Біз Үлгіліденбіз
«Өскен өңір» газетінің 2021 жылғы 21-қаңтар № 6 санында «Қазақстанның Құрметті журналисті», Шиелі ауданының «Құрметті Азаматы» Сәрсенбек Бекмұратұлының «Үлгілі» атауы неге ұмыт қалды?! – деген мақаласын оқып шығып, осы тақырыпқа байланысты өз білгенімді оқырман қауымға айтқым келді. Қазақта «Көп жасағаннан сұрама, көпті көргеннен сұра» деген ұлағатты сөз бар. Міне ғасырға жуық өмір сүріп келемін. Өз ойымша , «көп те жасадым, көпті де көрдім» деп есептеймін. Ол үшін Тағдырыма, Аллаға шүкіршілік етемін! Сондықтан ешкімнің көніліне тимей, «Үлгілінің» тарихы туралы бар шындықты, әділ түрде жеткізуді жөн санадым.
Қызылорда обылысы Шиелі ауданына қарасты қазіргі Керделі ауыл округі, «Нартай Бекежанов» ауылы 1928 жылы алғашқы ұжымдасу кезінде сол кездегі жиналыс жасап, ортақ мәмлеге келіп, алғашқы артельдін атын «Үлгілі» деп қойған екен. Мен ол кезде 6-7 жасар баламын. Біз ерте есейдік. Колхоздың құрылу тарихы туралы әңгімені 30-35 жылдары естіп біле бастағанмын. Бала емеспіз бе?! «Үлгіліден» – «Гигант», «Төңкеріс» мектептеріне қатынап оқимыз. Соңда «Біз – Үлгіліденбіз» деп мақтанатынбыз.
Алғашқы жиналыста колхоздың атын «Үлгілі» деп атау жөнінде калхоздын алғашқы мүшелерінін бірі Әбен Рысдаулетов ұсыныс айтып, бүкіл көпшілік бір ауыздан келісіп, колхоз атын «Үлгілі» деп атайды. Алғашқы калхоздың бастығы болып Маман Қалдыбаев ақсақал сайланады. Ол кісі кейін күріштен мол өнім алуына байланысты, Шиелі ауданында алғашқы Социалистік Еңбек Ері атанып, ел құрметіне бөленді. Бір ауылдан бес бірдей Еңбек Ерлерінің шығуы осы ауыл еңбеккерлерінің адал да, жанқиярлық еңбегінің, ауызбіршілігінің, ыңтымағының арқасында деп білемін. «Үлгіліден» шыққан осында еңбек майталмандарының үлгілі ісі кейінгі ұрпаққа үлгі емес пе?! Оған мақтанбасқа бола ма?! Сол кездегі ең алғашқы колхозды құрушылар Мырзахмет Қалдыбаев, Мұсабек Ыбыраев, Али Ыбыраев, Өмірзақ Шығанбаев, Ізбасқан Құлтаев, Өтепбай Қарқынбаев, Ержан Құлтаев, Ишанқұл Досымбаев және т.б. Мен Сәрсенбек Байжанов, осы кісілердің бәрін білемін, көрдім. Көпшілігімен колхозда бірге қызмет атқардық.
Колхоздың «Үлгілі» атауын 1951 жылға дейін атап келді. Сол жылдары колхоз іріленіп, 3 колхоз бірігіп («Үлгілі», «Еңбекші», «Жиделіарық») бір колхоз болды. Сол кездегі солақай саясаттын арқасында «Үлгілі» колхозының атауы өзгеріп, «Молотов» деп аталды. Кейін 1956 жылы олда өзгеріп, колхоз «Коммунизм» аталды. Кейін Совет одағы тараған соң, «Нартай Бекежанов» атауы берілді.
Әрине, біз бұл атауға ризамыз. Дегенмен осы мақаланы жазудағы негізгі мақсатымызға тоқталайын. Аудан көлеміндегі колхоздардың көбісі бұрынғы атауын өзгерткен жоқ. Мысалы, «Еңбекші», «Жиделіарық», «Алғабас», «Ортақшыл», «Жөлек», «Бәйгеқұм» т.б. Ал кейбір елді мекендерге бұрынғы атаулары қайтарылды «Ақмая», «Бидайкөл», «Бестам», «Ақтоған» т.б. Ауылдық округ аттары да өзгерді «Төңкеріс» – «Тұран», «Гигант» – «Бәйтерек» аталды.
«Жеріңнің аты – еліңнің хаты» дегендей, сол біздің ауылдың алғашқы «Үлгілі» атауын қайта жаңғыртып атау мақсаттарында, жоғарғы органдардан қазіргі ауыл округінің атын («Керделі») алып тастап «Үлгілі» ауылдық округі деп атауын өтінеміз. Себебі, «Керделі» деген атаудың еш қатысы жоқ. Бұрын ауылдық кеңес атауы «Бестам» деп аталатын. Ол атау 1950 жылдары колхоз іріленіп, ауылдық кеңестер атауы өзгерген кезде жеке бір биліктегі адамдардың жершілдігіне, рушылдығына байланысты, бұл жерге еш қатысы жоқ «Керделі» аталып кеткен. Ал «Керделі» – Сырдарияның оңтүстігіндегі кішкене қоныс атауы.
Қазақстан бойынша елді-мекендер бұрынғы тарихи атауы алып жатыр. Оңын үстіне «Үлгілі» деген сөздің өзі бүкіл ұрпақты тәрбилеуде үлкен рөл атқарады. Қазақта «Өлі риза болмай, тірі байымайды» деген аталы сөз бар. Сондықтан алғашқы бытыраңқы елді біріктіруге себебші болған аталарымыздың әруағы риза болсын деген мақсатпен округ атын «Үлгілі» ауылдық округі деп атауға болатыны сөзсіз.
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаев «Ата мен елді білу, оларға атау беру – бөлінуге емес бірігуге, жарысуға емес жұмылуға, тартысуға емес тәрбилеуге бастау керек», – деген болатын. Олай болса, ешқандай мағынасы жоқ «Керделі» атауын өзгертіп «Үлгілі» деп атаудың тәрбиелік мағынасы өте зор. Бұл ешқандай рушылдық, жікшілдік, жүзге бөлінушілікке жатпайды. Оның үстіне округ атын «Үлгілі» деп атау азғантай топтың мүддесі емес, бүкіл ауыл тұрғындарының арман, мақсаты.
Сондықтан аудан әкімі, жоғары органдар біздің өтінішімізге құлақ асып, «Керделі» атауын «Үлгілі» ауылдық округі деп қанағаттандырады деп сенеміз.
Байжанов Сәрсенбек,
ҰОС-ы және Еңбек ардагері, Шиелі ауданының
«Құрметті азаматы»
ҰОС-ы және Еңбек ардагері, Шиелі ауданының
«Құрметті азаматы»