40 ЖЫЛ – БІР МАМАНДЫҚ, МЫҢ ӘҢГІМЕ

Кездесу барысында Райымбек аға өз мамандығы туралы сыр шертті. Ол токарьлық өнердің күрделілігі мен маңыздылығын, темірді қалай «тірілтуге» болатынын жастарға түсіндіріп, өз тәжірибесінен келелі кеңестер берді. Мамандық таңдаудағы дұрыс шешімнің өмірлік маңызы жайлы әңгімелеп, өскелең ұрпаққа еңбекке деген құрметтің негізін қалай салу керектігін ерекше атап өтті. Райымбек Құдайбергенұлының өмірі мен еңбек жолы – шынайы тағылымға толы. 1961 жылы Бидайкөл ауылында дүниеге келген ол мектепті бітірген соң, үш айлық токарь курсын оқып, осы мамандыққа берілген нағыз еңбек адамына айналды. Әскерден оралған соң қырық жыл бойы токарьлық өнерді дамытып, бұл істі өмірлік миссиясына айналдырды. Кеш соңында «Нартай өнер мектебі» өнерпаздарының өнер көрсетуі кештің рухани деңгейін көтеріп, қатысушылардың көңілінен шықты. Бұл шара еңбек адамының маңыздылығын еске салып, жастарға шынайы үлгі боларлықтай оқиғалармен өрбіді. Оның 40 жылдық адал еңбегі – бұл тек техникалық шеберлік емес, сондайақ өмірлік құндылықтар мен рухани байлықтың көрінісі. Өз мамандығына деген сүйіспеншілігін жастайынан қалыптастырып, сол арманынан таймай, қиындықтарға төтеп беріп, кәсібінің нағыз маманы болды. Оның еңбекқорлығы мен адалдығы – қазіргі ұрпақ үшін үлкен сабақ. Еңбек – адам өмірінің ең маңызды бөлігі. Райымбек Құдайбергенұлының тарихы – қарапайым еңбек адамының да қаншалықты ұлы істер атқара алатынын көрсетеді. Қырық жыл – бір мамандық, мың әңгіме. Әр әңгіме – өмірден алынған тағылым, еңбекке деген құрмет пен сүйіспеншілікпен өрілген. Мұндай адамдардың арқасында ауылдар өркендеп, ұрпақтарымыз еңбекті қасиет тұтып өседі. Бұл кеш – сол қасиетті еңбекті насихаттап, жастарға адал еңбек пен табандылықтың үлгісін көрсетуге арналған маңызды іс-шара болды.
Айнұр МАХСҰТҚЫЗЫ