрмыстық қажеттіліктер мен тұрғындар үшін көмірдің жалпы көлемі тауарлық биржа арқылы өткізіледі (89%). Энергетика және өнеркәсіп кәсіпорындарына көмір тікелей келісімшарттар бойынша разрездердің босатылатын бағалары бойынша тиеледі. “Коммуналдық-тұрмыстық қажеттіліктер мен тұрғындар үшін көмір бағасы разрезде тиеу бағасына (өндірлуіне байланысты тоннасы үшін 3-7 мың теңге аралығында), тасымалдауға жұмсалатын теміржол тарифтеріне, жылжымалы құрамға қызмет көрсетуге, көмірдің биржалық бағасына, сондай-ақ тұрғындарға көмір жеткізетін делдал ұйымдар мен жеке тұлғалардың маржасына байланысты болады”, — деді Комитет төрағасы. Сонымен қоса, Ұлттық экономика министрлігі жүргізген талдаулар көтерме бағамен жеткізушілермен (делдалдармен) тауарлық биржадан соң 1 тонна көмірге үстеме баға 90 пайызын құрайтынын көрсетті.
Сонымен қатар ол бүгінгі таңда түрлі маркалы көмірдің бағасы түрлі кен орнына және өндірудің өзіндік құнына, сатылатын жеріне жеткізу ара қашықтығына байланысты орта есеппен түрлі өңірлерде 1 тоннасы үшін 7 мың теңгеден 19 мың теңге аралығында екенін айтты. “Мысалы, біз Нұр-Сұлтан қаласы бойынша мониторинг жүргіздік. Көмірді қаланың түрлі бөліктеріне өткізетін 8 компания анықталды. Барлық көмір түрлерінің бағалары белгіленген. Жеткізу құнынсыз орташа бағасы бір тоннасы үшін 12 мың теңгені құрайды. 24-30 қазан аралығында елордаға 141 вагон немесе 9770 тонна көмір жеткізілді”, - деді Қ. Байытов.
Ал, өздеріңіз білетіндей, қазір Шиеліде көмір бағасы 13700-16000 теңге аралығында сатылып жатыр.