Қызым саған айтам, келінім сен тыңда...
Қазақ қызы – әдемі, әдепті, көргенді, сыпайы, ибалы, іске шебер, қиыншылыққа төзімді, үлкенді сыйлай білетін, олардың алдын кесіп өтпейтін, әдепсіз сөз айтпайтын, өскен ортасы мен ата-анасының артынан жаман сөз ергізбейтін текті жан.
«Қыз өссе елдің көркі, гүл өссе жердің көркі» деп отыратынымыз содан болса керек. Уәлі лебізге ұйып, уытты сөзден ығып, ұтымды ой-пікірге тоқтап үйренген халқымыз қашан да тапқырлыққа, ақылдылыққа, ұстамдылыққа тағзым еткен. Аналар, қыз-келіншектер, әйелдер мен келіндер барлығы шешендеріміз бен данышпандарымыз ел бірлігі үшін айтып кеткен өнегелі сөздерін бүгінгі ұрпаққа саналы жеткізіп, өздері де даналық ұстанымда болғандары жөн. Бұны таусылғандай неге айтып отырмыз? Соңғы кезде елімізге батыстан енген гендерлік саясат пен отбасылық зорлық-зомбылық заңдары әйелдерге өтімді болып кетті ме, ыдыс-аяқ сынса, үй ішінде еді... Алайда, ұялмайтын, ауыздарына келгенді айтатын, ақсақалсың ба, әкімсің ба, басшысың ба, бет-жүзіңе қарамайтын «сен тоқтай тұр, мен айтайын деп бетбақтырмайтын» келіндер саны көбейіп бара жатқандай.
«Қыз өссе елдің көркі, гүл өссе жердің көркі» деп отыратынымыз содан болса керек. Уәлі лебізге ұйып, уытты сөзден ығып, ұтымды ой-пікірге тоқтап үйренген халқымыз қашан да тапқырлыққа, ақылдылыққа, ұстамдылыққа тағзым еткен. Аналар, қыз-келіншектер, әйелдер мен келіндер барлығы шешендеріміз бен данышпандарымыз ел бірлігі үшін айтып кеткен өнегелі сөздерін бүгінгі ұрпаққа саналы жеткізіп, өздері де даналық ұстанымда болғандары жөн. Бұны таусылғандай неге айтып отырмыз? Соңғы кезде елімізге батыстан енген гендерлік саясат пен отбасылық зорлық-зомбылық заңдары әйелдерге өтімді болып кетті ме, ыдыс-аяқ сынса, үй ішінде еді... Алайда, ұялмайтын, ауыздарына келгенді айтатын, ақсақалсың ба, әкімсің ба, басшысың ба, бет-жүзіңе қарамайтын «сен тоқтай тұр, мен айтайын деп бетбақтырмайтын» келіндер саны көбейіп бара жатқандай.
Жуырда аудан әкімі мен кент әкімі аудан тұрғындары алдында есеп берді. Түсінген адамға келелі жұмыстар атқарылған. Атқарылатын жұмыстар да жетерлік екені айтылды. Аты-жөндерін түстемей-ақ қоялық, сол жерде екі-үш қыз-келіншек келіндер әбестік жасап, көргенсіздік танытты. Олардың сұрақ қойғандарына қарсы емеспіз.
«Жиналыс деген қиналыс» демекші, жөнді сұрақтар қойылып жатса, оған басшылар тұщымды жауап беріп тұрса, халық та риза болып отырмай ма? Сұрақ қоя білу де – мәдениеттілік. Көпшілік алдында көкбеттілік таныту – қазақ қыздарына сын. Келіндерге одан сайын ұят нәрсе. Әсіресе, «мен ешкімнен қорықпаймын» деп дөрекі сөйлеу – біздің қазақ қыздары мен келіндеріне жараспайды. Жиналыстан шыққан соң маған екі-үш ардагер телефон шалып, «жиыннан жүрегіміз ауырып қайттық» деді. Неге десем, «біздің ауданның келіндеріне не болған?» – дейді. «Қайдам» дедім де Ұлы Абай атамыздың қара сөзіне жүгіндім.
