Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ӨЗБЕКСТАНДАҒЫ 18 САҒАТ

ӨЗБЕКСТАНДАҒЫ 18 САҒАТ

Таңғы ауа салқын. Шымкент қаласы әлі ұйқысынан ояна қоймаған. Алайда ЦУМ сауда орталығының жанындағы тұрақта ерекше қарбалас. Кішкентай чемодандар, арқадағы рюкзактар, орамал таққан әжелер мен құлаққаппен музыка тыңдап тұрған жастар – бәрінің көзінде бір мақсат: жаңа күнді шекараның арғы бетінде қарсы алу. Турды ұйымдастырған – «Jake Tau» турагенттігі. Қолыңа сапар жоспары тиген сәттен бастап, сен өзіңді бір жүйенің ішінде сезінесің: уақыт нақты, бағыттар белгіленген, тіпті шекарадағы интернетке дейін ойластырылған. Ал біз үшін ең ­бастысы – жаңа әсер.

Жол – шексіз ойдың серігі
Автобус қозғалған сәт – бұл тек доңғалақтың айналысы емес, жан дүниенің сапарға аттануы еді. Ішімізде бір толқу, бір үміт, бір қуаныш... Әлденеге асыққан бала жүректей тебіреніспен жолға шықтық. Гидтің жайлы даусы микрофон арқылы емес, көңіл арқылы жеткендей. Ал жанды дауыстағы әндер жүректі шертіп өткен сырлы әуендердей. Терезеден жылжып өткен кең даланың әр көрінісі – көзбен емес, көңілмен көрілетін картина секілді. Уақыт сол сәтте өзінің салмағын жоғалтып, жол бізді емес, біз жолды жетелегендей болдық. Шекараға жеткенде саяхаттың ең жауапты кезеңі басталды. Жүзі жылы шекарашылардың көзқарасының ар жағында темірдей тәртіп бар. Паспорт тексеріліп, сөмке ашылып, әр қадам ережемен өлшенеді. Бірақ бұл – шектеу емес, шынайы әлемге апарар шекара ғана. Шекарадан өткен сәт – жай ғана бір сызықты кесіп өту емес, ол мүлдем жаңа кеңістікке, басқа әлемге ену еді.
Биіктіктен басталған күн
Бірінші аялдама – Ташкент телемұнарасы. М ұ н а р а н ы ң ұ ш а р б а с ы н а н Т а ш к е н т алақандағыдай көрінеді: кең көшелер, күнге шағылысқан ғимараттар, көлеңкесінде тыныққан саябақтар... Бір сәт өзіңді картинаның ішіне кіріп кеткендей сезінесің. Саяхат жүріп тың деректерге де қанық болдық. Нақтырақ айтсақ, Ташкенттегі теледидар мұнарасының биіктігі – 375 метрді құрайды. Сәулетшілер оның сейсмикалық тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін барлық техникалық талаптарды ұстанып, сапалы тұрғызған. Мұнара 8 балға дейінгі жер сілкіністеріне төтеп бере алады. Телемұнараны салудағы басты мақсат –хабар тарату. Бұнда күн сайын жүзден астам адам жұмыс істейді. Туристер жоғары жылдамдықты лифтпен 94 м биіктіктегі бақылау алаңына көтеріліп, сол жерден Ташкенттің панорамасын тамашалай алады. Телемұнараның ерекшелігі – ұлттық тағамдар ұсынылатын «көк зал» және 104 м биіктіктегі айналмалы мейрамханасы бар.
Дәм мен дәстүр тоғысқан тұғыр
Түскі асымыз Besh Qozon ұлттық мейрамханасында өтті. Бұл жерде палаудың иісі ауада емес, көңілде тұрады. Қолмен жеген дәмнің орны бөлек. Шай ішіп отырып, жергілікті аспаздардың палауға қалай махаббатпен қарайтынын байқайсың. Келушілердің пікірі бойынша, Besh Qozon мейрамханасы – дәмді тағамдарымен ғана емес, сонымен бірге жылы қабылдауы мен мейірімді қызметкерлерімен де есте қалады. Кейде дайындалу уақыты ұзақ болса да, тағамның сапасы мен атмосфераның ыңғайлылығы барлық күткен үмітті ақтайды. Егер сіз Ташкентке сапар шегіп, нағыз өзбек асханасының дәмін татып көргіңіз келсе, Besh Qozon – сіз үшін тамаша мекен. Бұл жерде сіз ұлттық мәдениеттің нағыз рухын сезініп, ұмытылмас дәмдік саяхатқа аттана аласыз. Айта кетейік, өзбек асханасының сан түрлілігі мен аспаздардың шеберлігі әлемдік әфсанаға айналған. Әсіресе, палауы мен самсасы танымал. Бірақ жергілікті тұрғындардың айтуынша, 24 сағат бойы қайнап тұратын нарын мен шурпаның татымы одан асып түсетін көрінеді.
Рухани мекен – Төле би кесенесі
Қала тіршілігінің шуынан, эмоция мен әсерге толы сапардан соң бізді Төле би кесенесі қарсы алды. Бұл – көне тарихтың үнін, рухани үндестіктің лебін бойына сіңірген қасиетті орын. Кесененің ауласына аяқ басқан сәтте-ақ бәрі ­баяулап, көңілдегі артық дыбыс өшкендей болды. Бір сәттік үнсіздік – сыртқы тыныштықтан бұрын ішкі сабырдың белгісі еді. Төле би баба – әділдіктің символы, дана би, халықтың бірлігін ойлаған тұлға. Оның есімімен аталатын бұл кесене – жай ғана тарихи нысан емес, сан ұрпақтың тағзым етіп, рухани тоқтаған мекені. Қарапайым көріністердің өзінде терең мән жатқандай: күмбездің сыры, тас ескерткіштің өрнегі, түнгі ауаның қоңыр лебі – бәрі де осы бір тоқтамды сәттің мәнін арттыра түседі. Біздің сапарымыздағы ең тыныш, ең салмақты аялдама болды. Артынып шыққан әсерлеріміздің бәрі осы бір қасиетті мекенде ішімізде сүзгіден өтіп, өз орнын тапқандай. Шаршаған денеміз де, ойға толы санамыз да осы жерде бір тыныстағандай болды.
