Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ҚЫСҚА ДАЙЫНБЫЗ БА?

ҚЫСҚА ДАЙЫНБЫЗ БА?

Ырымға сенсек, шілдедегі аптап ыстық қаһарлы қыста боран болып қайта оралуы мүмкін. Сондықтан етек-жеңімізді жинап, жылыту маусымына дайындықты осы бас­тан жасаған жөн.
«Қыстың қамын жазда ойлайтын» әйелдер қауымы көкөністерін тұздап, тосап қайнатып, жылдағы дәстүр бойынша азық-түлігін қамдаған қызу тіршілік үстінде. Қылышын сүйретіп келетін қыста ішіп-жемнен бөлек, үйдің жылы болғаны да маңызды.
Бүгінде кент ішімен қатар Ы.Жақаев, Бидайкөл ауылдары табиғи газға қосылып, көгілдір отынның игілігін сезініп отыр. Жыл соңына дейін Н.Бекежанов пен Ш.Қодаманов, Ақмая ауылдарына да газ жүргізіледі деп күтілуде. Десе де мұнымен аудан тұрғындарының көмірге деген сұранысы азаймасы анық.
Аудан басшысы Ә.Оразбекұлы алқалы жиындарда жылыту маусымына дайындықты қазірден бас­тап, көмірді арзан шағында алып қалу қажеттігін айтып жүр. Расында, дәл қазір кентте қатты отынның 1 тоннасы 13700 теңгеге саудаланып жатыр. Өткен жылы қажет кезінде көмірдің бағасы 15-16 мыңға дейін көтерілген. Абырой болғанда аудан басшылығы көмір жеткізуші кәсіпкерлермен келісімшарт жасасып, біршама уақыт бойы 12150 теңгеге тұрақтап тұрды.
Байқап қарасақ, әні-міні дегенше жылыту маусымының басталуына бір жарым айдай ғана уақыт қалыпты. Елдің бәрі күн қаһарына мінген шақта көмір қоймаларына қарай ағылады. Ол кезде қатты отынның бағасы шарықтап, кейде тіпті таусылып та қалуы мүмкін. Сондықтан қолда қаражат болса, отын-суды ерте бастан қамдай берген абзал.

Г.ЯХИЯ
27 тамыз 2019 ж. 775 0