Құрмет төріндегі құрылысшылар

Бұл айтулы мереке Шиелі ауданында да ескерусіз қалмады. Аудан әкімдігі мен аудандық «Арман» мәдениет үйінің ұйымдастыруымен Құрылысшылар күніне арналған мазмұнды мерекелік кеш өтті. Салтанатты шарада аудан әкімінің міндетін атқарушы Алмат Алдабергенов құттықтау сөз сөйлеп, адал еңбек етуді алтын қағидатына айналдырған құрылысшылардың қоғамдағы алар орны ерекше екенін, оларға құрмет көрсету міндетіміз екенін атап өтті. – Шиелі ауданы жыл санап көркейіп, бұл сала қарқынды дамып, кең қанат жайып келеді. Әсіресе, сан түрлі салада құрылыс жұмыстары жүріп жатқан нысан да жетерлік. Осы жұмыстың барлығы құрылыс саласында еңбек етіп жүрген аудан азаматтарының тынымсыз еңбегінің арқасында іске асуда. Құрылысшылар күні мерекесі қарсаңында барша аудан құрылысшылары мен ардагерлерін құттықтай отырып, туған жерімізді көркейтіп-көріктендірудегі игі істеріміз әрдайым жемісті, нәтижелі болсын деп тілеймін, – деді Алмат Әбдуәзизұлы. Сондай-ақ мерекелік жиын барысында құрылыс саласында еңбек етіп жүрген азаматтар мен адал бейнет етіп, қазірде зейнетін көріп отырған ардагер құрылысшылар марапат мінберінен көрінді. Өз кезегінде ауданның дамуы жолында ауқымды істер атқарып, еліміз үшін маңызы жоғары ғимараттардың бой көтеруіне сүбелі үлес қосқан құрылыс саласының ардагерлері Ғани Есімов пен Насыр Мырзабековке Шиелі ауданының «Құрметті азаматы» атағы берілді. Жиын соңында «Арман» мәдениет үйінің өнерпаздары сахна төрінде өнер көрсетіп, мерекеге жиналған жұртшылыққа көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Ауданның көркіне көрік қосып, ел ырысын тасытып жүрген қолы алтын құрылысшылар қауымының мерейі өсіп, абырой беделі асқақтай берсін демекпіз.
Мейіржан ИБРАГИМОВ