Шиеліде отбасындағы түсініспеушіліктің алдын алуға арналған семинар-тренинг өтті
Әйел – отбасының ұйытқысы. Ол – қай кезеңде болмасын бейбітшілік пен тыныштықтың шырақшысы. Үй болған соң ыдыс-аяқ сылдырламай тұрмайды. Бірақ ұрыстың соңын ушықтырмай, дер кезінде бір-біріне түсіністік танытып жатса, кейін өкініш тудырмайтыны рас. Осыны біле тұра отбасылық жанжал кезінде ауыр сөз айтып, артық кетіп жататын жағдайлар да болады. Әсіресе ене мен келіннің арасындағы дау – қазіргі қоғамда өзекті мәселелердің біріне айналып отыр.
Айналамызда енесін анасындай көріп, келінін қызындай қабылдап, айрандай ұйып отырған отбасылар аз емес. Алайда екі жақтан сұрай қалсаң «енем жаман», «келінім нашар боп шықты» деп бір-бірін кінәлауға дайын тұратын отбасылар да бар. Өз үйінде еркелеп, ата-анасына арқа сүйеп өскен қыз балаға жат жерге келін болып, бейтаныс жандардың ортасына сіңісіп, олардың көңілінен шығу – оңай шаруа емес. Кейбір жас келіндер алғаш келген кезде тіпті ұялып, қысылып тамақ та жемей қоятын кездері болады. Соның барлығын бақылап, біліп отырған енелер түсіністікпен қарап, білмегенін үйретіп, өзін сол үйдің адамындай сезініп кеткенше шыдамдылық танытып, көмек қолын созар болса, қай қыз болмасын «жақсы» келін атанар еді.
Ене мен келін арасындағы шиеленісті шешу жолдары сенбі күні аудандық мәдениет үйінде өткен семинар-тренингте талқыланды. Аудандық қоғамдық даму бөлімінің тапсырысы аясында және «Қызылорда облысының жастар Одақтары» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен өткен шараның тақырыбы «Отбасылық қарым-қатынастағы шиеленіс және оны шешу жолдары» деп аталды.
Семинар-тренингті білікті психолог Назира Аймаханова жүргізді. Отызға жуық қыз-келіншектің қатысуымен өткен тренингте түрлі ситуациялық тапсырмалар орындалып, өкпе-реніштен арылу, өмірден өз орнын табу техникалары түсіндірілді.
«Ене мен келіннің арасындағы, жалпы отбасындағы түсініспеушіліктің дені ортақ мәміленің жоқтығынан туындап жатады. Өкінішке қарай қазір біздер рухани құндылықтан гөрі материалдық қажеттілікті жоғары қоятын заманда өмір сүріп жатырмыз. Егер үйдегі ененің не келіннің ойын ашық айтуға мүкіндік беріп, тыңдай алсақ, жиі сөйлесіп, мәміледе бола алсақ жанжалдың алдын алуға болады», – деді психолог Н.Кенжебекқызы.
Көкейіндегі көптеген сауалға жауап таба алған семинар-тренингке қатысушылар психолог маманға ризашылығын білдіріп тарқасты. Айта кетейік, қыз-келіншектердің отбасылық қарым-қатынаста сауатын арттырып, қоғамда өз орнын табуға жәрдем беретін мұндай жиындар жоспарға сәйкес жыл соңына дейін жалғасатын болады.
Халқымыз «Қыз өссе – елдің көркі», «Елді қорғайтын ерлер – ерлерді тәрбиелейтін әйелдер», тағы бірде: «Ана бір қолымен бесікті, екінші қолымен әлемді тербетеді» дейді. Демек, әйел бақытының, әйел тәрбиесінің, салиқалы әйелдің саналы ғұмырының – ұлт болашағына, тіпті әлем болашағының баянды болуына тигізер үлесі орасан зор. Ене келіннің кемшілігін түзесе ол ененің көрегендігі. Келін де соған сай келіндік міндетін атқара білсе құба-құп. Иә, «Қызым келіннен, ұлым елінен тәрбие алады» дегендей, тұтас ұлт ұрпағының жауапкершілігін ойласақ, берекелі шаңырақтың ұйытқысы болу – міндет.