Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Аруға жарасады шолпы, шашбау

Аруға жарасады шолпы, шашбау


Қазақ халқының әрбір ырымына, тыйымына, салт-дәстүріне байыптап қарасаңыз, кішкентай ғана дүниенің арғы жағында үлкен мағына жатқанын байқауға болады. Қазақтың ұл-қызды тәрбиелеудегі даналығы мен мәдениетіне осы бір айғақтар дәлел болып тұр. Кезінде нәзік жандының барлығы дерлік қолаң шашқа сән беріп, оюланған шашбау, күмістелген шолпы таққан.
«Қызға қырық үйден тыйым» деп, қыз баланың тәрбиесіне үлкен жауапкершілікпен қараған ата-бабамыз қызына таққан әшекейінің де мән-маңызына ерекше көңіл бөлген. Қазіргі таңда көңіл қуантарлық бір жайт, қазақтың ұлттық әшекей, сәндік бұйымдары қыз-келіншектердің арасында қайта сәнге айналып, тіпті, үлкен сұранысқа ие болып отыр. Дегенмен, үйде де, тәрбие ошақтарында да әшекей бұйымды тағып қана қоймай, оны ретімен, мән-мағынасын түсіндіру жағы көбірек үйретілгені дұрыс. Әсіресе, өскелең аруларымыздың құлағына сіңдіріп, ұлттық тәрбие ретінде қарасақ, мәдениетімізді одан әрі дамытқанымыз болар еді.
Қыз-келіншектер арасында шашбауды күнделікті тағатын әшекей бұйымына айналдырған арулар жоқ емес. Соның бірі, аудан тұрғыны Айтолқын Нұрділдәқызы. Шашбауды күнделікті өмірінде қолданып, жұмысқа тағып баратын, кейіпкеріміз: «Шашбауды студент кезімнен тағып жүремін. Алғашында анда-санда тағып жүрдім, уақыт келе сырға, жүзік секілді әшекейімнің бір бөлшегіне айналды. Қазір де ұлттық әшекей бұйымдар сатылатын жерге бара қалсам, бірінші шашбау қарауға тырысамын. Өзіме қатты ұнайды. Ал көрген адамдар таңданыстарын жасырып қала алмайды. Таңғалып бір-біріне күмбірлеп айтып жатқан кезде, өте ыңғайсыз күйге түсемін. Үлкендердің көзіне түсіп қалсаң, ризашылықтарын білдіріп, бата беретін кісілер де кездесіп жатады», – дейді.
Шашбау – өрілген бұрымның ұшын бекітетін сәндік бұйым. Ол күміс тиын, маржан қадалған бауы бар күйінде кездеседі. Шашбауды күмістен қақтап жасайды, оған түрлі-түсті асыл тастарды орнатады. Моншақ тізілген ұзын күміс шынжырлы бауы бар түрлері жиі тараған. Ол жасалған материалына байланысты алтын шашбау, күміс шашбау, тілла шашбау деп аталады. Бұрындары қазақтар «шашбау шаш арасындағы жын-шайтанды қашырады» – деп иланған.
Ал, шолпы болса, күміс немесе алтын тиындар қадалған шашбау. Қазақтардың ежелгі наным-сенімі бойынша, бұрымдағы шолпы сыңғыры бойжеткенді қара ниетті күштерден қорғауға көмектеседі. Шолпыны қыздар мен жас келіншектер тағады. Оның түрлері үзбелі шолпы, көзді шолпы, қозалы шолпы, шынжырлы шолпы, қос үзбелі шолпы, маржанды шолпы, меруертті шолпы, ақықты шолпы, тағы сол сияқты. Олардың салмағы 3 келіге дейін жеткен. Жас қыздар үшін кішкене күміс қоңыраушаларды үзбелеп те шолпы жасайды. Оның сыңғырлаған үні әдемі жарасып тұрады. Шолпы бойжеткеннің бойында ойлылық, зерделілік, биязылық тәрізді қасиеттерді қалыптастырады. Кеудесіне өңіржиек, шашына шолпы таққан қыздың мойны құрықтай болып өскен, бойын тік ұстаған, дене бітіміне көңіл бөлген. Анасы қашанда қызына: «Қатты жүгірме, оқыс қозғалма, шолпың қатты сыңғырласа сені әдепсіз қыз дейді» – деп тәрбиелеген.
Сондай-ақ, бүгінгі жастар әрбір заттың неден және қалай жасалатынына айырықша қызығушылық танытып, сұрап-білгісі келіп тұрады. Міне, бұл – ұлттық өнерге деген құрмет. Елбасының бастамасымен қолға алынған «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында біздің бауырларымызда ұлттық өнердің құдіреті мен киесін терең түсініп келе жатқаны көңілді қуантады.

Жұлдызай Ноғайбайқызы.
30 желтоқсан 2018 ж. 11 429 0