ҚАУІПСІЗ ҚЫСТЫҢ КЕПІЛІ

Баспасөз орталығында өткен брифингте Шиелі ауданының Төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы, азаматтық қорғау подполковнигі Ернұр Төребайұлы өрт қауіпсіздігі айлығының барысы мен атқарылып жатқан жұмыстар туралы егжей-тегжейлі баяндады.
Қысқы маусым – құтқару қызметтері үшін ең күрделі кезеңдердің бірі. Ернұр Райымбековтің айтуынша, 2025-2026 жылдардағы жылу беру маусымына дайындық жұмыстары қазірдің өзінде қызу жүріп жатыр.
– Біздің басты мақсатымыз – әр отбасының қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Газға немесе көмірқышқыл газына улану, өрт жағдайлары көбіне адамдардың қарапайым ережелерді сақтамауынан болады. Сондықтан алдын алу шараларына ерекше мән беріп отырмыз, – деді ол.
Жыл сайын өңірде газға уланудан болатын қайғылы жағдайлар тіркеліп жатады. Бұл көбіне пештің ақауы, газ жабдықтарының дұрыс орнатылмауы немесе тұрғындардың ұқыпсыздығынан туындайды. Сондықтан мамандардың түсіндіру жұмыстары – осындай қауіптердің алдын алудың ең тиімді жолы.
Өрт қауіпсіздігі тек жалпы тұрғындар үшін ғана емес, әлеуметтік жағдайы төмен отбасылар үшін де өзекті мәселе. Биыл облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасымен бірлесе отырып, аудан көлеміндегі тұрмысы төмен, көпбалалы, жалғызбасты аналар және мүмкіндігі шектеулі азаматтары бар отбасылардың нақты тізімі жасалды.
Осы тізім бойынша жылыту жүйесі табиғи газбен қамтылған 60 үйге газ ағуын анықтайтын заманауи датчиктер орнатылды. Бұл шағын құрылғы – үлкен қауіптің алдын алатын сенімді көмекші. Ол ауадағы газдың мөлшерін бақылап, қауіптілік туындаған сәтте тұрғындарды бірден дабыл арқылы хабардар етеді.
– Бұл – тек техникалық құрал емес, адам өмірін құтқаратын құрылғы. Әрбір орнатылған датчик – бір отбасының қауіпсіздігі үшін жасалған нақты қадам, – деді Е.Райымбеков.
15 тамыздан бастап аудан көлемінде ауқымды түсіндіру жұмыстары басталып кетті. Арнайы құрылған топтар үйлерді аралап, тұрғындарға өрт қауіпсіздігі ережелерін түсіндіріп қана қоймай, әр үйдің нақты жағдайын тексеруде. Бүгінгі күнге дейін 470 үйдің ауласы мен ішкі бөлігі тексерілген.
Түсіндіру жұмыстары кезінде мамандар пешті дұрыс орнату және қолдану тәсілдері, электр жабдықтарын қауіпсіз пайдалану, газ қондырғыларын тексеру ережелері, өрт туындаған жағдайда алғашқы әрекеттер туралы жан-жақты ақпарат берді.
Тұрғындармен жеке әңгімелесу арқылы қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыруға ерекше көңіл бөлінуде. Әсіресе, балалар мен қарт адамдарға қарапайым қауіпсіздік қадамдары үйретілуде.
Ернұр Райымбеков өз сөзінде қауіпсіздікті қамтамасыз ету тек құтқарушылардың ғана емес, әр азаматтың міндеті екенін ерекше атап өтті:
– Біз қанша жерден түсіндіріп, тексеру жүргізсек те, тұрғындар өз үйіндегі қауіпсіздікке жауапкершілікпен қарамаса, нәтиже болмайды. Қарапайым ережелерді сақтау арқылы біз көптеген қайғылы оқиғаның алдын ала аламыз, – деді ол.
Аудандық төтенше жағдайлар бөлімі тұрғындардан өрт қауіпсіздігі ережелерін үйдегі күнделікті мәдениеттің бір бөлігіне айналдыруды сұрайды.
Шиелі ауданында өтіп жатқан өрт қауіпсіздігі айлығы – тек ағымдағы маусымға арналған уақытша шара емес. Бұл – тұрғындардың қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыруға бағытталған ұзақ мерзімді жұмыс. Брифинг соңында Ернұр Райымбеков алдағы уақытта да бұл бағыттағы жұмыстардың жүйелі жалғасатынын жеткізді. Оның айтуынша, өрт пен газға улану жағдайларын азайту үшін тек техникалық құралдар мен құтқарушылардың жұмысы жеткіліксіз. Ең бастысы – әрбір отбасының сақтық ережелерін қатаң ұстануы.
Сұлушаш БАХТИЯРҚЫЗЫ