Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Инватакси сыйлады

Инватакси сыйлады

Тағдыр теперішіне ұшырап, түрлі қиындықтарға тап болған мүмкіндігі шектеулі жандар қоғамда елеусіз қалған емес. Олар да тағдыр сынына қарсы тұрып, бірі өз кәсібін бастаса, енді бірі қарым-қабілетіне қарай тігін тігіп, өлең жазып, машық қылар іс тауып үлгерген. Ресми деректерге сүйенсек, бүгінгі таңда Шиелі ауданы бойынша 2889 мүмкіндігі шектеулі жан бар.
Тағдыры бір арнада тоғысқан жандармен «Үміт» мүгедектер қоғамдық қоры ұдайы бірлесіп жұмыс істеп келеді. 2014 жылы құрылған қоғамдық қор мүмкіндігі шектеулі жандардың кезігетін кедергілері мен көрсетілетін қолдауды саралап, сараптап, тиісті мекемелерге баяндап келеді.
Биылғы жылы аудан әкімі Нариман Мақұлбековке «Үміт» мүгедектер қоғамдық қоры атынан халықаралық стандартқа сай келетін 1 инвотакси автокөлігі керек деп ұсыныс білдірген біз. Айтылған мәселені дер кезінде қолға алып, қолдау білдірген аудан басшысы «Гежуба Шиелі» цемент зауытының басшысымен бірлесе отырып, 1 инватакси автокөлігін сыйға тартты. Қазақта «жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» деген сөз бар. Осы игілікті істің басы қасынан табылып, мүмкіндігі шектеулі жандарға көмек қолын созуға әрқашан әзір Шиелі аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінің басшысы А.Төлегеновтың да еңбегін елемеу мүмкін емес. «Қайырлы іс қылсаң, қайырын өзің көресің» деп өскен елдің ұрпағымыз. Жасаған әрбір сауапты істеріңізді Алла еселеп қайтарсын!

Асылбек Смайлов,
«Үміт» мүгедектер қоғамдық
қорының төрағасы
21 маусым 2022 ж. 324 0