КӨЗГЕ КӨРІНБЕЙТІН КҮРЕС

Көмек – құр уәде емес, орындалған іс Бүгінде әлеуметтік қызметтер порталы арқылы 996 адам гигиеналық құралдарға өтініш беріп, 966 адам оларды алып үлгерді. Бұл – жаңа технологияның шынайы көмекке айналған көрінісі. Сандардың артында не жатыр? Артында – өзіне-өзі күтім жасауға мұқтаж, бірақ ұяңдықтан үнсіз қалған жандар тұр. Арбаға танылған азаматқа ең керегі – қозғалу мүмкіндігі. Бұл ретте 72 адамға кресло-арба, 69 адамға көру құралдары (тифлоқұрал), 10 адамға есту құрылғылары (сурдоқұрал) берілді. Бұл тек техника емес – бұл үміттің қозғаушы күші. 198 адамға санаторийге жолдама берілді. Бұл – күнделікті ауыр тұрмыстан, жан мен тәннің қажуынан шығуға бағытталған маңызды қадам. Саулық – тек ауруды емдеу емес, санаға тыныштық сыйлау. Жеке көмекші – көлеңкедегі батырлар 158 жеке көмекші І топтағы жандардың күнделікті серігіне айналған. Олар – үнсіз, бірақ тынымсыз еңбек етіп жүрген жандар. Ал ымдау тілі мамандары – естімейтіндердің «тілін» сөйлетіп, әлеммен байланыстыратын алтын көпір. 4 маман – 19 адамның жанын жалғап отыр. 136 жалғызбасты қария мен мүгедектігі бар адамға, сондай-ақ 123 мүгедектігі бар балаға үйде арнаулы әлеуметтік қызмет көрсетілуде. Бұл – тек көмек емес, бұл – жылу. Үйге келетін маман – олардың үмітін оятатын жалғыз жан болуы да мүмкін. Оңалту – өмірге қайта оралу «Талсуаттағы» оңалту орталығына 31 адам жіберілді. Оңалту – тек ем емес, өзіне деген сенімділік, өз орныңды сезіну, қайта бастау мүмкіндігі. Бұл – ауыр жол, бірақ Шиелі ол жолды да қатар жүріп келеді. Көлікке мұқтаж жандар үшін үлкен көмек – әлеуметтік такси. ҚР Көлік және коммуникация министрінің 2013 жылғы 1 қарашадағы №859 бұйрығына сай, «Үміт» мүгедектер қоғамдық қоры арқылы бұл қызмет те қолжетімді. Әрбір жүріп-тұру мүмкіндігі – олардың күнделікті өміріндегі үлкен өзгеріске айналуда. Қолжетімді орта – қолжетімді арман 2025 жылы 34 ғимаратты бейімдеу жоспарда тұр. Қазірдің өзінде 11 нысан стандартқа сәйкестендіріліп, интерактивті картаға енгізілген. Бұл – пандус орнату ғана емес, бұл – адамға есігін ашып, қоғамға тең ету. «Amanat» партиясының 2023-2027 жылдарға арналған «Халықпен бірге» сайлауалды бағдарламасының Жол картасы шеңберінде іске асып жатқан маңызды тармақтардың бірі. Мүмкіндігі шектеулі адам – қамқорлыққа мұқтаж емес, түсіністікке мұқтаж. Шиелі дәл осыны ұғып отыр. Күн сайын дерлік атқарылып жатқан жұмыстар – болашақта кедергісіз қоғам құруға бағытталған нық қадам. Жауапкершілік – қағаздағы ереже емес. Жауапкершілік – өзгенің үнсіз мұқтажын есту. Шиелі мұны естіп келеді.
С.МАДИЯРОВА