Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ЕЛТҰТҚА ЖЕКСЕКЕҢ ЕДІ

ЕЛТҰТҚА ЖЕКСЕКЕҢ ЕДІ

2015 жылы «Асылдың алуан қыры» атты мақала жазғанмын. Ол Сыр елінің көрнекті азаматы, қоғам қайраткері Әзімхан Исмаил аға туралы болатын. Мақалам Әзекеңе арналған естеліктер жинағына енді. Сол жазбам­да мынадай бір оқиға баяндалып еді.
Өткен ғасырдың елуінші жылдары Кеңес Одағында күллі ұсақ ауыл шаруашылығы ұжымдарын ірілендіру жүрді. Солардың қатарында Шиелі ауданының «Алғабас», «Қызылдиқан» және Ленин атындағы жеке шаруашылықтары Ленин атындағы бір колхоз (колхоз – орысша «коллективное хозяйство»деген атаудың қысқарған түрі) етіп біріктіріліп, орталығы «Алғабас» болып белгіленді. Сол кезеңде ірі шарушылықтың жұмысын игеріп алып кету базбір басшыларға оңайға соқпады, колхозға жетекші тұрақтамады.
Колхоз демократиясы бойынша басшыны колхозшылардың жалпы жиналысы сайлайды. Осындай колхоз басқармасының жаңа төрағасын сайлауға шақырған хабарды алған үш бөлімшенің атқамінерлері, ауыл белсенділері тайлы-таяғы қалмай «Алғабасқа» жиналады. Аудан басшылығы колхоз басқармасының төрағалығына лайықты санаған азаматтың аты-жөні Әзімхан Исмаилов екен, мамандығы мұғалім болып шықты. Қызылорда педагогика институтын орыс тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Бірер жыл мектепте сол пәннен сабақ берген, мектеп директоры болған, соңғы қызметі – аудандық партия комитетінде нұсқаушы. Төрағалыққа ұсынылып отырған жігіттің ауыл шаруашылығын ұйымдастыру жұмысынан тәжірибесі жоқ екені бірыңғай мал өсірумен, егін егумен айналысатын шаруашылық мүшелерінің күдігін туғызады.
Жиналыста алғашқылар қатарында сөз алған «Қызылдиқан» ауылының өндіріс бригадирі Жексенбай Әбдіраманов ауданнан келген өкілдерге қарата сөйлейді. «Жастардың қай қызметте болсын мәртебесінің өскеніне қарсы тұруға болмайды. Мұндай өскелең жігіттерді алдымен шағын шаруашылықтарды басқартып, ысылған соң үлкен өндірістерге басшылыққа ұсыну керек. Колхозымыз негізінен мал өсіру мен егін егуді қатар жүргізіп жатқан ұжым. Мұндай үлкен шаруашылықты алып кетуге тек талап, бара көре жатармыз деу жеткіліксіз. Шаруашылығымыздың егін өсіретін алқабын, су жүйелерін, мал жаятын өрісін басқа да жайларды бұл жігіт қайдан біледі. Мамандығы мұғалімдік екен, бұған үлкен колхозымызды басқару қиынға соғады-ау», – деген ойын білдіреді.
Жексенбай бекер сөйлемейтін адам. Ұлы Отан соғысынан оралған соң, еңбек майданына белсене араласып кеткен Жексенбайдың шаруашылықты ұйымдастыруға бейімін байқаған аудан басшылығы оны кадрлар резервін дайындау мақсатында 1949‒1952 жылдары Қызылорда қаласындағы үш жылдық ауыл шаруашылығы шеберлері курсында оқытып алған. Біршама сауаты бар, істің жайын білетін жан. «Қызылдиқан» ауылының өндіріс бригадирі Жексенбай Әбдіраманның пікірінен кейін көпшілік бір сәт тосылып қалады. Сөз алған колхоз белсенділерінің бірсыпырасы Жексенбайдың айтқанының жөні бар дегенге саяды.
