Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Өткеніңе қаймықпай қарау – өрелілерге тән

Өткеніңе қаймықпай қарау – өрелілерге тән

Жуырда аудандық тарихи-өлкетану музейінде Кеңес одағы әскерлерінің Ауғанстаннан шығарылғанына 30 жыл толуы мен Алғыс айту күніне орай қос мерекені ұйымдастырды. Шараға ауған соғыс ардагерлері, ақ жаулықты апалар мен мектеп оқушылары қатысты.
Алғыс айту күні тур­­­алы Елбасы «Қазақстан халқы ассамблеясы құрылған күн – 1 наурызды жыл сайын барлық этностардың өз туғанындай қабылдаған қазақтарға алғыс айту күні ретінде атап өту әділетті болар еді. Ол күн бізді бұрынғыдан да жақындастыра түспек. Бұл мейірімділіктің, бір-біріне деген достығы мен махабатының жарқын мерекесі бола алар еді», – деген болатын.
Аталмыш мерекені тойлау барысында №244 Ы.Жақаев атындағы мектептің мұғалімі А.Әбдіхалықова мен оқушылары ардагерлерді қошеметпен қарсы алып, өлке тарихы көрме залымен таныстырды. Концерттік бағдарламаны ұйымдастырудағы мақсатын, ардагерлердің өмір жолдарын тілге тиек етіп, артықшылығын айқындап, жас ұрпаққа ұлттық тәлім-тәрбие берудің маңызы зор екенін музейдің ғылыми қызметкері Бекболат Әбуов айта кетті. Шараға келгендер алдымен ауған соғысында қаза болған қазақстандық жауынгерлерді бір минуттық үнсіздікпен еске алды. Әрі қарай мектеп оқушылары көріністер қойып, Б.Әбуов «Ауған соғысы аяқталған күн» тақырыбында баяндама оқыды. Содан кейін, оқушылар ардагерлерге сұрақтарын қойып, тұшымды жауаптарын алып, пікір-таласпен жалғасын тапты. «Шиелі Думан» ЖШС арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығында ем алушы ардагерлер мен ауған соғысы майталмандары мерекелік концертті тамашалап, қошеметтерін білдірді.
Осындай шаралар арқылы оқушыларға патриоттық тәрбие беріп, уақыттарын тиімді өткізуге атсалысуымыз керектігін айтқан ардагерлер жылы лебізбен қоштасты.

Ж.Нұрғалиева.
12 наурыз 2019 ж. 1 081 0