Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ЕЛТҰТҚА ЖАЙЛЫ ЕСТЕЛІК

ЕЛТҰТҚА ЖАЙЛЫ ЕСТЕЛІК

Кімге де болса әкесі асқар тау саналатыны белгілі. Осы орайда, жасым Пайғамбар жасынан әлдеқашан асқан менің де әкем жайлы ой толғап отыратыным бар. Ойда жоқта «Өскен өңір» газетінің 2022 жылғы 4-інші мамырдағы санында республикаға белгілі журналист-заңгер Ақайдар Ысымұлы менің әкем жайлы «Елтұтқа Жексекең еді» деген көлемді мақала жариялағанын компьютерімді шұқылап отырып байқап қалдым. Ол жайлы менің замандасым Ақайдардың апайына телефон арқылы жеткізгенімде «Ақайдардың ол мақаласын мен оқыған жоқпын. Сенің әкең Жексенбай кезінде елдің егесі, алтын қазығы еді ғой» деді. Шынымды айтайын, бірі Астанада, бірі Шиеліде тұратын екі кісіге деген ыстық ықыласымды газет бетінде жеткізейін деп қолыма қалам алып отырған жайым бар.
Мәселе мынада, негізгі мамандығым кәсіби тарихшы ретінде туған елім Шиелі ауданына қарасты Алғабас, Қызылдихан, Ленин аталатын бөлімшелер құрылғалы 90 жыл толыпты дегенді естідім. Әкемнің Ұлы Отан соғысынан ала келген офицерлердің іс-қағаздарын салатын көне планшеті менде сақталған. Сол планшетте жазулары әбден ескірген кағаздарының ішінен «Предисловие к фонду р-612 исполнено Жуантюбинскии аулсоветом народных депутатов Чилийского района деген қағазды тағы бір қарап шықтым. Решением орг.комитета по Кзылординской области №38 от 8 августа 1938 года образован Чилийский район, в состав которого, в числе других аулсоветов, вошел Жуантюбинский аулсовет с центром село Алгабас.Решением исполкома Кзыл-Ординского областного совета депутатов трудящихся от 22 июня 1954 года, в целях наиболее оперативного руководства колхозами, улучения культурно-бытового обслуживания, а также упорядотечения территориального расположения центром Жуантюбинского аулсовета утвержден колхоз им Ленина. Инспектор обл. госархива О.Турсынбаева» делінген. Менің бұл жерде мұрағаттық анықтаманы келтіре айтпағым 1954 жылы 22 шілдеде Жуантөбе ауылдық кеңесіне қараған үш бөліктен тұратын Ленин атындағы колхоз аталып орталығы бүгінгі Алғабас аталатын елді мекеннің о баста іргетасын қалаушылардың санатында (А.Ысымұлы «Елтұтқа Жексекең еді» деген мақалада ) сол үш колхоздың бірі Қызылдихан елді мекенінде ұзақ жылдар өндіріс бригадирі деген лауазыммен басқарған Жексенбай мен колхоз төрағасы Әзімхан Исмаил болатын. Аудандық «Өскен өңір» газетінде Өркен Исмаил 2020 жылы 7 қарашада жариялаған «Өзіміздің Өтеген» деген мақаласында әкем Жексенбай жөнінде былайша баяндайды. «Ұлы Отан соғысына бастан аяқ қатысып, аман-есен елге оралған Жексекең алғашында «Қарнақтағы» діни медресені бітіріп, діни сауатты молда атанған. Қызылдихан ауылында өндіріс бригадирі болып, ауыл шаруашылығының көрнекті ұйымдастырушысы, сол елді мекеннің іргетасын қалаушы, аузы дуалы, сөзге шешен кісі болыпты. Жуантөбе ауылдық кеңесіне карасты үш колхоз арғы Ленин (қазіргі Бестам), Қызылдихан Алғабас елді мекендері біріктіріліп, Ленин атындағы колхоз аталып орталығы Алғабас болады. Менің әкем Әзімхан Исмайлов 1958 жылы осы колхозға төраға болып тағайындалады. Аудан басшылары жаңа бастықты «Үш колхоздың аткамінерлеріне таныс­тыру үшін шаруашылықтың сиыр қорасында жиналыс өткізеді. Сол жерде белсенді бригадир Ж.Әбдіраман оның түріне қарап: «Мыналарың біздің балалармен бірге доп ойнап кетіп жүрмей ме? Үш колхозды бұл қалай басқарады?» деп мінберден сөйлегенін әкем айтып отыратын. «Менің өмірімді ширатқан, намысымды қозғаған Қызылдихандағы Жексенбай деген кісінің бірауыз сөзі болды. Мен сол мезеттен бастап жастығымды ұмытып, іске кірістім» дейтін. Жексенбай көкеміздің «сынынан» соң Әзекең осы үш колхозды 17 жыл басқарды. Мәдениеті өркендеген, табысты, экономикасы дамыған Алғабас ауылына айналдырды. ҚР Жоғарғы Кеңесіне депутат болып сайланды. Шиелі ауданының атқару комитетінің төрағасы болып жеңісті еңбегін жалғастырды. Сыншысы Жексенбай Әбдіраман дүниеден өткенде Қызылдиханда «митинг» жасап жаназасын өтеп шығарып салады» десе, А.