Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Ұлы ақынды тану – борышымыз

Ұлы ақынды тану – борышымыз

Биыл 10 тамыз – «Абай күні» деп белгіленіп, мемлекеттік мерекелер тізіміне енгізілді.
Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұлы Абайдың 175 жылдығына орай жариялаған «Абай – рухани реформатор» атты мақаласындағы орамды ой, пайымды пікір менің де ақылыма қозғау салды.
Иә, Абай мұрасы – шетсіз де шексіз әлем. Оны тану арқылы жастарды имандылыққа, адамгершілікке баули аламыз. Ұлттық сананы сақтау мен оны заман талабына сай бейімдеу қашан да өзекті. Мұны біздің Президент анық түсініп отыр. Кемел болашаққа бет алған жаңа Қазақстан тың серпілістермен биікке көтерілуі тиіс. Ал бұл жолда ұлы дананың ой-тұжырымдары бізге жол көрсете алады, рухани азық болады.
Шын мәнінде мына күрделі, пендеуи тіршіліктен торыққан сәттерде жүгінетін ақылшы таразымыз — Абай сөздері. Өмірдің қай қырында да Абай сөзі алдымыздан шығады. Оның ұлылығы да осында, әрбіріміздің жүрегімізді оятып, жан дүниемізді тазартуында.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттық болмыс­ты жоғалтпау, оның өзегінен ажырап қалмауға шақырады. Ал мұның кілті – Абайдың шығармаларында.
«Пайда ойлама, ар ойла. Талап қыл артық білуге» деген Абайдың өсиетіне аса мән беріп, қазіргі жастарды ғылымның шыңына шығуға, тіл үйреніп, сан өнерді игеруге шақырған. Әсіресе, білімді болуға, ана тілімізді жете меңгеріп, оның мәртебесін көтеруге айрықша мән берген. Ұлы Абайдың әрбір өлеңінде ақиқат, түпсіз терең ақыл-ой бар.
Қалай айтсақ та, дамыған елдердің көшіне біз сананы жаңғырту арқылы ілесе аламыз. Ал оған Абайдың ой-тұжырымдары бағдаршам болуы тиіс.

Әйгерім Әлмахан
11 тамыз 2020 ж. 387 0