Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » БАҚЫЛАУСЫЗ БАЛА БЕЙНЕТКЕ ҚАЛДЫРМАСЫН

БАҚЫЛАУСЫЗ БАЛА БЕЙНЕТКЕ ҚАЛДЫРМАСЫН

«Бала тәрбиесі – ұлт тәрбиесі» дейді дана халқымыз. Бұл жай ғана қанатты сөз емес, бүтін бір ұлттың болашаққа деген көзқарасының, үкілеген үмітінің айқын көрінісі. Себебі, шағын шаңырақта дүниеге келген шақалақ өсе келе ширақ бала, шымыр жігіт, шау тартқан қарияға айналады. «Әкенің баласына жақсы тәрбиеден артық берер сыйлығы болмас» деген екен бұрынғылар. Сондықтан қоғамға қолұшын беріп, қоршаған ортаға зиян тигізбей, ата-анасының атына кір келтірмейтін перзенттің өсіп-өнуіне отбасы жан-жақты жұмыс істеуге міндетті.
Отан – отбасынан басталатынын ескерсек, бала тәрбиесінің бастауы осы шаңырақтан басталары анық. «Бір жылдығын ойлаған адам – егін ексін, он жылдығын ойлаған адам – жеміс ағашын отырғызсын, жүз жылдығын ойлаған адам – саналы ұрпақ тәрбиелеп өсірген» деген екен бабаларымыз. Ал қазіргі таңда бабадан қалған өсиетке қаншалықты мән беріп, амал етіп жүрміз? Үйдегі баламыз бтыстан бағыт алып, Еуропаға еліктеп кеткен жоқ па?
Қазіргі уақыт ақпарат кеңестігінің дамыған дәуірі екені даусыз. Олардың ақпарат алаңында еркін жүзуі, жаңа бағдарламаны тез меңгеруі қуантады. Бірақ сол ақпарттың бағыты қандай? Қолдағы смартфонды аша қалсаңыз сан мыңдаған ойындар, түрлі бағыттағы ақпарттарды жүктеп алу, оларды қарау қиынға соқпайды. Пайдасы мен зиянын тез ажырату тіптен қиын. Сорақысы, кейінгі жылдары белең алған атыс, шабыс, ұрлық жасау сияқты ойындар қаптап, қоғамда кең етек жайды. Әртүрлі рөлдік ойындарды ойнауы, олардың қатыгездік пен зорлық-зомбылық қасиеттерінің дамуына жол ашуда. Ал бұл ойындар мен бейнероликтерді көрген буыны қатпаған бала өсекеле соларды жасап көруге ұмтылмасына кім кепіл? Сонымен қатар соңғы уақытта кәмелеттік жасқа толмай, жүргізуші куәлігінсіз көлік тізгіндеуші жастар да көп. Бұл бағытта құзырлы орган қызметкерлері заң аясында шаралар қолданғанымен, азаймай тұр. Оны көз көріп, құлақ естіп жүр.
Әсіресе қазіргідей жазғы демалыс кезінде мопед, жеңіл автокөлік мінген жастарды кім бақылайды? Әрине, бірінші кезекте үйдегі ата-ана, сосын жанашыр аға-әпкелер, алдыңғы буын өкілдер. Баланың көңілін қимай берген көлік, оқыс оқиғаға тап болып, қоғамға зиян келтіруі әбден мүмкін. Осы тұста даналарымыздың «Балаңды аясаң – аяма» сөзі еріксіз ойға оралады. Керісінше баланың бос уақытын тиімді пайдалану үшін, түрлі үйірмелер мен қосымша білім беру орталықтарына немесе үйдегі тазалық жұмыстарына бейімдеп өсірсек нұр үстіне нұр болады.
Біз бала тәрбисін тек отбасылық міндет деп шектеуден аулақпыз. Әр ана – болашақ азаматтың рухани ұстазы, әр әке – ел тірегінің іргетасын қалаушы. Дегенмен, баланың мінез-құлқы, ойлау жүйесі тек ата-анадан емес, қоғамнан, мектептен, көшеден, тіпті ғаламтордан да нәр алады. Осы орта неғұрлым ұлттық болмыс пен жақсы қасиеттерге мол болса – бала соғұрлым тамырлы, тұғырлы, тұлғалы азамат болып өседі. Сондықтан баламыз бейнетке қалдырмасын десек, балаларға дұрыс көңіл бөліп, елдің тұтқасы болар азамат етіп тәрбиелеуге ұлт болып ұйысып әрекет етейік.

М.ИБРАГИМОВ
19 тамыз 2025 ж. 39 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№62 (9329)

19 тамыз 2025 ж.

№61 (9328)

16 тамыз 2025 ж.

№60 (9327)

12 тамыз 2025 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Тамыз 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
25262728293031