Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Халықтың қарғысын алма, алғысын ал

Халықтың қарғысын алма, алғысын ал

Қазақтың қыз-келіншектері ежелден ибалы, инабатты, әдепті де сүйкімді болмысын сақтаған. Ұлттық әдеп-ғұрпын, салт-дәстүрін қатаң ұстанған. Соның арқасында отау иесі болып, аруана атанған ақылды келіндер ерлерін төрге сүйреген. Жалпы қыз баланың тәрбиесіне, оның жүріс-тұрысына, қимыл-әрекетіне, сөйлер сөзіне дейін мән беріп отырған. Оны бір-ақ сөзбен «Қызға қырық үйден тыю» деген.
Сонымен қатар «Гүл өссе – жердің көркі, қыз өссе – елдің көркі» деп, оларды ерекше дәріптеген. Ұлды да ұмытпаған. «Ұлың өссе, дәулетіңнің қадірін білесің, қызың өссе, абыройыңның қадірін білесің» деп, қыздың ата-анасына жамандықтан гөрі, жақсылық алып келгенін қалаған. Қызыңыз барған жерде абыройсыз болса, әке-шеше үшін қасірет саналған. Осындайда «Апасының киген тонын, сіңлісі де киер» деп ескерту айтқан. Әжелеріміз дастархан басында «Сұлу сұлу емес, сүйген сұлу», «Қызы бардың – назы бар», «Қызың теңін тапса, тегін бер», «Асылыңды сүйгеніңе қи, бұйырғанға күйеуге ти» деп отырушы еді. Қазір ше? Біреудің байлығын, айлығын, ішіп-жемін әңгіме етіп жатамыз. Өмірде қыздың қонақ екенін, «Қызды ауылдың иті жатпастығын», «Арсыз болса – қыз қорлық, ақылсыз болса – ұл қорлық» екенін немесе «Астың дәмін келтірген тұздан, ел мен елді қосқан қыздан» айналып отырсақ болмай ма?
Біздің эпос жырларымыз бен фольклорыңызда қыздарға тыйым көп айтылады. Неге? Не үшін?
Әйел жерден шыққан жоқ,
Ол – еркектің баласы.
Еркек көктен түскен жоқ,
Әйел – оның анасы.
Иә, қыз-келіншектер болашақ аналар. Ардақты, асыл абзал ана. «Атадан – өсиет, анадан – қасиет» десек, тәрбие балаға – ұл-қызға ана сүтінен кіреді. Қазекең «Шешесіне қарап қызын ал, аяғына қарап асын іш» деп бекер айтпаса керек. Әйтпесе, «Әке тұрып, ұлы сөйлегеннен без, шеше тұрып, қызы сөйлегеннен без» деп неге айтқан? Мінекей, қыздарға тыйым салу арқылы, оларды жаман әдеттен бойларын аулақ салуын, барынша жақсылыққа ұмтылуын қалаған. «Үлкенге сәлем бер, жолын кесіп өтпе, жалғыз қыдырма» дейді қыздарға. Үлкендердің алдында жарыса сөйлеуге тыйым салады. «Талтайып ­отырма, шалқайып жатпа», «Орынсыз іске араласпа», «Өтірік, өсек айтпа және оны айтушыларды тыңдама», «Өзгелерге тіл мен қол тигізбе», «Көп алдында ұятқа қалмауды, ағайынға жек көрінішті ­болмау­ды әрқашан ойлап жүр» деп ескертеді. Қыздарға ер адамды қорлауға, мазақ етуге, жала жабуға, балағат сөз айтуға тыйым салады. Сондай-ақ қыз-келіншектер бойынан біреуге қызғаншақтыққа, күншілдікке, менмендік пен өзімшілдікке, тойымсыздыққа, бопсалаумен жемқорлық ниеттеріне тыйым сала отырып, жаман қылыққа бару – арсыздық, заңсыздық екендігін көзімізге шұқып тұрып көрсетеді.
Біреудің «Бетінен алып, төсіне шаппа», «Ұрыс-керіске, ішімдікке, шылым шегуге әуес болма», «Әлдекімнің қызметіне, байлығына, дүние мүлкіне, ақшасына сұқтанба», «Аш болсаң да, тоқ болсаң да Құдайыңды ұмытпа» деп, тыйым сөз арқылы басу айтып, көңіліңді көншітеді. Кейде «Әйел десем ішінде аяулы әжем де кетеді-ау» деп өкініш білдіреміз. Қыздарымызға, келіндерімізге алаңдаймыз. Өзі қандай әйел жақсы? Әркімге әрқалай ма? Меніңше, көпшілікке, жұрттың сыртынан ғайбат сөйлемейтін, өсек-өтірік айтпайтын, «бір елі аузына екі елі қақпақ»қойып жүретін әйел жақсы. Сондай-ақ «Тұз-дәмге түкірме, туысқанға қастық жасама, халықтың қарғысын алма, ғаріп адамды келеке етпе, пейіл-құлқы бұзылған адамға жолама» деп балаларына дұрыс жол көрсетіп отыратын әйел жақсы дейміз. Оған еңсесін асқақ, иінін тік ұстап, иіліп сәлем салып тұратын, таңертең төсегінен жадырап оянған, барға мастанбаған, жоққа жасымаған, еркегін ымынан түсінетін, айтқанын тыңдайтын, көршімен, ауылымен, тіпті ауданымен тату тұратын, түсінігі мол, жақсы әйелдерді қоссақ ше? Өте жарасымды емес пе? Қазақ атам «Келіні жақсы үйдің – керегесі алтын» деген. Олар алғашқы әңгімесін де «Қызым, саған айтам, келінім, сен тыңда» деп бастаған. «Заман бұзыларда әуелі әйел бұзылады» деген де сол ата-бабаларымыз, ақсақалдар мен қариялар.
Несін жасырамыз, соңғы жылдары «Шиеліден шу шықты, екі құлағы тік шықты» деген қауісетті ести бастадық. Шиелі өңірі қасиетті киелі мекен. Шиелі топырағында, «Оқшы Ата» мазаратында жеті әулие тыныстап жатыр. Бұл жерде Оқшы-Ата, Асан-Ата, Есабыз-Ата, Ғайып-Ата, Қыш-Ата, Кітап-Ата, Қабыл-Ата әулиелермен қатар Бала би мен Досбол датқалардың кесенелері орналасқан. Шиелі өңірі сондай-ақ, бес ғасыр адамдарымен де мақтана алады. Мұстафа Шоқай, Ыбырай Жақаев, Нартай Бекежанов, Әбділда Тәжібаев, Шахмардан Есеновтер көктегі жұлдыздай жарқырайды. Шиелі ауданының даңқын шығарған әйел-аналарымыз Ұлбала Алтайбаева, Заһира Ержанова, Айша Меңлібаева, Шырынкүл Қазанбаева, Жадыра Таспамбетоваларды, сонымен қатар Ыбырай Жақаев бастаған 39 Социалистік Еңбек Ерлерін қайда қоямыз? Ы.Жақаев екі мәрте Еңбек Ері атанып, ерлер саны 41-ге жеткен еді. Сондай-ақ ақын-жазушыларымыз Қалмақан Әбдіқадыров, Тілеген Шопашев, Оразбек Сәрсенбаев, Серік Байхонов, Дүйсенбі Смайылов, Ақайдар Ысымов, Сәрсенбек Бекмұратұлы, Қатира Жәленова, Қаршыға Есімсейітова т.б. туған жерін жырлап, бар жақсы сөздерін Шиеліге арнап отырды. Ауданның өсіп-өркендеуіне, гүлденіп, экономикасы мен мәдениетінің дамуына тілектес болды. Шиелі ауданын басқарған бірінші хатшылар мен әкімдер де ауданның жақсысын асырып, жаманын жасырып жіберетін. Шиелі халқына, оның еңбекқор еңбекшілеріне, мемлекеттік қызметте отырған жалынды жастарына, ауданды басқарып отырған білікті басшыларына, қазыналы қарттарына, ардақты ардагерлеріне нақақтан-нақақ тіл тигізуге болмайды. Демократия дегеніміз біреудің арына, намысына тиіп, аузына келген сөзін айта беру емес. Әділдік, заң алдындағы жауапкершілік. Біреуге қиянат жасау – адамгершілікке жатпайды. Мен аталық, үлкендік ақылымды барынша жеткізгендей болдым. Біздің ауданның қыз-келіншектері сымбатты, ақылды, сұлу, ару да әдемі деп санаймын. Олар Шиелінің атын енді тек жақсы тұстарынан көрсететін болады. «Жақсы сөз – жарым ырыс» демекші, жақсы сөз айтуға тырысайық. «Жаңылмайтын жақ жоқ, сүрінбейтін тұяқ жоқ». Ендеше, жаман әдеттен арылатын уақыт болды. Ауданға елдің төл перзенті басшы болып келіп жатыр. Оның толыққанды жұмыс істеуіне қолдау білдіру – барша шиеліліктердің міндеті.
Ауданның даңқы да, абыройы да, намысы да, жетістігі мен кемшілігі де бәрімізге ортақ. Сондықтан «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» деп, туған жеріміздің дамуы, өркендеуі мен гүлденуіне бір кісідей жұмылайық!

Өркен Исмаил,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, аудандық ­ардагерлер Кеңесінің төрағасы
26 шілде 2022 ж. 374 0