Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Бұрым – сұлулықтың сәні

Бұрым – сұлулықтың сәні


Қазақ халқы «Қыз өссе елдің көркі» деп қыз балаға ерекше құрметпен қараған. Сол себепті қызды жастайынан сыпайылыққа, нәзіктікке, инабатты да ибалы болуға, бетке алып, төске шаппайтын жайсаң, жібектей, жұмсақ мінез қалыптастыруға негіздеген. Бойын жамандық атаулыдан аулақ ұстап, көзінің қарашығындай сақтаған. Тіпті қыздың психологиясына терең мән берген. Қазақта нәзікжандыға байланысты көптеген теңеу, бейнелі сөздер бар. Мысалы, «Қыздың жиған жүгіндей», «Қызы бар үйдің қызығы бар», «Қыздың тіккен кестесіндей», «Қыз – елдің көркі, гүл – жердің көркі», Жақсы қыз – жағадағы құндыз» т.б. Мұның бәрі сұлулықтың көркем үлгісі атанған аруларға деген халқымыздың ықылас-ниетінен туған.Қазақта небір қолаң шашты арулар өткені тарихтан белгілі. Ұлттық тәрбиенің тереңінен сыр шертетін қос бұрымның қай кезде пайда болғаны туралы нақты дерек жоқ. Десек те, өткенге көз жүгіртсек, қола дәуірінің ескерткіштеріне жүргізілген зерттеуге сүйеніп, әрі табылған алқа, моншақ, шашбау, шолпы сияқты түрлі бұйымдарға қарап сол дәуірде пайда болған деп тұжырымдаймыз. Сонымен қатар бұрым ардың белгісі саналған. Тәуке ханның «Жеті жарғы» заңнамасының үшінші тағаны «Кек пен жаза» деп аталады. Соның ішінде бұрым кесу өлім жазасынан кейінгі ауыр жаза болып есептелген. Яғни ардан аттаған немесе күйеуінің көзіне шөп салған әйелді осылайша жазалаған.
Шаш көпшілік біле бермейтін тылсым қасиеттерге ие. Психологтар адам үлкен қиындыққа тап болса, ұзақ уақыт күйзелісті бастан өткізсе шашты қиюға немесе алдыртып тастауға кеңес береді. Шаш өте сезімтал, жақсылықты да, жамандықты да тез қабылдап алады. Бұрынырақта бақсы-балгерлер екі адамды жауластырып, шағылыстыру үшін де шашқа дұға оқитын болған. Сондықтан әжелердің шашты кез келген жерде тарама, қара жерге тастама, баспа, қима деп шарқ ұратыны. Одан бөлек ғалымдар әйелдердің шашы «инь» қуатына бағынатынын айтады. Ол дегеніміз қыз-келіншектің бойына мейірімділік, жұмсақтық, байыптылық, кешірімділік сияқты қасиеттерді дарытады. Ата-әжелеріміз қыз-келіншекке жалаңбас жүрмеңдер деуі тегін емес. Осы тұрғыда Алғабас ауылының тұрғыны, ақ жаулықты апа Шамшат Әбдіраманқызының пікірін білген едік:
– Қазіргі өскелең ұрпақ шашын орынсыз жайып, одан қалды қоқысқа тастап жатады. Мен бұл әрекетке түбегейлі қарсымын. Шаштың киесі жаман болады. Ата-бабаларымыз бекерден-бекер шаш туралы ырым-тыйымдар айтпаған. Қыз бұрымын кессе, сонымен бірге биязылық, жағымды іс-әрекеттері де бірге кесіледі, яғни ұмыт болады. Ал аяғы ауыр келіншекке іштегі баланың өмірі қысқарады деп шашын қидыруға мүлдем тыйым салған. Түсінген адамға ғибрат бар, – деді Ш.Ахметова.
Заманға сай қоғамда сүмбіл шашын желбірете жайып жүретін қыздар қатары қалың. Мұндай сәтте түскен шашты жинап жүру де мүмкін емес. Дегенмен әже мен ана тәрбиесін көріп, шаштың киесін түсінетін жасөспірім қыздар да бар. Солардың бірі – Бестам ауылы №205 қазақ орта мектебінің 11 сынып оқушысы Нәркес Смағұлова.
– Ата-әженің қолында тәрбиеленгендіктен күнделікті өмірде ненің дұрыс, ненің бұрыс екеніне жіті қанық болып өсіп келемін. Қазақы тәрбиеден ада емеспін. Әсіресе, әжем шаштың киесі туралы түсіндіріп, шашты жайып жүруге және аяқасты тастауға болмайтынын үнемі айтып отырады. Өзім шашыма аса күтіммен қарап, өсіріп жатырмын. Көбінесе қос өрімге өріп жүремін. Алдағы уақытта шашбау тағу ойымда бар. Мен әжемнен естіген тағылымды әңгімелерімді құрбыларыма айтып беремін. Үлкендердің әрбір айтқан сөздері біздің өмірімізге үлкен сабақ болары сөзсіз. Сондықтан оның еш әбестігі жоқ, – дейді бұрымды ару.
Жоғарыда шаш туралы көптеген ақпаратпен бөлістік. «Батырларды матап байлап тастауға, Жетіп жатыр қара шаштың бір талы», – деп Қадыр Мырза Әлі жырлағанындай шаштың қаншалықты құнды әрі қасиетті екенін аңғаруға болады. Сондықтан жасөспірім қыздар осыны ескерсе дейміз.
20 шілде 2019 ж. 2 056 0