Отбасылық жанжал ұлттық сипатқа ұласпауы керек

Толығырақ тарқатсақ, ел Президенті Қ.Тоқаев Қазақстан халқы ассамблеясы кеңесінің кеңейтілген отырысында «Статистика бойынша Түркістан облысында түрлі тұрмыстық жанжал аз емес. Шорнақ, Қарабұлақта болған оқиғалар туралы айттыңыз. Тұрмыстық деңгейде болса да, дәл осындай жағдайларға аса мән беру керек. Ең алдымен, мұндай оқиғалар ұлттық сипатқа ұласпауы қажет», – деді. Ол үшін ең әуелі «Аналар кеңесі» жұмысын жандандыру қажет. Яғни, тұрмыс жағдайы төмен, көмекке мұқтаж аналардың жай-күйінен хабардар болулары шарт.
«Шын мәнінде ана дегеніміз отбасының ұйықтысы. Ананың орны ерекше. Мұны бәріміз білеміз. Сондықтан, біз қоғамымызда анаға деген құрметті өте жоғары қоюымыз керек. Сонымен қатар, аналар да қоғам алдында өз жауапкершілігін терең сезінуі тиіс. Кейбір көпбалалы аналар заңсыз ереуілге шығып, айғай-шу көтеріп, қоғамдық тәртіпті бұзып жатыр. Масылдық – қоғамдық әрі саяси өзекті мәселе. Біз бейбіт жиын туралы жақсы заң шығардық, кім не айтса да, бұл демократия жолында өте маңызды қадам. Ешкім бейбіт жиынға кедергі болмайды. Бәрі жазылған, ресми рұқсат алудың да керегі жоқ. Тек ескерту арқылы жиын өткізу қажет. Кей тұрғынымыз заң бұзуға болады деп ойлайды. Мұндай әрекеттерге құқықтық баға берілетінін ескертемін», – деді Қ.Тоқаев. Отбасылық жанжал мен әйелдердің алаяқтарға жиі алданып қалу фактілерін сөз еткен Мемлекет басшысы бала мәселесін де шетін қалдырмады. Нақтырақ айтсақ, қазақстандық мектеп түлектері қоғамға еніп, бәсекеге қабілетті болуы үшін көп тілді білгені жөн. Оларды тек бір тілмен шектеуге болмайтынын айтқан Президент мемлекеттік тілді, ұлттық тілді, орыс тілін де білуі керек деген байлам жасады. Бұл баланың болашағы үшін және жаһандық бәсекеде мықты маман болып қалыптасуы үшін ауадай қажет.
Гүлнәр ӘБДІХАНИ