АТА ЗАҢҒА АРНАЛҒАН ЖЫР АЛАУЫ

Жыр додасына Сыр өңірінің түкпір-түкпірінен 17 мен 35 жас аралығындағы 13 жас ақын жиналды. Әрқайсысы өлеңін қағазға ғана емес, жүрегіне жазып әкелгендей. Өйткені олардың жыры – тек қиялдан туған әдемі сөз емес, елдің бүгінгі бейнесі, келешекке деген сенімі.
Бұл мүшайра жастардың поэзияға деген құштарлығын оятып қана қойған жоқ, оларды елдік құндылыққа, заңға деген құрметке жетеледі. Әрбір өлең жолында Отанға деген сүйіспеншілік пен Конституцияның қадірін ұғындырған өр рух сезілді.
Байқауға әділқазылар ретінде ақын Талғат Күзембаев, аудандық «Өскен өңір» газетінің тілшісі Сұлушаш Мадиярова және аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы Жантас Қасымов қатысты. Олар қатысушылардың сөз саптауына, ой ұшқырлығына, заңға деген көзқарасын көркем тілде жеткізуіне ерекше мән берді.
Қазылар шешімімен бас жүлде қызылордалық жас ақын Бексұлтан Санақұлға бұйырды. Бірінші орынды шиелілік жас дарын Әмірхан Елдар, екінші орынды қармақшылық Диас Мустахимұлы иеленсе, үшінші орын сырдариялық Ақерке Балмановаға, жаңақорғандық Сұлтанғали Дәулет пен аралдық Айгүл Күзеноваға берілді.
Жыр додасының басты жетістігі – жастардың жүрегіне елдік рухты сіңіре білуінде. Конституцияның әрбір бабын құр жаттанды ережедей емес, жырға айналдырып, өмірдің өзек қанына айналдырған жас ақындар – болашаққа үміт.
Қорытындылай келе, мүшайрада І орынды қанжығасына байлаған шиелілік жас Әмірхан Елдардың өлеңіндегі «Ата Заң – Абылайдан қалған аманат, Тәукеден қалған тәбәрік» деген жолдар елдің ортақ көзқарасы деуге болатындай.
С.БАХТИЯРҚЫЗЫ