ҚОС ТАҒДЫР, БІР ТАРИХ

Осы тағылымды шаралардың жалғасы ретінде жуырда Еңбекші ауылында ерекше мәнге ие ауқымды шара өтті. Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай майдангер Байтілес Жүсіпұлы мен биыл туғанына 100 жыл толған тыл еңбеккері Рабиға Байділдақызын еске алу рәсімі ұйымдастырылды. Бұл жиынға Қызылорда облысы әкімінің орынбасары — Мейрамбек Зинабдинұлы, Жаңақорған ауданының әкімі Мұрат Жолдыкелдіұлы, Шиелі ауданының әкімі Айтбай Насриддинұлы, сондай-ақ батыр бабаның ұрпағы – ҚР Парламенті Сенатының депутаты, ҚР Парламенті Сенатының Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің төрағасы Нұртөре Жүсіп, ҚР Президенті баспасөз қызметінің сектор меңгерушісі Ержан Байтілес бастаған елдің әр өңірінен келген құрметті қонақтар қатысты.
Байтілес Жүсіпұлы – Ұлы Отан соғысының ардагері. Қан майданға бастан-аяқ қатысып, Отанды жаудан қорғаған батыр. Ерлікпен елге оралған соң, ол ауыл шаруашылығын қалпына келтіру ісіне белсене араласып, елдің тұрмыс-тіршілігін көтеруге өлшеусіз еңбек етті. Адалдығымен, еңбекқорлығымен, ұрпаққа көрсеткен өнегесімен ел есінде мәңгілікке қалды.
Рабиға Байділдақызы – тыл еңбеккері. Қиын-қыстау соғыс жылдарында ерлер майданға аттанғанда, елде қалған әйел-аналар ауыр еңбектің барлығын көтерді. Рабиға Байділдақызы сол жандардың бірі болды. Ол тылдағы қажырлы еңбегімен жеңіс жолына үлес қосты, кейінгі жылдары да ауыл шаруашылығында аянбай еңбек етіп, көпбалалы ана ретінде ұрпақ тәрбиесінде өнеге көрсетті. Биыл 100 жылдық мерейтойы аталып отырған Алтын алқалы ананың ғұмыры – қазақ әйелінің қайсарлығы мен төзімділігінің, елге деген адалдығының айғағы.
Біз – ежелден елім деген ерлерін, батырлары мен билерін, даңқты дала ұлдарын, ұлағатты ұландарын, ақ-адал маңдай терімен еңсе тіктеген еңбек адамдарын,сол жолда самай шашын ағартқан ардагер аға-бауырларын ардақ тұтқан елміз.
Дәстүрлі дала мәдениетіне сай алдымен «Еліңдегі жақсың кім?» деп ауылдың жақсысының атын, болмыс затын, ата-бабасының тек-тамырын тарқатып білуге асығатын халықпыз. Сол арқылы бүтіндей бір елге баға да беріп жатамыз.
Еңбекшіде өткен іс-шара алдымен 24 тамыз күні ауылдық мәдениет үйінде «Бір байтерек, бір шынар» атты кітаптың тұсау кесер рәсімімен басталды. Бұл жинақта жастық шағы қан майданда өткен, Ұлы Отан соғысының ардагері – Қызыл Жұлдыз, ІІІ Дәрежелі Даңқ орденінің және «Ерлігі үшін», «Варшаваны алғаны үшін», «Берлинде алғаны үшін» медальдарының иегері Байтілес Жүсіпұлының ерлік және еңбек жолы әңгіме болады. І Белорусь майданында жойқын соғыстарға қатысып, қаһарман ерліктің үлгісін көрсеткен Байтілес Жүсіпұлы бастаған жауынгерлер 1945 жылғы 2 мамырда Берлин қаласына бірінші болып кірген болатын. Әскерге соғыс басталмай жатып, нақты жасын асырып көрсетіп барған майдангер 1481 күнге ұласқан Ұлы Отан соғысына бастан-аяқ қатысып, елге аман оралады. Соғыстан кейінгі уақытта қираған ауыл шаруашылығын қалпына келтіру мен дамыту ісіне қосқан үлесі де қомақты.
Сондай-ақ биыл туғанына 100 жыл толған Алтын алқалы ана – Рабиға Байділдақызының да ісі мен өнегелі ғұмыры ардақталды. Екі кісінің де елдің ішкі бірлігі мен ынтымағын сақтауға, жас ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелеудегі еңбегі ұшан-теңіз.
Қазақ халқы қашан да аға ұрпақтың өмірлік ғибраты мен өлшеусіз тәлім-тәрбиесін, елдік мақсат-мұраты мен іргелі істерін ілгерілете отырып, келешек ұрпағын тәрбиелеген. Осынау ұлық ұстын, тіректі дәстүр арқылы отаншыл да жүректі ұл, қазақы қаны тамырында қайнаған қылықты қыз тәрбиелеген. Әр ұлттың дән өсетін құнарлы топырақтай, көзін ашып, көкірегін оятатын алдыңғы буын абыз ортасы болады десек, сондай құнарлы да қуатты орта да өніп-өскен жас-өскін ата-жолын қуады, елге еңбек, адал қызмет етеді.
Бұл кітап – Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай шығарылып, өскелең ұрпаққа және көпшілік қауымға арналған. Оқырман қауымға ой саларлық салмақты дүниесімен құнды.
Сонан соң ұрпақтары батыр баба рухына «Баба-ата» мешітінде еске алу асын беріп, Құран оқытылып, дұға-жасалды.
Иә, өткенін санадан өшірмей, ардагерін ардақтай білген елдің рухы үстем, шаңырағы биік. Біз алдыңғы толқын ардагер ағаларға, кешегі еңбек майданының майталмандарына әрдайым бас иіп, тағзым етеміз. Осылайша батыр бабалардың ерлігі мен еңбегін ұрпақтан-ұрпаққа ұластырып, тарихты түзей береміз.
Мейіржан ИБРАГИМ