Ысымұлының «Елтұтқа Жексекең еді» атты мақаласында «Әзекең зейнеткерлікке шыққан соң да қоғам өмірінен тыс қалмай, 12 жыл Шиелі аудандық ардагерлер кеңесін басқарды. Шиелі ауданының Құрметті азаматы атанып, өмірден өтті» деп жазады. Осы жерде қара құрым ел алдында Ә.Исмайл үш колхоздың төрағалығына сайланарда Ж.Әбдіраманның алғаш сөз алуы жайлы А.Ысымұлы былайша баяндайды. «Жексенбай бекер сөйлемейтін адам. Ұлы Отан соғысынан оралған соң, енбек майданына белсене араласып кеткен Жексенбайдың шаруашылықты ұйымдастыруға бейімін байқаған аудан басшылығы оны кадрлар резервін дайындау мақсатында 1950-1952 жылдары үш жылдық ауыл шаруашылығы шеберлерінің курсында оқытып алған. Біршама сауаты бар, істің жайын білетін жан. «Қызылдихан» ауылының өндіріс бригадирі Жексенбай Әбдіраманның пікірінен кейін көпшілік бір сәт тосылып қалады. Сөз алған колхоз белсенділерінің бірсыпырасы Жексенбайдың айтқанының жөні бар дегенге саяды. Ақыры әңгіме барысы Ж.Әбдіраман мен Ә.Исмайл болған соң мына бір әкемнің көзін көргендерден естіген әңгімем диктофонда жазулы. Ауылымның ардагер қарттары бас қосқанда әкем жайлы сұрағанымда: Жексекең «Қарнақты» өзбек балалармен бірге бітірдік деп отыратын. Өзбекшеге, соғысқа бастан аяқ қатысқан кісі ретінде орысшаға да судай болатын. Қашанда ел болған соң дау-дамай да болмай тұрмайды. Онын үстіне 1949 жылы Қызылдиханға 60 үй шешендер көшіп келді. Ел ішінде ауыл жастары мен шешеннің жастары бір-бірімен жаға ұстасып қалып та жататын. Сондай жағдайда ірі басты кісілерді жинап, елді татуластыра қоятын. Жексенбай Ұлы Отан соғысына дейін де, Ұлы Отан соғысынан кейін де сол елді ұзақ жылдар басқарады. Ә.Исмайлдың Жексенбайға басшы болуы 1958 жылдан басталады. Ә.Исмайл әрі арқа сүйер өндіріс бригадирі болған Ә.Жексенбайды зейнеткерлікке шыққанның өзінде біраз жылдар мұрап, үш колхоздың тексеру комиссиясының төрағасы етіп сайлайды. «Құрметті колхозшы» деген үйіне тақта іліп қойды. Зейнет ақысына қосып, өмірден өткенше 20 сом ақша беріп отырды. Ол кезде ол 20 сомға бір қап ұн келетін. Осы ретте, мен де кезінде әкеммен сыйласа жүріп, жоғарыда аталған үш колхоздың бүгінгі күні сән-салтанаты өзге елді мекендердің біріне айналуына саналы өмірлерін аямаған, әкемнің ел аузында аңызға айналуына тікелей себепші болған Әзекеңді бір сәт есімнен шығармайтын жанға айналған кісімін. 2013 жылы жарық көрген «Қыпшақ қайраткерлері» атты 920 беттік тарихи жинағымда не бір тарихи тұлғаларға бір бет берсем, Әзімхан Исмаил жөнінде 2 бет беріппін. Осы ретте мына бір ойымды ауылдастарыммен бөліссем деймін. Ел Президенті ел ішіндегі тарихи тұлғаларға ерекше мән беру керек деген талап қоюмен қатар өзі бас болып, Қапшағай каласын Д.Қонаевтың есімімен атады. Алғабас елді мекенін 17 жыл басқарған Ә.Исмаилдың есімімен атап, сол ауылдағы ең көрікті ғимараттың бірі яғни кезінде Әзекеңнің қаражат тауып салдырған мәдениет үйінің алдында бюстін орнатса деген ойымды білдіруді сол ауыл тұрғындарының назарына салуды өзіме міндет санадым.

Өтеген ӘБДІРАМАН
08 тамыз 2025 ж. 60 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№58 (9325)

05 тамыз 2025 ж.

№57 (9324)

02 тамыз 2025 ж.

№56 (9323)

29 шілде 2025 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Тамыз 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
25262728293031