Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Сыңғыр-сыңғыр Шашбаулым

Сыңғыр-сыңғыр Шашбаулым



Сұлулықтың сырын ғана емес, қыз баласының нәзік жаратылысын аша түсетін бұрымы қашанда ел назарына іліккен. Жібектей шашының әр талын айрықша күтімге алып, өсіру үшін түрлі майларды, шөп тұнбаларын пайдаланған бойжеткеннің шашын өруге әпкесі, анасы, әжесі көмектескен. «Үкілі кәмшәт, бүрмелі көйлек,
Тұрғандай өзі қимылсыз билеп.
Иықтан шашың төгіліп жерге,
Күмісті шашбау жарасып белге» деген халық әнінен әр нәрсеге жіті мән беретін қазақ арулары әуел бастан ұлттық әшекейлерге құмар болғанын көруге болады. Олардың ішінде шашбау шаштың сәнін келтіретіндіктен жиын-тойдан бөлек, күнделікті тіршілікте жиі қолданыста болған. Тіпті жеңгелер қайынсіңілілеріне «Шашбаулым» деп ат қойған.
Шашбау – әйел адамның ажарын аша түсетін бұйым. Жасалу жолы мен әшекейлеу әдістеріне байланысты шашақты, теңге, үзбелі, сөлкебай, шашбаутас, шаштүлек, үкі аяқты деген түрлері бар. Қазақ зергерлері көбіне күмістен соғып, ұшына теңгеден шұбыртпа тағып, түрлі-түсті масаты мен жібек шашақтарымен әсемдеген. Қазақ арасында шашбау – шаш арасындағы жын-шайтанды қашырады, шашбау таққан қыздардың басы ауырмайды, шашы ұзын әрі берік бол­ып өседі деген ырым-тыйымдар бар. Яғни, көздің жауын алатынымен қоса, денсаулыққа да орасан пай­дасы бар шашбаудың заманауи технол­огия қарыштап дамып тұрған XXI ғасырда жаңаша, жеңіл түрлері жасалуда.
Бұрымның түбіне ілініп немесе шашпен бірге өріліп, сән беріп тұратын шашбауды тағатын қылықтыларымыз саусақпен санар­лықтай. Соның бірі – Бестам ауылының тұрғыны Маржан Қозыбай.
– Әлі есімде. Мектеп оқып жүрген кезде «Қыз Жібек» киносын теледидардан көріп, ерекше таңдандым. Осыншалықты қазақ қызы сұлу болар ма? Маған шашбау әперіңіздер, мен де «Қыз Жібек» боламын деп анамды біраз әбігерге салғанмын. (күліп) Дегенмен шашбау тағу студенттік шаққа бұйырыпты. Алғаш рет Нау­рыз мерекесіне тақтым. Өзім спорт саласында жүргендіктен, күндел­ікті өмірде тағуға мүмкіндік бола бермейді. Бірақ мерекелерде, жиын-тойларда тастамауға тырысамын. Шашбау менің сұлулығымды аша түсетіндей. Өзімнен кейінгі сіңілілеріме үнемі насихаттап жүремін, – дейді кейіпкеріміз.
Қазіргі кезде өрескел қылықтар жасап, орынсыз әшекей тағып жүретін қыздарымыз шашбау тақса, қазақы болмысымызға сай болмай ма?

Фариза НЫШАНБЕКҚЫЗЫ.
01 маусым 2019 ж. 2 838 0