ЖАҢА СЕРПІНМЕН БОЛАШАҚҚА ҚАДАМ

Жастардың статистикалық жағдайы
Шиеліде 14 пен 35 жас аралығындағы жастар саны – 27 545. Оның ішінде кент жастары – 11 383, ауыл жастары – 16 162. Ерлер саны – 14 568 болса, әйелдер саны – 12 977-ге жетеді. Аудандағы жастар жалпы халық санының 30,2 пайызын, ал жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі 3,8 пайызды құрайды.
Құқықбұзушылық және пробация
Жастар арасындағы құқықбұзушылықты алдын алу қашанда маңызды. Осы мақсатта, жастар ресурстық орталығы жергілікті полиция бөлімімен және ҮЕҰ өкілдерімен бірге түнгі рейдтер жүргізіп, жастардың қоғамдық орындарда тәртіпсіздік жасауына жол бермеуге тырысады. Ал аудандық пробациялық бақылау қызметінің есебінде 35 жас азамат тіркелген. Бұл тұрғыда орталық жастарды әлеуметтік мәселелер мен құқықтық мәдениет бойынша оқыту жұмыстарын жалғастыруда.
NEET санатындағы жастар
Ағымдағы жылдың маусым айында «Отбасының цифрлық картасы» жүйесінде ауданда 291 NEET санатындағы жастар анықталды. Бұл жастар еңбекпен қамтылмаған немесе білім алумен айналыспайтын тұлғалар. Қазіргі уақытта осы жастармен адрестік жұмыстар жүргізілуде. Бұл бағытта жастарды жұмысқа орналастыру, білім беру және кәсіпкерлік дағдыларын дамыту бойынша бірқатар шаралар қолға алынған. Жұмыспен қамту
Жыл басынан бері 608 жас азамат мемлекет тарапынан ұсынылған қолдау шараларымен қамтылды. Бұл жастардың 259-ы тұрақты жұмыспен, 349-ы мемлекеттік қолдау арқылы жұмысқа орналасты. Сондай-ақ «Бастау-Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқыту курстарынан 51 жас өтіп, 30 жасқа қайтарымсыз грант берілді. Сонымен бірге жастар тәжірибесіне 67 жас азамат жолданды, 200 жас ақылы қоғамдық жұмыстарға қатысты. Бұл Шиелі ауданында жастарға жұмыс табу және өзін-өзі дамыту мүмкіндіктерінің кеңейіп жатқанын көрсетеді.
Дене шынықтыру және спорт
Бүгінде жастар арасында спортқа деген қызығушылық жылдан-жылға артып келеді. Қазіргі аудан бойынша 34 905 адам дене шынықтырумен және спортпен айналысады, бұл ауданның тұрғындарының 40,5 пайызын құрайды. Ауданда 13 олимпиадалық спорт түрі мен ұлттық спорт түрлерінен жарыстар өткізіліп, спортшылар үздік нәтижелер көрсетуде. Мысалы, 2025 жылдың басында спортшылар әлем чемпионатынан 2 қола, 1 күміс, Азия чемпионатынан 1 алтын, 3 күміс, 3 қола медаль алды. Айта кетейік, Ақтоған ауылында 120 орындық спорт кешені қолданысқа берілді, ал кент орталығында 150 орындық спорт кешенінің құрылысы жалғасуда. Спорттық инфрақұрылымды дамыту аудандағы жастардың денсаулығын жақсартуға және спортқа деген қызығушылығын арттыруға көмектесуде.
Ұлттық және рухани шаралар
Тағы бір айта кететін жайт, жастардың қатысуымен ұлттық және рухани тәрбие беру мақсатында бірқатар шаралар өткізілді. Мысалы, «Ел қорғаны – ер азамат» атты шарада әскерге барған жас сарбаздар жастарға әскери өмірдің маңыздылығы мен патриоттық сезімді насихаттады. Сондай-ақ Ауған соғысының ардагерлерімен кездесулер өткізіліп, жастарға ерлік пен отансүйгіштік рухы туралы әңгімелер айтылды. Аудан жастары үшін «Жасыл ел» еңбек жасағы, экологиялық шаралар мен түрлі мәдени іс-шаралар ұйымдастырылып, жастардың қоғамдық өмірге белсенді қатысуына мүмкіндік жасалуда.
Халықаралық жастар күніне дайындық
Алда 12 тамызда Халықаралық жастар күніне орай ауқымды шаралар өтеді. Бұл күні жастар үшін түрлі концерттер, акциялар, денсаулық және экология тақырыбындағы шаралар ұйымдастырылмақ. Жастарға арналған бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі, кино кештер мен спорттық шаралар да жоспарланған. Осы тұста Шиелі ауданының Жастар ресурстық орталығының директоры Ержан Әбдешов өз сөзінде: – Біздің жастар – ел болашағы, қоғамның қозғаушы күші. Сондықтан да біз оларды жаңа бастамаларға, білім мен шығармашылыққа ынталандыруымыз керек. Халықаралық жастар күні – жастардың құқығын қорғау, олардың әлеуетін дамыту және қоғамға елеулі үлес қосуына мүмкіндік беру күні. Шиелі ауданының жастары белсенді түрде әр салада жетістіктерге жетіп жатыр. Біз олардың болашағы үшін барлық күшжігерімізді жұмсап, әрбір жас азаматтың мүмкіндігін ашуға тырысамыз, – деді Е.Біржанұлы.
Айнұр МАХСҰТҚЫЗЫ,
фото автордікі