Сырға толы аңыздармен көмкерілген

Аймақтың киелі орындарының бірі – сырға толы аңыздармен көмкерілген Оқшы ата пантеоны. Ол Шиелі кентінен 15 шақырым жерде орналасқан. Халық арасында құрметке ие болған тұлғалар мәңгілік тыныс тапқан бұл мекен – «жеті әулие пантеоны» деп те аталады. Мұнда орналасқан ең көне жерлеу орны – Ғайып ата кесенесі.
Ғайып атаның нақты туған және қайтыс болған жылдары белгісіз. Көптеген ғалымдар мен зерттеушілердің пікірінше, ол IX ғасырда өмір сүрген. Кесене де сол уақытта салынған болуы мүмкін. Белгілісі – мұнда бір ғана адамның мәйіті жерленбеген. Соңғы жылдары жүргізілген археологиялық қазба жұмыстары мен зерттеулер Оқшы ата әулиелер пантеонының Қожа Ахмет Ясауи кесенесі тұрғызылмай тұрып-ақ, белгілі адамдарды жерлеу орны болғанын толықтай дәлелдеді.
Бүгінде Ғайып ата кесенесі ретке келтірілген. Оның айналасы тазартылып, ішкі бөлігінде тағы бірнеше қабірдің орны анықталған. Кесенеде күмбез жоқ. Оны орнату туралы ұсыныстар болғанымен, іргетасының әлсіздігіне байланысты бұл ой жүзеге аспай қалды. Қабырғаларының өлшемі, кірпіш өрімі, ою-өрнектері Жамбыл облысындағы Айша бибі кесенесіне ұқсас.
Дария Мақсұт,
сурет автордікі