Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Әке бойында асыл қасиет бар

Әке бойында асыл қасиет бар

Ақырын жүріп, қадамын анық та, қанық баса білген, ақылдың кеніші болған Әбдімәжит Тәркешовты ел жақсы біледі. Ол менің – әкем. Газет-журналын қолынан тастамайтын әкем жайлы естелік жазуды мүлде ойламаған екенмін. Қатал қаңтар айында әкемізден көз жазып қалдық. Ол, бала күнінен қағазға ойындағысын жазып, редакцияны екінші үйіне айналдырғанын үнемі айтып отыратын. «Өскен өңір» газетінің бас редакторы Нұрболат Пірімбетті өз баласындай көріп, газеттің әр санында жарық көрген мақаланың барлығын да көз майын тауыса отырып оқып шығады. Оқиды да өзіне ұнағанын ерекше екпінмен шай үстінде талқылайтыны тағы бар. Әкемнің орны босап қалғынына 10 ай болса да, әлі күнге сол аудандық басылымның әр парағын үйде ақтарып отырмыз. Тіпті, әр нөмірін асыға күтетін халге жеттік.
Әкеміз оқушы, студент кезінде, жастық шағында газетке өлеңдерін беріп, мақалалары жарық көріп тұрған. Өзінің өлең, мақалалары шыққан газет нөмірлері әлі күнге сақтаулы. Оның көзінің қарашығындай сақтаған ең құнды да, қасиетті дүниесі – өз әкесі Байдүйсен Тәркешұлы атамның Ұлы Отан соғысында көрсеткен ерлігі үшін алған марапаттары мен ордень, медальдары еді. Оны әкемнің «Бойтұмары» десем де болады.
Біздің үйден мен ес білгелі үш газет үзілген емес. Олар аудандық «Өскен өңір» газеті, облыстық «Сыр бойы» газеті (бала күнімізде «Ленин жолы» газеті болды), республикалық «Егемен Қазақстан» газеті (бала күнімізде «Социалистік Қазақстан» газеті болды). Осы үш басылымның бір мақаласын қалдырмай оқитын. Қажет мақаланы қиып алып қоятын. Ол мақала ұл-қызға, немереге, келінге қатысты болады. Соны әрқайсысының мамандығына қарай қолына беретін.
– Сендер газетке қарамайсыңдар, мынау саған қажет болады, оқыңдар! – деп ұстатып қоятын.
Әкеге деген сағынышты сөзбен жеткізу неткен қиын еді. Бейнеттен бел жазбаған Әбдімәжит Байдүйсенұлы Төңкеріс ауылының «Еңбек ардагері» атанды. Міне, осылайша әкемнің еңбегі еленді. Ел-жұрт құрметтеді. Әкем Әбдімәжит асылық сөйлемейтін, тәкаппарлық танытпайтын, өзінің ішкі саясаты бар кісі еді. Әрбір шаңырақтың патшасы – әке десек, анам үшін, біз үшін әкенің айтқаны «бұлжымас заң» болды. Соңғы шешімді әкем айтатын. Қанша қиындық көрсе де, бізге сол қиындықтарды көрсетпеуге тырыс­ты. Әр істі «Жеті рет өлшеп, бір рет кес» деп үнемі айтып отыратын. Ұл-қызының, немерелердің әр қадамын сырттай бақылап, қадағалауының өзі көрегендік екен. Таңғы шаруаларын бітірген соң, бала-шағаларын түгелдеп, хабарласу күнделікті күн тәртібі болатын. Жас кезінде қалыптасқан қасиет дейін бе, тәртіп дейін бе, тәрбие дейін бе? Бастысы, қазіргі қоғамға жетіспей жүрген әкелік мейірімді аямай ұл-қызына жеткізе білгеніне тәнтімін.
Атам Байдүйсен Тәркешұлы Ұлы Отан соғысынан келген, әжем Жұпаркүл Әлімбетқызы Өскеменде тылда болған. Әкем соғыстан кейін дүниеге келген ұрпақтың бірі. Сол алапаттан кейін елде тоқырау, жоқшылық болғаны тарихтан да белгілі. Әкемнің балалық шағы осындай кезеңдермен тұспа-тұс келген. Ол «Жоқшылықты да, тоқшылықты да көрдім» дейтін. Содан болар, нан қадірін ұғындырып, ысырапқа жол бермейтін.
Мен – әкенің де, ананың да мейіріміне қанып өскен перзентпін. Әр баланың орны бөлек. Әкем өте жайсаң, сабырлы еді. Білгенін айтып отыратын, жан-жағына көмек беруге әрқашан да дайын еді. Қамқорлық жасағанды жақсы көретін. Саяси сауаты да мықты. Басылымдарға өмір бойы жазылып келді. Үйдің поштасына келетін газетті күтіп жүретін. Қажетті мәліметтерді қиып алады, астын сызып қояды. Әкемнің бөлмесінде арнайы сол газеттер салынған шкаф бар. Дүниеден өткен соң ғана аңғардық. Онда әкем өзінің әке-шешесі жайлы мәліметті жинақтап, суреттерін шығарып баспаға әзірлеген екен. Бұл да ата-анаға құрмет емес пе? Әкемнің әкесіне деген құрметті көрген мен де перзенттік парызым деп қолыма қалам алдым.
Бүгін ойлап қарасам, соның бәрі тәрбие екен ғой. Әкем мені балабақша жасынан еңбекке баулыған өмір мектебім екен. Осындай асыл қасиет бойына сіңген Әкем Әбдімәжит жүз мектеп бере алмайтын тәрбиені берді ұрпағына. Әкемнің көзі тірісінде:
«Аман-есен жүрсеңдер екен,
Бет түзейтін құбылам болып!» – деген әнге қосылып жүретін едік. Амал қанша... Алла Орынкүл анамызға күш-қуат берсін! Ойымды қорытындылай келе, жас ұрпаққа айтарым: «Асқар тау әкеңді құрметтей біл, айтқанын екі етпе, жаныңдағы шырағыңдай аяла. Ол шырақ өшкен соң, өміріңнің шырағын маздататын жан табу қиын. Үлкенді құрметтеуді, алдымен, әкеңді құрметтеуден баста» дегім келеді.

Серік Әбдімәжитұлы
02 қазан 2023 ж. 230 0