ҚҰРЫЛЫС – ҚАРҚЫНДЫ, ТІРЛІК – АУҚЫМДЫ

Құрылыс – адамзат баласымен бірге келе жатқан жасампаз кәсіп. Бүгінде Шиелі ауданында құрылыс саласы қарқынды дамып, ел экономикасының, оның ішінде тұрғындардың әлеуметтік жағдайының артуына айрықша ықпал етіп келеді. Ауқымды саланы алға жылжытуда құрылысшылардың еңбегі ерен. Бүгінгідей әсем де көрікті, түрлі заманауи нысандардың бой түзеуі – құрылысшылар легінің мезгілдің ыстық-суығын елемей, күн-түн демей атқарған игі істерінің жемісі. Сондықтан бүгінгі шығарылымда аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімін нысанаға алып, ауданның бүгіні мен келешегі жолында жасалынып жатқан жұмыстардың бірқатарына тоқталып, нақты цифрлармен бөліскенді жөн көрдік.
ҚАЙНАҒАН ҚҰРЫЛЫС АЛАҢЫ
Әрбір ауданның дамуы үшін құрылыс жұмыстарының орны ерекше. Сапалы да сәнді етіп жасалған ғимараттар ауданның көркін ашып, даму деңгейімізді бір саты жоғарылайтыны сөзсіз. Соңғы жылдары жүріп жатқан құрылыс жұмыстарының қарқынына қарасақ, аудан экономикасының дамуында осы салада жақсы үрдістің барына куә боламыз. Құрылыстың көбеюі әлеуметтік мәселелерді шешіп, бой көтерген тұрғын үйлер, жаңа мектептер мен балабақшалар, дәрігерлік амбулаториялар, демалыс орындары жергілікті тұрғындардың игілігіне жарап, жұмыссыздық деңгейінің азаюына да өз үлесін қосары сөзсіз. Биыл да ауданда осындай оңды жұмыстар жалғасын тауып, бірқатар маңызды нысандардың іргетасы қалануда. 95 жылдық тарихты қойнауына бүккен Шиелі өңірінде құрылыс қарқын алып, күн санап көркейіп келе жатыр. Ауыз толтырып айтарлықтай нәтиже бар. «Ауыл – ел бесігі» жобасы шеңберінде республикалық бюджеттен жобалық құны 363 млн теңгені құрайтын Шиелі кентінде салынатын спорт кешенінің құрылысын бастауға 50 млн теңге, жобалық құны 461 млн теңгені құрайтын Бестам ауылында 150 орыңдық клубтың құрылысына 50 млн теңге бөлініп, бүгінде құрылыс жұмыстары жүруде.
Шиелі кентінде 200 орындық «Оқушылар үйі» мен 50 орындық Өнер мектебінің құрылысы жобасына облыстық бюджеттен 1 млрд 68 млн теңге бөлініп, қазіргі таңда құрылыс жұмыстарының 80%-ы аяқталған. Қыркүйек айында пайдалануға беру жоспарланып отыр. Сондай-ақ Ы.Алтынсарин атындағы №219 орта мектептің күрделі жөндеу жұмыстарына облыстық бюджеттен 384 млн 961 мың теңге бөлініп, жөндеу жұмыстары жүргізілуде. «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық пилоттық жобасы аясында Шиелі кентінде 30 төсектік жұқпалы аурулар бөлімінің жаңа ғимаратын салу жобасы жүзеге асырылуда. Жобаның жалпы құны 2 млрд 323 млн теңге. Нысанды 2025 жылдың қыркүйек айында толық пайдалануға беру жоспарлануда. Шиелі ауданаралық ауруханасы базасында көп бейінді медициналық қызмет көлемін арттыру мақсатында МРТ құрылғысын орнатуға қосымша корпус салынды. Оған ҚР Үкіметінің резервтік қоры есебінен 733,2 млн теңге бөлініп, құрылыс-монтаж жұмыстары толық аяқталды. Қазіргі уақытта ғимаратты жалпы құны 650 млн теңге болатын МРТ аппаратымен жарақтау Денсаулық сақтау министрлігі тарапынан жоспарлануда. Аппарат орнатылғаннан кейін нысан толық пайдалануға беріледі. Нәтижесінде аудан тұрғындары үшін жоғары технологиялы диагностикалық қызметтердің сапасы мен қолжетімділігі айтарлықтай артады. Сонымен қатар кенттегі «Болашақ» дәрігерлік амбулаториясын күрделі жөндеуге 255 млн теңге көлемінде қаржы бөлініп, құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізіліп жатыр дейді мамандар. Сондай-ақ, Жаңатұрмыс ауылдық округіне қарасты Байсын ауылында инженерлік инфрақұрылым жүйелерін тартуға облыстық бюджеттен жалпы 762,9 млн теңге бөлінді. Оның ішінде электрмен жабдықтауға – 152 млн теңге, сумен жабдықтауға – 346,6 млн теңге, газбен жабдықтауға – 264,3 млн теңге бағытталды. Көпқабатты тұрғын үйлердің сыртқы қабырғаларын қаптау жұмыстарына 2024 жылы 83,8 млн теңге, ал 2025 жылы 88,9 млн теңге қаржы қарастырылды. Бөлінген қаржы аясында жұмыстар жүргізілуде, нәтижесінде бұрынғы құлазыған тұрғын үйлердің сыртқы қабырғалары жаңарып, көрікті келбетке ие болуда. – Мемлекеттік қызмет бойынша Шиелі ауданында 2025 жылдың 7 айдың қорытындысы бойынша меншік иесінің салынған объектіні пайдалануға 30 дербес қабылдау актісі тіркелді, жалпы ауданы 5167 шаршы метрді құрады. 2025 жылдың бекітілген жоспарына сәйкес шілде айында 103,7 пайызға орындалды. Мемлекеттік қызмет түрлері бекітілген стандарттарға сәйкес, egov.kz «электрондық үкімет» веб-порталы арқылы жүргізілуде және әрдайым бақылауда, – дейді аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімі басшысының міндетін атқарушы Нұршат Бағдатұлы.