Данышпан Абай қырық үшінші сөзінде:
«Кімде-кім сырттан естіп білу, көріп білу секілді нәрселерді көбейтіп алса, ол – көп жиғаны бар адам: сынап, орындысын, орынсызын – бәрін де бағанағы жиған нәрселерінен есеп қылып, қарап табады. Бұлай етіп бұл харекетке түсінген адамды ақылды дейміз. «Құдай тағала өзі ақыл бермеген соң қайтейік?» демек, «Құдай тағала сені менен мені бірдей жаратып па?» демек – Құдай тағалаға жала жауып, өзін құтқармақ болғандығы. Бұл – ойсыз, өнерсіз надан адамның ісі. Оған Құдай тағала көрме, есітпе, көрген, естіген нәрсеңді ескерме, есіңе сақтама деп пе? Ойын-күлкімен, ішпек-жемек, ұйықтамақпен, мақтанмен әуре бол да, ішіңдегі қазынаңды жоғалтып, хайуан бол деген жоқ. Кейбіреулер айтады: «Ақыл жибили болмаса да, талап – жибили. Талап берген адам ақылды тапты, талабы жоқ кісі таба алмады», – дейді.
Тоқетері адам бір нәрсені ақылға салып, адамшылықтан шықпау керек екенін қазақ ұрпақтарының есіне салады. Ата-бабаларымыз «Қызға қырық үйден тыйым» деген. Қыздарымызға айта отырып, жүгенсіз келіндеріміздің (бәрі емес) құлақтарына алтын сырға дейміз. Халқымыз қашан да қанатты сөзді – қазынам деп, өнегені – өрісім деп таныған. Әр елдің қастерлеген қасиеті – оның мөрі, шығатын төрі екенін ұға білгенде ғана, соған жүгіне білгенде ғана ұрпақты ұлағатқа баули аламыз. Біз дәрежеге емес – дәстүрге бағынған елміз. Мәртебесін – төрі деп білген, ізеттігін – келінінен таныған, татулығын абысынынан тапқан, ақыл-парасатымызды ата-анамыздан алған жандармыз. Қыздарымыз қылықты, ұлдарымыз ұлықты, келіндеріңіз келісті болсын деп отырған қазақпыз. Мына қырық тыйымды сақтап жүр едім. Соны ұмытып қалсаңыздар естеріңізге түсірейін.
1. Жарыса сөйлеуге 2. Жалғыз қыдыруға 3. Жыртақтап күліп, сыпсыңдап сөйлеуге 4. Орынсыз ұрынуға 5. Басқаларға қол тигізуге 6. Өтірік, өсекке 7. Суық жүріс, сумаң қылыққа 8. Кісіге қарай керіліп есінеуге 9. Талтайып отыруға 10.Шалқайып жатуға 11.Тамақты обырлана асауға 12.Ұрлық-қарлыққа 13.Ұятты мүшелерін ашып жүруге 14.Бұраңдап қылымсуға 15.Қызыл іңірде жатуға 16.Түске дейін ұйықтауға 17. Кісі алдында киім ауыстыруға 18.Салт-дәстүрден аттауға 19.Елді, басшыларды ғайбаттауға 20.Үлкендердің жолын кесіп, атын атауға 21. Ішімдік ішіп, шылым шегуге 22.Ұрыс-керіске 23.Беттен алып, бет жыртысуға 24.Қараулыққа, ысырапқа 25.Рахымсыздық пен қатыгездікке 26.Түнде суға жалғыз баруға 27.Өзге жыныстылармен араласып жатуға 28.Күйеуге қашып тиюге 29.Әдепсіз сөзге 30.Тарс-тұрс етуге 31.Адам мен жануарларды тебуге 32.Кісіні қорлап жәбірлеуге 33.Тәкаппарлық пен сайқымазақ жасауға 34.Айғай сүреңге 35.Шектен тыс сыланып жасануға 36.Қызғаншақтық пен күншілдікке 37.Менмендік пен өзімшілдікке 38.Алдап-арбауға 39.Көрсеқызарлыққа 40.Нәпсіқұмарлыққа тыйым.
Осындай тыйымдармен қатар қазақ қыздары туралы даналық сөздер де айтылған: «Ақылды қыз білімге жүгірер, ақылсыз қыз сөзге ілігер», «Жақсы қыз – жағадағы құндыз», «Қыздың қабағы күлімдесе – құт келеді», «Қызды асырап білмеген күң етер, жібекті түте алмаған жүн етер», «Қызым саған айтам, келінім сен тыңда» дегендей. Иә, ұятты тәрбиеден аттамайық. Төле би бабамыз «Өмірдің ең тәттісі сыйластық» деген екен. Сондай-ақ ардагер-ақсақалдарымызды, ел басшыларын құрметтей, сыйлай білейік. Жаужүрек батырымыз Бауыржан Момышұлы «Тәртіпсіз ел болмайды, тәртіпке бас иген құл болмайды» деді емес пе? Бізге де сондай тәртіп керек.
Өркен ИСМАИЛ,
ҚР Журналистер одағының мүшесі,
Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы,
Шиелі ауданының «Құрметті азаматы»
ҚР Журналистер одағының мүшесі,
Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы,
Шиелі ауданының «Құрметті азаматы»