Дегенмен партия айтты – бітті дейтін заман, сол жолы 1958 жылы жас коммунист Әзімхан Исмаил Ленин атындағы колхоз басқармасының төрағасы болып сайланады. Әзекең аталған шаруашылықты 17 жыл басқарды. Қазақстан Жоғарғы Кеңесінің (Парламент) депутаты болып сайланды. Еңбекшілер депутаттары Шиелі аудандық атқару комитетінің төрағасы қызметіне көтерілді, зейнеткерлікке шыққан соң да қоғам өмірінен тыс қалмай, 12 жыл Шиелі аудандық ардагерлер кеңесін басқарды. Шиелі ауданының Құрметті азаматы атанып өмірден өтті. Әзекеңнің қолдауымен талай жас ауданның түрлі саласын басқаруға жоғарылатылды. Әзекең кейініректе «менің қай қызметте болсын істің жайында елдің көңілінен шыға білуіме сонау 1958 жылы жас кезімде қызылдиқандық Жексенбай Әбдіраманұлы деген кісінің жиналған көпшіліктің алдында айтқан қамшылау сөзі ешқашан есімнен шыққан емес» деген екен.
Енді әңгіме ауанын сол Жексенбай Әбдіраманұлының азаматтығына бұрайын. Менің өзімде «Қызылдиқан» ауылының тумасымын. Сол ауылды кешегі заманда небір қиыншылық кезеңде басқарып, өндіріс бригадирі болған Жексекеңнің елге сіңірген қайраткерлік еңбегін кейінгі ұрпаққа жеткізу ләзім.
1944 жылы Кеңес өкіметі неміс-фашист басқыншыларына бейіл болды деген айыппен Кавказдағы бірсыпыра халықты, олардың ішінде шешендер мен ингуштерді Қазақстанға жер аударды. Оған дейін Қиыр Шығыстан кәрістер, Еділ бойынан немістер көшірілді.
«Қызылдиқанға» 60 үй шешендер мен 10 үй немістер қоныстандырылыпты. Оларды ауыл­да бүгінгі мектептің сырт жағына өз алдына оқшау жайластырған жер «Шешен ауылы» аталып, күй кешіп жатты. Ауылға қалай шешендер көшіп келді, бұрын есіктеріне құлып салуды білмейтін, малдары түнде көшеде иіріліп жата беретін елде ұрлық басталады. Ауыл тұрғындарының басшы Жексекеңе келіп сиырымды, не қойымды шешендер алып кетіпті деп шағым айтуы жиілейді.
Ол кезде Шиеліге милиция бөліміне хабарлай қоятын бүгінгідей телефон байланысы жоқ. Жексекең шешендердің ақсалдарын жиып алып, ұрлықты тию мәселесін өзі шешеді. Әскери ұзын шинелін киіп түні бойы шешен ауылды торып жүреді. Жарамды азаматтары жаппай соғысқа аттанған, шал-шауқандар, әйелдер мен бала-шаға қалған момын ауыл тұрғындарына белдеріне қанжар байлап жүретін әдеттері тосын, қыр көрсететін шешендер Жексекеңнен тайсалатын еді дегенді Жексенбайдың көзін көрген кісілерден талай естігеніміз бар.
Біздің бала күнімізде Жексекең бригадирлікті өткізгенімен, жыл бойы науқан болып кезектесіп келе беретін шаруашылық жұмыстарын ұйымдастырудың бел ортасында жүретін. Шаруашылықтың қат-қабат науқандық жұмыстарын оңтайлы ұйымдастыру, ауылға бригадир басшы тағайындау сияқты өзекті мәселелерді колхоз басшылары Жексенбай Әбдіраманұлымен ақылдасқанды жөн көріп отырған. Көктемде су арналарын тазарту, мал төлдету, жазда шөп шабу, қой қырқымы, күзде қырманда астық тазалау, шөп қоралау, мал санағы, қыста егіс даласына тыңайтқыштар тасу тәрізді жұмыстардың бір саласына басшылық етуді ауыл бригадирі үнемі Жексекеңе тапсыратын. Бала болсақ та колхоз жұмысына тартылатын біз талай рет Жексекеңнің қарауында жұмыс істегеніміз бар. Сонда тынығып алу сәттерінде бізге ғибратты әңгімелер айтып отыратын.
Ғибратты әңгімелер демекші, Жексекең ауылда ораза кезінде ауызашарға шақырған жерлерде намаз оқу рәсімдерінен соң үлкендердің сұрауымен Шығыс әдебиетінің жауһары саналатын Сейфіл-Мәлік, жылан патшасы Шаһмиран сияқты ғажайып қиссаларды әдемі жұмсақ үнді мақаммен оқып береді екен. Әуелде осы Жексенбайдың ұлы Өтеген екеуміздің авторлығымызбен 1997 жылы жарық көрген «Есабыз әулие» атты жинаққа алғысөз жазған, есімі Шиелі ауданына жақсы таныс, қазақ тілі мен әдебиетінің мұғалімі Досмахан Сұлтанұлы «Жексекең кезінде Түркістан жанындағы Қарнақта арнайы діни оқу орнын тауысқан кісі еді ғой. Құран, қиссалар оқыған сәттердегі Жексекеңнің дауысы ерекше болатын, адамды ұйытып алатын» дегені бар. Қарнақ медресесінде көптеген қазақ зиялылары оқыған. Солардың ішінде Мәшһүр Жүсіп Көпей де бар.