ЕЛ ИГІЛІГІНЕ ЖАҢА АВТОТҰРАҚ
Бүгінде кент орталығындағы Т.Рысқұлов көшесі №19 мекен жайындағы автотұрақ құрылысы қызу жүргізіліп жатыр. 2025 жылы сәуір айында мемлекеттік сатып алу жұмыстары аяқталып, Бас мердігері – «Милениум Строй» ЖШС 25.04.2025 жылы №53 келісім шарт жасалынған. Авторлық қадағалаушы – «МК3 ПРОЕКТ» ЖШС.Техникалық қадағалаушы – «SAFSTROY» ЖШС. Жалпы келісім шарт 67,8 млн теңге құраған. Бұл автотұрақ алдағы қыркүйек айында қолданысқа берілмек.
ӨРТ СӨНДІРУ БЕКЕТІ ЖӨНДЕЛДІ
Қызылорда облысы төтенше жағдай департаменті Шиелі ауданы төтенше жағдай бөлімінің №13 ӨСБ-нің №16 өрт сөндіру бекеті ғимаратына ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізу, 2025 жылы мамыр айында мемлекеттік сатып алу жұмыстары аяқталып, Бас мердігері – «Атамұра - Жусуп» ЖШС-мен келісім шарт жасалған. Жалпы келісім шарт 13,4 млн теңге құрап, 2025 жылға аудандық бюджеттен 13,4 млн теңге қаралған. Қазіргі таңда құрылыс жұмыстары толық аяқталып, пайдалануға берілген. Сонымен қатар, мемлекеттік кірістер департаментінің Қызылорда облысы Шиелі ауданы бойынша басқармасының ғимаратына ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін 2025 жылы наурыз айында мемлекеттік сатып алу жұмыстары аяқталып, Бас мердігері – «АК-ЮГ ҚҰРЫЛЫС» ЖШС-мен келісім шарт жасалған. Авторлық қадағалаушы – «РПМ» ЖШС. Жалпы келісім шарт 18,6 млн теңге құрап, құрылыс жұмыстары толыһқ аяқталған.
КӨГІЛДІР ОТЫН КЕЛДІ
Биыл 22 бекет елді мекенінің тұрғындары үшін жағымды жаңалық көп. Ең маңыздысы тұрғындардың талап тілегі орындалып, көгілдір отын келді. Бұл елді мекенге орамішілік газ тарату желілерін салу үшін 2024 жылы тамыз айында мемлекеттік сатып алу жұмыстары аяқталып, Бас мердігері – «Дос Строй Проект» ЖШС-гі келісім шарт жасалған. Авторлық қадағалаушы – «АЭS and Limited» ЖШС-гі. Техникалық қадағалаушы – «СтандартСтройСервис LTD» ЖШС жалпы келісім шарт 34,4 млн теңге құрап, 2024 жылғы аудандық бюджеттен 30,0 млн теңге қаралып, игерілген. 2025 жылға 4,4 млн теңге қаралып, құрылыс жұмыстары наурыз айында толықтай аяқталып, пайдалануға берілді. Сондай-ақ, «Шұғыла» шағын ауданында инженерлік инфрақұрылым құрлысы бойынша газбен жабдықтау жұмысы жүргізілген. 2025 жылы ақпан айында мемлекеттік сатып алу жұмыстары аяқталып, Бас мердігері – «Орда сервис-2020» ЖШС-мен келісім шарт жасалған. Авторлық қадағалаушы - «Global Project Construction» ЖШС. Техникалық қадағалаушы – «Орда Капитал Строй» ЖШС. Жалпы келісім шарт 37,9 млн теңге құраған. Бүгінде құрлыс жұмыстары толығымен жоғары сапада орындалған. Иә, соңғы жылдары киелі өңірде құрылыс саласы дамудың даңғыл жолында келеді. Бүгін назарларыңызға ұсынылған тек бір парасы ғана. Мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдаудың нәтижесінде аймақта көптеген ауқымды жобалар жүзеге асуда. Оны құлағымыз естіп, көзіміз көріп жүр. Ендігі кезекте дәл осындай ел игілі үшін жасалып жатқан толайым тірліктер өз жалғасын таба береріне сенім мол.
М.ИБРАГИМ