«КӨГІЛДІР ОТЫН» КЕЛСЕ ДЕ, КӨМІРГЕ ҚАЖЕТТІЛІК КЕМІМЕЙДІ

Көгілдір отынның игілігін көріп отырған ауылдар жылудың жайлылығына біршама алаңсыз. Тек газ құбырынан ақау болмаса болды. Ал от жағып, пеш түбінде жылынатындар үшін қыс мезгілі оңайға соқпайтыны ақиқат. Қыстың ортасына дейін 5-6 тонна көмірді жағып, күлін шығарып үлгергендер жоқ емес. Әрине, жыл сайын газ жүйесі бірнеше ауылға тартылып, ауданның жалпы көмір тұтыну көлемі азайып келеді. Бірақ әлі де от жағып, күл шығаратындар табылады. Көмір мәселесі – қыстың ажырамас бөлшегіне айналған. Тіпті әр жыл сайын әуселесі шығып, көңілді күпті ететіні бар. Бір жылы көмір жеткіліксіз болса, енді бір жылы оның бағасы шарықтап, қалтаны қағады. Мәселен, үш жыл бұрын жергілікті тұрғындар үшін көмірдің бір тоннасы 14 650 теңгеге сатылған еді. Бұл баға халыққа жылыту маусымында біршама жеңілдік берген болатын. Алайда уақыт өткен сайын жағдай өзгерді. Өткен жылы көмірдің бағасы 18 400 теңгеге жетті. Ал биыл оның бағасы тағы да өсті. Қазір бір тоннасы 21 000 теңгеден сатылуда. Бағаның өсуі ауылдық жерлерде тұратын көп отбасына қаржылық ауыртпалық тудыратыны тағы бар. – Жыл басында жылу беру маусымын өткеруге аудан бойынша 133 мемлекеттік нысанға дайындық жүргізілді. Бұл нысандардың арасында 59 білім беру мекемесі, 33 мәдениет және спорт объектісі, 41 денсаулық саласындағы мекеме бар. Мұнда жылу жүйесінің әртүрлілігі де көзге көрінеді. Яғни, 133 нысанның 89-ы қатты отынмен, 24-і көгілдір отынмен, 20-сы сұйық отынмен жылытылады. Осылайша ауданның жылу жүйесі отынның түр-түріне тәуелді болып, әрбір нысан өз ерекшелігі мен қажеттіліктеріне қарай дайындықтар жүргізеді, – деді аудандық тұрғын үй, коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Ғабит Аманжолов. Сондай-ақ жылу беру маусымына қажетті қатты отын көлемі 23,8 мың тонна, ал сұйық отынның мөлшері 281,7 мың литр деп жоспарланған. Бұл жалпы көлемнің ішінде жеке тұрғындарға 16 мың тонна қатты отын, ал әлеуметтік нысандарға 7,8 мың тонна қатты отын бөлінген. Мұның бәрі ауданның жылу жүйесінің тұрақтылығын қамтамасыз ету, қысқы аяздарда тұрғындарды жылумен қамту мақсатында нақты шаралар арқылы жүзеге асуда. Жеке тұрғындардың жылу қажеттілігін қамтамасыз ету үшін аудан бойынша «BEST» ТОО мекемесі 18 423 тонна Шұбаркөл көмірін жеткізген. Көмірдің тоннасы қазіргі таңда – 21 700 теңгеден сатылып жатыр. Ал 30 қаңтар күні тағы да 210 тонна көмір жеткізіліп, бүгінгі таңда сатылымда. Бұл көмір үлкен жүк көліктерімен (хобамен) жеткізіліп, барлығы 1300 тонна көлемінде тасымалданған. Бұл жұмыс ауданның жеке тұрғындарына тиімді отын жеткізу үшін қолға алынған. Әлеуметтік нысандарға көмір жеткізуді «ЖК Нұрманов» мекемесі жүзеге асырып отыр. Бүгінгі күнге дейін 6170 тонна көмір жеткізіліп, қоймада 270 тонна көмір қалған. Көмірдің тоннасы – 21 000 теңгеден сатылуда. Әлеуметтік нысандардың қажеттілігіне орай, бұл көмірдің жеткізілуі жылу маусымының тұрақты өтуіне септігін тигізіп отыр. Бұрын «Тезек – кедейдің, көмір – байдың отыны» деп айтылса, бүгінгі таңда бұл қағида өзгерді. Қазір «Көмір – кедейдің, газ – байдың отынына» айналған заманға жеттік. Аудандағы 78 пайыз үй газбен қамтамасыз етілсе де, көмірге деген кезек пен сұраныс бәсендемей тұр. Ең бастысы, ауданда көмір тапшылығы жоқ. Есесіне «Бізге «көгілдір отын» қашан келеді?» деп күтіп жүрген ауылдар бар.
Сұлушаш МАДИЯРОВА