Әлі есімде, 1970 жылы КСРО Жоғарғы Кеңесіне (Парламент) Қызылорда облысынан ұсынылған депутаттыққа үміткерлердің Шиеліде сайлаушылармен кездесуі өтті. Ол кезде аудандық «Өскен өңір» газетінде қызмет істейтін едім. Коммунистік партия кеңес өкіметін дара билеп тұрған заман. Сол тұста депутаттыққа үміткер Қазақстан Коммунистік партиясы Қызылорда облыстық комитетінің бірінші хатшысы – облыстың бірінші басшысы Хасан Шаяхметұлы Бектұрғановтың сенімді өкілдерінің біріне Шиелі аудандық партия комитеті басшылығының ұйғарымымен талай жиында шешендігімен, түзу сөзімен елге танылған Жексенбай Әбдіраманұлы таңдалыпты. Осындай ел сөзін сөйлейтін қасиетімен Жексекең кезінде Шиелі ауданын басқарған Исатай Әбдікәрімов, Ғафур Мұхамеджанов, Қонысбек Қазантаев және басқа да кісілермен сыйластықта болған екен.
1970 жылдары Ленин атындағы колхозда басқарма төрағасы Әзімхан Исмаил ауылға еңбегі сіңген ардагерлерді қошеметтеуге жаңаша сипат, мазмұн енгізді. Олар тұратын үйлерге құрмет тақташалары орнатылды. «Қызылдиқанда» «Бұл үйде Ұлы Отан соғысының ардагері, Құрметті колхозшы Жексенбай Әбдіраманов тұрады» деген тақтайша ілінді.
Осы ретте қызылдиқандықтар 1928 жылы әуелі артель болып ұжымдасқанда алғашқы мүшелерінің бірі болған әрі Ұлы Отан соғысының ардагері Жексенбай Әбдіраманұлының өмірінің соңына дейін «Қызылдиқанға» сіңірген еңбегін ауыл тұрғындары ескеріп, бүгінде көрнекті шайыр Әбділда Тәжібаев атын алған ауылда бір ірі көшеге оның есімін бергені орынды болар еді.
Жексекең мен Бибен апайдың үш ұлы да елге абыройлы қызмет етті. Кіндік қандары осы «Қызылдиқанда» тамған үш баласының үлкені Ерғастың мамандығы фельдшер. «Денсаулық сақтау ісінің озаты» деген атаққа ие болды, Шиелі ауданында Ленин атындағы колхоз ауылдарында халыққа дәрігерлік қызмет көрсетумен өмірден өтті.
Ортаншы баласы Өтеген елге белгілі тарихшы-этнолог, отыздан астам тарихи жинақтардың авторы, қаламгер, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі. Биыл 75 жасқа толып отыр. Өтекеңнің Сыр бойының тарихы туралы қаламгерлік ізденіс еңбегі туралы 2011 жылы Астанада басылып шыққан «Шиелі» тарихи танымдық энциклопедиялық кітабымда «Шежіре шерткен» деген бөлімде арнайы тоқалып баяндап өткенмін.
Кенже ұлы Мақсаттың мамандығы құрылысшы-сәулетші. Еліміздің талай елді мекенінің, қаласының бас жоспараларын жасауға, құрылысына қатысқан маман. Бүгінде зейнеткер. Өтеген мен Мақсат ­Алматыда тұрады. Ардагер-майдангер Жексенбай Әбдіраманұлының үш ұлынан тараған ұрпақтары ата жолын еңбекпен жалғастырып келеді.

Ақайдар ЫСЫМҰЛЫ,
Қазақ журналистикасының қайраткері, Шиелі ауданының «Құрметті азаматы»,
Нұр-Сұлтан қаласы
03 мамыр 2022 ж. 471 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№93 (9257)

23 қараша 2024 ж.

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

№91 (9255)

16 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930