АБАЙ ІЛІМІМЕН РУХТАНҒАН ЖАСТАР

Шара дәстүрлі түрде Абайдың әйгілі «Жүрегімнің түбіне терең бойла» атты өлеңімен басталды. Өлеңді әсерлі жеткізген жас маман Айдар Кумбулдың орындауындағы пролог жиынның мазмұны мен рухани деңгейін айқындап берді. Сахна төрінен Ұлы Абайдың өмірі мен шығармашылығына арналған бейнеролик көрсетіліп, көпшілік ақын мұрасымен жаңаша үнде қауышты. Одан әрі аудан әкімінің аппараты басшысы, әдеп жөніндегі уәкілі Ғалымжан Каримов сөз сөйлеп, Абай ілімінің мемлекеттік қызметтегі этикамен, парасаттылықпен тығыз байланысы жайында тұшымды ойларымен бөлісті. «Өлең – сөздің патшасы» атты бөлімде «Сыр Ұланы» жазғы лагерінің балалары дайындаған әдеби монтаж көпшілік көңілінен шықты. Абай поэзиясы жас ұрпақтың жүрегіне жетіп, сөз қадірін ұғуға үндеді. Кеш барысында Абай әндері де орындалды. Классикалық шығармалар – «Көзімнің қарасы», «Желсіз түнде жарық ай» секілді туындылар жастардың орындауында тың жаңғырып, жиналған қауымды ерекше әсерге бөледі. «Абай қарасөздері – тәрбиенің қайнар көзі» атты ой-толғаныс алаңында жастар Абайдың философиялық ойларын бүгінгі өмірмен сабақтастыра отырып талдады. Оқушылар мен мемлекеттік қызметкерлер ақынның адам болу, адалдық, еңбекқорлық сынды қағидаларын өз өмірлерінде қалай қолданатынын ашық айтты. Келесі «Абай ілімі – парасат пен жауапкершілік бастауы» бөлімінде қойылған сұрақтар – «Абайдың қай сөзі өмірлік ұстанымыңызға айналды?», «Мемлекеттік қызметте Абайдан не үйрендіңіз?», «Бүгінгі жастар Абайды қалай түсінеді?» сынды өзекті сауалдар – кешті пікірталас алаңына айналдырды. Шара соңында жастар ақын өлеңдерін мәнерлеп оқып, музыкалық сүйемелдеумен Абай әндерін жанды дауыста орындады. Бұл сәттер жиынның рухани тереңдігін арттыра түсті. Қорытынды сәтте белсенді жастар мен шығармашылықпен танылған мемлекеттік қызметкерлерге алғыс хаттар мен кітаптар табысталып, ұжымдық естелік суретке түсу рәсімімен кеш түйінделді. Абай – ақын ғана емес, қазақ руханиятының мәңгілік шамшырағы. Бүгінгі ұрпақ ақын мұрасынан нәр алып, қоғамға қызмет етуде. Шиелідегі бұл тағылымды кеш Абай мұрасын жастардың бойына дарытып, оларға рухани серпін берді.
Айнұр МАХСҰТҚЫЗЫ