Балалыққа оралу
Келесі бағытымыз – Анхор паркі. Түрлітүсті аттракциондар, базарлық дүңгіршектері, балмұздақ жеп мәз болған балалар – мұнда әр қадамда өмір қайнап жатыр. Американдық сырғанақтарда айқайлап, күліп, қайтадан өзіңді жас сезінесің. Парктің ең басты ерекшеліктерінің бірі – оның табиғатпен үйлесімділігі. Көктем мен жаз айларында гүлдер мен жасыл желек араласқан әсем бақтар саяхатшылардың көңілін жаулап алады. Сондай-ақ демалушыларға арналған тыныш орындар, отырыс аймақтары мен демалыс орындары да бар. Анхор паркі тек демалыс орны ғана емес, сонымен бірге қала мәдениетінің бір бөлшегі ретінде түрлі шара мен фестивальға да үй болып табылады. Мұнда жиі концерттер, спорттық жарыстар және отбасылық мерекелер өткізіледі. Егер Ташкентке келсеңіз, Анхор паркінде бір күн өткізу арқылы қаланың тыныштығын сезініп, достарыңызбен немесе отбасыңызбен бірге керемет уақыт өткізуге болады.
Заманауи Ташкент: Tashkent City мен Magic City
Анхордан кейін Ташкенттің жаңа келбетімен таныстық. Олар –Tashkent City мен Magic City. Бұл орындар Өзбекстанның қаншалықты заманауи әрі қарқынды дамып келе жатқанын көрсететін символ іспеттес. Tashkent City – кең даңғылдар, зәулім ғимараттар мен ашық алаңдар мекені. Мұнда орналасқан Жұлдыздар музейі болашақ пен өткенді байланыстырып тұрғандай: мұнда келушілер түрлі танымал тұлғалардың балауыз мүсіндерін көріп, фотосуретке түсіп, мәдениет пен өнерге бір қадам жақындай түседі. Ал Magic City – нағыз ертегі әлемі. Күннің батуы бұл мекенге ерекше сұлулық сыйлап, жарықтандырылған көшелер мен заманауи ғимараттар көруді ғана емес, сезінуді талап етеді. Мұндағы океанариум – саяхатымыздың тағы бір жарқын сәті болды. Жүздеген түрлі балық пен теңіз жәндігі, мөлдір туннель арқылы көрінетін суасты әлемі – барлығы да көрерменге таңданыс пен тыныштық сыйлайды.
Корея лебі ескен кеш
Кешкі шапақ Ташкент аспанын қызғылт сары бояуға малып тұрған шақта, біз Сеул саябағына келіп жеттік. Оңтүстік кореялықтар салған кешенді тұтас кәріс ауданы дерсің. Ойын-сауық орталығы, дүкендер мен тамақтану орындары, басқа да көз тартар, көңіл қызығарлық дүниелер толып тұр. Ғимараттардың фасады, өзен мен көпір, қосымша безендіру, нағыз корей атмосферасын сыйлайды. Мұнда әрбір бұрышта жаңа әсер, әрбір сәтте көңілге ерекше шаттық сыйлайтын оқиға бардай.
Бір күн – мың естелік
Күн ұясына батып, көкжиекке шөгіп бара жатқан сәтте біз де сапарымыздың соңына таядық. Автобус ішінде үнсіздік орнағандай. Жан-жағымыздағылар әлі де алған әсерін қорытып отыр. Біреу телефонын ақтарып, суреттерге қайта-қайта үңілуде, енді бірі көзін жолға тігіп, ойға шомған. Бір күн тым қысқа уақыт сияқты көрінетін. Бірақ осы бір-ақ күнге қаншама сәт сыйды. Бұл – ішкі дүниеміздегі шекараны да кесіп өткен жол. Бейтаныс қалада өзіңді бөтен сезінбей, керісінше, жақын тарта түсуің – саяхаттың ең үлкен ерекшелігі болса керек. Бұл турдың құны бар болғаны 11 990 теңге. Ал қалған шығын – кәдесый, тағам, аттракциондарға төленетін шағын төлемдер – көпке ауырлық салмайтындай. Бастысы – көңіл мен жан дүниенің байып қайтқаны. Автобус Шымкентке бет түзегенімен, жүрегіміз әлі Ташкент көшелерінде жүріп келе жатқандай. Бір күндік турдан мың естелік арқалап қайтып келдік. Енді бұл сапар – біз үшін уақытша әсер емес, ұзаққа созылатын естелікке айналды.

Айнұр МАХСҰТҚЫЗЫ


30 қыркүйек 2025 ж. 48 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№74 (9341)

30 қыркүйек 2025 ж.

№73 (9340)

27 қыркүйек 2025 ж.

№72 (9339)

23 қыркүйек 2025 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қыркүйек 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930