Ене мен Келін
Өткеннен ғибрат алып бүгінгі ене мен келіннің арасындағы қарым-қатынас жайлы сөз қозғау арқылы келешекке кемел ұрпақ қалдыру баршамыздың міндетіміз. Ұлт болып ұйысуымызға, көшіміздің түзелуіне ұрпақ тәрбиесінің тигізер маңызы зор. Бұл орайда отбасының тұрақтылығы, бір-біріне деген құрмет пен бірлікті сақтауда ене мен келіннің бір-біріне деген қатынасының дұрыс болуы да маңызды. Егер отбасындағы ене мен келіннің бір-бірімен керісі шешімін таппаса, берекесіздік жастардың психологиясына, тәрбиесіне кері әсерін тигізері хақ. «Үлкен үлкендігін жасағанда, кіші кішілігін жасау керек» деген сөзді санаға сіңіре отырса, оның пайдасынан ешкім ұтылмайды. Ш.Құдайбердіұлының «Біреудің мінін көргенше, жамандығын тергенше, өз ойыңды мазалап, өз бойыңды тазалап, өзіңмен алыс өлгенше» деген әдемі қағидасын ескерген орынды болар еді. Әрине, айрандай ұйып отырған мерейлі отбасылар баршылық, алайда, арамызда кикілжіңді дұрыс шешудің орнына шиеленістіре түсетін, Алланы ұмытып, міндетсінетін енелер мен енесіне мұрнын тыржитып, ұнатпай іліп-шалып сөйлейтін келіндерді де көріп жүрміз. Соншама жек көретіндей енесінен не қасірет тартып үлгерді екен деген ойға қаласыз.
Ене мен келіннің қақтығысуы бірін-бірі түсінбеуден, мінез-құлықтарының сәйкес келмеуінен, таяз ойлылықтан туындайтын нәрсе. Бұл туралы айтылған не жазылған қатып қалған ереже жоқ. Бұрынғы қазақ қоғамында «Жер дауы, жесір дауы, ар дауы, құн дауы» деген болған. Бірақ ене мен келін арасындағы дау кездеспеген. Еш жерде бұлар туралы билердің билік айтқанын естіген де, оқыған да жоқпыз.
Бірақ біздің ата-бабамыз «Дәстүрдің діңгегі – дін» деп есептеген. Себебі, хадистерде ата-ана разылығын алу әсіресе, ананың разылығын алу жәннаттың есігін ашу деген. Жасыратыны жоқ соңғы кездері ата-баба жолынан алшақтап бара жатқан жайттар бой көтеруде. Бойжеткен қыз балаларды некелі өмірге дайындау, барған жерде кімге қалай құрмет көрсету, қалай жауап беру керек екенін құлағына сіңіру – әрбір ананың парызы. Бұл жай ғана отбасы – ошақ қасындағы тіршілік болғанымен, арадағы келіспеушілік ұлттық болмысымыздың бояуын өзгертетін, солғындататын мәселе екендігі белгілі. Шаңырақтың шытынамауы үшін ене мен келін де өз орындарын біліп бірін-бірі дұрыс түсінгені жөн.
Ене. Ене деген аты болмаса, ол ана. Ананың жүрегіндей мейірімді, шуақты, қандай да болмасын ауыр жүкті көтеретін қуатты жүрек жоқ. Ал бір түнгі ұйқысы мен бір тамшы сүтіне тең келетін күш бар ма?! Алыпты да, батырды да, ғалымды да дүниеге алып келген әзиз жандардың көңіліне қаяу, көздеріне кірбің ұялату – баланың үлкен қателігі, кешірілмейтін күнәсі. Ал келін кім? Ол да біреудің бес саусағының ұшындағы үкілеген үміті. Қыз баланы халқымыз о бастан-ақ құрмет тұтқан, аялаған, ата-ананың ыстық құшағында емін-еркін өмір сүрген, басқа жердің тыныс-тіршілігінен бейхабар нәзік жан.
Батыр Б.Момышұлының келіні З.Ахметова ене мен келіннің арасындағы келеңсіздіктерді қатты сынайды. Ененің де қызы бар, ол да бір елдің келіні. «Кісі есігі – тоң есік» деген сөз бір ортадан екінші ортаға бейімделіп кету деген ұзақ процесс. Осыны жан жақты ескеріп таразының басын тең ұстағанда ғана бейімділік жүзеге асады. Кейбір жерлер келінді отбасы мүшелерінен төмен ұстап үйдің бар шаруасын таң атқаннан ұйқыға жатқанға дейін атқаруды міндеттейді. Ал енді біреулер өз баласымен тең көріп, алақанына салып аялай отырып бейімдейді. Шаңырақта қанша жан болса, соның бәрі отбасының мүшесі. Сондықтан үйдің күнделікті тіршілігі ортақ екенін ұмытпаған жөн. Рас, кейде көп нәрсені, яғни кемшілікті келіннен іздейтін кездеріміз болады. Олардың кемшін тұстарын ағайынға, көршілерге жариялап отырамыз. Ене туралы жағымсыз сөздерді айтатын келіндер де кездеседі. Кемшіліксіз адам болмайтыны белгілі. Алайда, инені жіпке тізгендей қателікті бетке баса берсе не өзгереді? Одан да үлкеннің күнделікті ақыл-кеңесін тыңдап, олардың өздеріне деген риясыз көңілін сыйлап, көпті көрген көне көз қарияларды, ата-енені құрмет тұтып отырса, әр бойжеткен алтын келін атанары сөзсіз. Ене мен келін кемшілікті бір-бірінен іздегеннен көрі бірі кешегі келін бірі ертеңгі ене екенін түбінде болашақтың анасы екенін ұмытпай, ынтымақтаса кешіріммен қарай отырып, өздерін де соған бағыттап, ұрпақ тәрбиелей білсе, сонда ғана отбасының берекесі кіріп, шаңырағы шайқалмас еді.
Ел ішінде ене мен келін арасындағы сыйластықтың отын жаққандарды санапта үлгермейсің. Солардың бірі жасы сексеннен асқан ене Дүйсенкүлдің келіні Назираға деген ризашылығы, күміс алқалы Роза Елібаевамен оныншы немересін дүниеге әкелгелі отырған келіні, ең жас батыр ана Мархаббаттың татулығы әулет емес бүкіл ауылға үлгі. «Енеңді анаңдай көр, келінді қызыңдай көр» деген қасиетін жоймаған қанатты сөздерді ту етіп ұстасақ жүздері жарқын, күндері шуақты, болашағы қуатты отбасы болып шыға келер едік.
Айжамал Әбдіхамитқызы,
зейнеткер, Алғабас ауылы