
Әдеп туралы бұл мақаланы жазуыма досым Төрехан түрткі болды. «Қайырлы таң» деп амандасқан ол, бірден: – Кеше жұмыспен автовокзал маңына жақындағанымда алдымнан бір келіншек ойқастап өте берді. Соңынан еріп келе жатқан бойжеткен қызы айқайлап, «мама, үлкен кісі келе жатыр» дегеніне қарамастан тайраңдап алдымды кесіп өтпесі барма? Сол бір әдепсіз келінге іштей наразылығымды білдірсем, анау әдепті, үлкенді сыйлай білетін қызыма алғысымды жаудырдым. Соны жазу керек. «Өскен Өңір» газетін оқитын келін болса, әбестік жасағанын түсінер. Түсінбесе өзгелерге сабақ болсын, – деп телефон шалып тұр. – Қыз тоқтап тұрып маған жол берді. Келіншек қызының айқайына да қараған жоқ. Жетпіс жастан асқан ақсақал шағында бұған қалай қапаланбайсың? – дейді. Досымның ренішіне айдалада мен де қапа болып: – Дұрыс қой, Төке, дұрыс қой, – дей бердім. Қазақ халқының тектілігі – үкенді, ақсақалды, қартты, кемпір-шалды сыйлау, құрметтеу. Әдеп-ғұрпымызды, салт-дәстүрімізді ұмытпау. Ол анамыздың ақ сүтінен дарыған тәрбие. Тәрбие отбасынан басталады деп сосын айтқан. Одан әрі балабақша, мектеп, университет, ұл-қыздарымыздың жүрген ортасы тәрбиелейді. Түбінде қазақ қыздарына әдеп пен ұяңдық жарасқан. Ертеректе ардагерлерді шақырып кездесулер ұйымдастырып, тәрбие сағаттарын өткізіп жататын. Сонда бәрі айтылушы еді. Олар «Қыз өссе – елдің көркі, гүл өссе – жердің көркі», «Келіні жақсының керегесі алтын», «Сұқтанба, қапыда сұлу деп құр бетке, адамдық – ақылда, сұлулық – жүректе» деп отыратын. «Сөз сүйектен өтеді» демекші, сөз арқылы берілген тәрбие – санаға қонып, жастардың санасын оятады. Саналы азамат өзіне талап қояды. Сонда барып әдеп сақталады. Менің досым Төрехан Ахметов – аудандағы зиялы қауым өкілі, саналы ғұмырын Шиелі ауданның өсіпөркендеуіне арнап келе жатқан сауда саласының құрметті ардагері. Алматы қаласындағы ауыл шаруашылығы институтының түлегі. Студент кезінде тарихи желтоқсан оқиғасының ортасында болған қазақтың патриот жастарының бірі. Аудан көлемінде тұтынушылар одағына қарасты дайындау мекемесінің, коопунивермаг, коопторг, сондай-ақ Шиелі теміржол жұмысшыларына жабдықтау (ОРСНОА) мекемелерінің директоры қызметтерін абыройлы атқарған сауда саласының ақтаңгері. Ол – сабырлы, сыпайы мінезімен, тындырымды тірлігімен ұнамды. Бүгінгі таңда аудандық тұтынушылар одағы ардагерлер бастауыш ұйымының төрағасы. Қоғамдық жұмыста да белсенді, ұйымдастырушылық қабілеті зор ардагер. Біз достары Төкеңді мақтаныш тұтамыз. Оның алдын ешқашан кесіп өтпейміз. Үлкен кісіге құрмет жасаймыз. Төке, сен ренжіме, қапа болма. Қазір заман емес, адам өзгерді. Кімнің ақшасы көп, кімнің лауазымы биік деген түсінікпен қарайтын болды бір-біріне. Ана келіншек тексіз, е байдың қызы, не болмаса, күйеуі бай біреу шығар. Сен оны кешіре сал! Мына Мұқағалидің текті өлеңін есіңе ал. Бірде атақты композитор Шәмші Қалдаяқов пен бір туар ақиық ақынымыз Мұқағали Мақатаев көшеде келе жатса, қазақтың келісті қызы алдарын кеспей, иіліп жол береді. Сонда Шәмші: – Ал, Мұқаш, бұған не айтасың? Ақындығыңды көрейін, – дегенде, Мұқағали аяқасты былай депті: Мен жолымды берейін, өт қарағым, Несін күттің, несіне көп қарадың? Анасының бергенін саған берген, Аруағынан айналдым текті Ананың! Жалған-ай! Жарасымды-ау ізет деген! Иілген біз өтпенен, сіз өтпенен. Қасиетін халқының сыйламайды, Атасының дәстүрін күзетпеген Десек те, жаңа өмір, жаңа заман, Жақсы ғой бірін-бірі бағалаған. Түйсіксіз тайлақтардан сақта, Құдай, Тайраңдап алды-артына қарамаған. Қарағым, Ата-бабаң момын халық, Өтіпті бір-бірінің жолын бағып. Өсиетін бабаңның орындай сал, Одан ешкім кетпейді тоныңды алып. Мен жолымды берейін, өт, қарағым, Несін күттің, несіне көп қарадың?! Қор болмассың, құлыны текті Ананың, Жолын алсаң, өзіңдей текті ағаның!... Тектілік деген осы емес пе? Қарындасының иіліп жол берген бір сәлеміне өлең әлемінің әдемісін арнаған ақынға не дерсіз! Кішіге ізет, үлкенге құрмет көрсетуіміздің өзі – әдептілік. «Әдептен озба» деп айтып отыратын ата-аналарымыз, әке-шешелеріміз, ұстаздарымыз көп болсын. Бұрындары оғаш қылық жасап қойған ұл-қыздарына үйдегілер «ой, көргенсіз, ой, тәртіпсіз, жүгенсіз» деп ұрсып отыратын. Осылай ұрсудың өзі тәрбие еді. Түрпідей сөзді естіген бала жинақталып, сабасына түсіп жататын. Қазір таяқ жеу заңсыздық болғанымен, сол таяқтың арқасында жақсы адам болдық қой деп отырған ағаларымыз да аз емес. Айналып келгенде қазақтың ұлттық тәрбиесіне ештеңе жетпейді. «Өсиетін бабаңның орындай сал» деген Мұқағали ақынның айтқанын орындасақ та ештеңеміз кетпейді.